«БАСТАУ» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

134
0
Бөлісу:

Киноны идеология дейміз. Біреулер мұны жоққа шығарып, киномен қандай да бір тәрбие беруге қарсы шығады. Қалай дегенде де жақсы кино – жанның азығы, руханияттың демеушісі. Бізде де кино әлеміне қарыштап кіріп, қанатын жайсам дейтін жастар көп. Әлбетте, оларға қолдау ауадай қажет. Жетінші мәрте өткелі отырған «Бастау» халықаралық кинофестивалі осы миссияны орындауды өзіне мақсат еткен. 

«Бастау» бұған дейін алты рет өткізіл­ген. Өзіндік көрермен һәм тәжірибе жина­ған, бағдарламасы бір қалыпқа түскен жоба. Қатысуға ынтық жастар да көп. Биыл 35 елден 320 ұсыныс түссе, іріктеу комис­сиясы солардың арасынан конкурс­қа 47 фильмді сұрыптап алыпты. Қатысу­шы­лардың дені – Азия, Шығыс Азия һәм Еуропа елдері. Ұйымдастырушылары биыл фестивальдің географиясы кеңейе түскенін мақтанышпен айтады. Оның ауқымы берісі Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей болса, арысы Швейцария, Германия, Португалияға дейін созылып жатыр.
Қазылар алқасының құрамы да сайдың тасындай мықты мамандардан жасақтал­ған. Грузиялық кинорежиссер әрі жазушы, педагог Ираклий Квирикадзені алыңыз, қыр­ғыз кинорежиссері, продюсер Темір­бек Бірназаровты алыңыз, қазақстандық танымал режиссер, қоюшы суретші Сәбит Құрманбековты алыңыз, қайсы болмасын кино әлемінде өзінің қолтаңбасын қал­дыр­­ған, қатарынан оза шапқан жүй­рік­тер. Сонымен қатар ұйымдас­ты­ру­шы­лар фильмдерге төрелік жасау тұрғысынан орта буынға да мүмкіндік сыйлаған. Бұл ретте белгілі монтаж режиссері Сильван Кутандин мен ресейлік актриса және режиссер Эльвира Болговалар да қазылар құрамында еңбек етеді.
– Фестивальдің биыл өтуі – үлкен қуа­ныш. Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақ ұлт­тық өнер академиясын басқарып тұр­ған кезде фестивальдің тұсауы кесілген еді. Шүкір, содан бері жалғасын тауып келе жатыр. Биыл міне жетінші белеске де жетіп­піз. Қазылар алқасының төрағалығы­на тәжірибелі режиссер, білікті сценарист Ираклий Квирикадзені бекітіп отырмыз. Ол кісінің қатысушыларға берері мол. Әрі шы­ғармашылық жұмыстарды әділ тара­зы­лай алады. Мен оны грузин және қазақ режиссері деп атаймын. Ұзақ жыл­дан бері Қазақстанда жұмыс істеп келеді. Біздің академияда педагогтық та қызмет атқара­ды, – деді «Бастау» халықаралық кинофес­ти­валінің президенті Сергей Әзімов.
Бұдан кейін сөз алған Иракли Квири­кад­зе­нің өзі, фестивальдің жас киногер­лер­ге қанат бітіретін тәжірибе алаңы еке­нін айтты.
– Фестивальді тамашалауға және оған қатысуға келіп отырған жастарды көріп қуа­нып отырмын. Киноның болашағы бар. Осындай игі шараны ұйымдастыру­шы­ларға да мың алғыс. Олар қаншама қиын­дықтарға қарамастан фестивальді құл­дыратпай өткізіп келе жатыр. Әрине, бұл жерде жүлде алу – маңызды. Бірақ қандай да бір айтары бар туындыны таспа­лап, сол шығармамен фестиваль-
ге қа­тысып, оны көпшілік назарына ұсы­ну – одан да маңызды. Ең бастысы бұл жоба – жастар­дың алғашқы қадам жа­са­уы­­на мүм­кіндік береді, оларды қанат­тан­­ды­­рады, – дейді қазылар алқасы­ның төрағасы.
Әдеттегідей конкурста әділқазылардан бөлек студенттік қазылар алқасы да жұмыс істейді. Оны былтырғы сайыста қара үзіп шыққан Яго Матео Веласко басқармақ. Одан өзге Испания, Қазақстан, Беларусь, Ресей елдерінің де тәжірибелі жас кино­гер­лері қазылар алқасы құрамын толық­ты­ра­ды. Әлі студент болса да, шығарма­шы­лық­қа белсене араласқан Елена Каверзина, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының 3-курсында оқи­тын Әмір Әменов, өзі актер, өзі режис­сер Азамат Арықов, Бүкіл­ресей­лік мем­лекеттік кинемато­гра­фия институты­ның 5-курсында оқитын Виктор Кисловтар үшін қазылық жасау кино әлеміндегі жаңаша бір тәжірибе болары сөзсіз. Алдың­ғы фестивальде «Фишура» фильмі­мен алға озып шыққан Яго Веласко да жоба жайлы пікірімен бөлісті.
– Екі жыл бұрын осы жерде болдым. Ол уақыт мен үшін тәжірибемен толыққан тамаша кезең болып есте қалды. Енді қайтадан Алматыға оралғаным үшін қуа­ныш­тымын. Себебі, жаңа елге келу адамға жаңа таныстар, жаңа достар, жаңа әсер сыйлайды. Мұның бәрі – кинемато­гра­фист үшін маңызды дүниелер. Сергей Әзі­мов айтып өткендей, кино әлемінде түр­лі фестивальдер жетіп артылады. Бірақ «Бастаудың» жөні бөлек. Себебі, бұл жер – келешектегі даңқты режиссерлердің өз жо­лын бастайтын алаңы іспетті. Ондай жан­дардың жеңісі мен жолына себепкер болу біз үшін де бақыт, – дейді жас режис­сер.
Үш күнге созылатын фестиваль аясын­да жастар кино өнеріне қатысты біраз мәлі­метпен танысып, біраз тұлғаның шебер­лік сабақтарына қатысып, білім жимақ. Шараға келетін қонақтардың беделі өте жоғары. Бұл орайда Korea University of Media Arts университеті, кино­өн­ді­ріс факультетінің деканы Ким Хэонг Ду, «Мосфильм» киностудиясының дыбыс режиссері Марина Нигматуллина және белгілі украиналық кинооператор Евгений Филипповтарды атай аламыз. Қазылар алқасы құрамында жұмыс істейтін, көпшілікке (режиссер ретінде) «Өзара байланыс», «Бәстесу» фильмдері арқылы жақсы таныс, театр және кино актрисасы Эльвира Болгова мұндай шараның ұйымдастырылуы өнерге жаңаша тыныс береді деп есептейді.
– Қай уақытта да кез келген фестиваль­дің өзіндік жаңалығы болады. Бірақ жас­тарға арналған байқаудың жөні бөлек. Бірінші кезекте мені әділқазы етіп сайла­ған жандарға алғыс білдіремін. Үміткер­лер­дің еңбегін бағалап, оның арасынан жеңімпаз табу – әрқашанда оңай емес. Екіншіден, өз басым әркез студенттік жұмыс­тармен танысқанды, оларды бағала­ған­ды ұнатамын. Мейлі ол драматургия, театр, кино болсын. Олардың туынды­ла­рын­­да тазалық, пәктік бар. Олар дүниеге қарағандағы алғашқы көзқараспен шы­на­йы бейнелей алады, – дейді ол.
Шығармашылық кинофестивалінің қайта жалғасқаны қуантарлық құбылыс. Жобаны Алматы қаласының әкімдігі де қолдап отыр. Сонымен қатар фестивальдің өтуіне мұрындық болып, көмегін аяма­ғандар қатарында – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университеті және «Қазақфильм» кино­сту­диясы бар.
Кешкілік «Алатау» концерт залында фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, Сергей Әзімов барша қатысушыларға сәт­тілік тіледі. Фестиваль 8 қараша күні мәре­ге жетеді. Ал әр күнгі кино көрсеті­лім­дер Өнер академиясы ғимаратында болады.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*