«Атырау» газеті – аймақ шежіресі

99
0
Бөлісу:

Атырау облысы баспасөзінің қарашаңырағы – «Атырау» газетінің тұңғыш нөмірі бұдан 95 жыл бұрын «Ерік» деген атаумен 1923 жылдың 1-сәуірінде шықты. Алғашқы санынан бастап халықтық басылым екенін мойындатқан бүгінгі «Атырау» газетінің 95 жылдығы облыс көлемінде кеңінен аталып өтіп қана қоймай, заманына сай дамуға бағыт алған жаңалықтарымен тәнті етті.

«Атырау» газеті Қазақстанның батыс өлке­сіндегі алғашқы ұлттық басылым­дар­дың бірі болды. Оның 95 жылдығының облыс­та аталып өтуіне арналған іс-шара­лар­ға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлке­нов, ақын Светқали Нұржан, белгілі ақын, журналист, «ЮНЕСКО» сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай, Ұлттық-мемлекет­т­ік Кітап палатасы директорының орын­ба­сары Маралтай Райымбекұлы, Қоғам­дық даму министрінің кеңесшісі, саясат­та­нушы Айдос Сарым, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, танымал журналист Қуат Әуесбай, «Егемен Қазақстан» РГ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен және Атырау­дағы сала ардагерлері мен батыс аймақтар­дың барлық БАҚ басшылары мен журна­лис­тері Әнұранның авторы Жұмекен Нәжі­меденов пен мемлекет және қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғар­сынованың ескерткішіне гүл шоқта­рын қойып, рухтарына тағзым етті. Бұл күні қалам ұстаған қаламгерлер мен БАҚ саласы мамандарының таңдайын қақтыр­ған екі жобаның таныстырылымы өтті.
«Атырау – Ақпарат» мекемесінде медиа-музей мен интернет-канал ашылды.
Медиа-музей «Шежірелер сыр шерте­ді», «Журналист – оқиға ортасында», «Тарихы терең төларна» атты негізгі 3 бөлім­нен тұрады.
«Атырау» газетінің 95 жылдық мерей­то­йына арнайы келген Қазақстан жазу­шы­лар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен «Атырау» газетінде көптеген жылдар редакторлық қызмет атқарған Қилы­бай Қуанышбайұлы медиа-музейдің салтанатты түрде ашылу рәсімін жасады.
– Бүгін біз Атырау өңірінде тағы да ерек­ше оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Осы облыстың шежіресі іспеттес, жыл­на­ма­­­сына ұқсас медиа-музейдің ашы­луы – ерекше оқиға. Мұндай медиа-музей дүние­жүзінде некен-саяқ. Атырау облысы Қазақстандағы іргелі аймақ ретінде қандай тарихи кезең­дер­ді бастан кешірсе, соның бәріне бұл өңірдің баспасөзі ортақ. Сол жылдарды өңір айнасы ретінде суреттеп, бейнелеп халыққа енші етіп қалдырған. Медиа-музей өңірдің тарихи-эконо­ми­ка­лық кезеңдері­мен қоса, мәдениеті, әде­бие­ті, өнерін, тарихты жасаған тұлғаларды туралы толым­ды мәліметтер мен олар ұстан­ған жәдігер­лер­ді көріп, өткен тари­хы­на үңіліп, облыс­тың даму тарихын көз алдымыздан өткіз­ген­дей болдық. Тарих­ты тірілту мен рухани жаңғыру жағы­нан құндылығы зор музей біздің өткен шақты білуге деген қызығушы­лы­ғы­мызды артты­рып, жас ұрпақ тәлім-тәрбие алып өсе­тін­дей киелі, қасиетті орын деп қабылдауымыз керек. «Атырау – Ақпарат» медиа холдингі жедел хабар таратушы, насихаттаушы ре­тінде алдыңғы қатарда көрінеді деп се­нім білдіргім келеді. Жаңашылдыққа қа­­дам бас­қан медиа саласының дамуына ті­лек­тес­пін деді Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Айтарлығы медиа-музейде алғысхат­тар, танымал тұлғалардың қолжазба­лары, ардагер журналистердің фото­сурет­тері мен олар жұмыста пайдаланған құрал­дары жәдігер ретінде қойылған. Сондай-ақ «Аты­рау» телеарнасында 1967-1977 жыл­дары қызмет еткен журналистердің фото­сурет­тері ілінген қабырға және «Атырау – Ақпарат» баспаханасының өнімдері де бар.
Медиа-музейден соң іс-шара аясында «Аты­рау-Ақпарат» медиа порталы ашыл­ды. Интернет каналдың тұсауын белгілі ақын, журналист, «ЮНЕСКО» сыйлы­ғы­ның иегері Жұмаш Кенебай мен «Атырау» облыс­тық телевидениесін бірнеше жыл басқарған Айтқали Нұрғалиев кесті. Бұл интернет-каналда журналистерге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Аймақ басылымының тарихи күнінің аталып өтуі Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау мемлекеттік университетінде «Қа­зір­гі қазақ журналистикасы: жаңа трендтер мен технологиялар» тақырыбында респуб­ли­ка­лық медиа-конференциямен жалғас­ты.
Конференцияның модераторы тізгінін алған «Атырау – Ақпарат» ЖШС-нің дирек­торы Баязи Әбдешев «Атырау» газетінің сан тараулы тарихынан қысқаша мәлімдеп, конференция аясында бүгінгі баспасөзге қатысты ұтымды ойлар мен ұсыныстар айтылса деген тілегін айтты.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аймақ­тың ғасырға жуық датасын атап өту салтанатына келген меймандар мен бас­па­сөз қызметкерлерін қуанышпен құт­тық­тап, конференция тақырыбы аясын­да қазіргі баспасөзге қажетті жаңашылдық тура­лы ой-пікірлер айтылып, басылым­дар­ды оқырман іздеп оқитындай болуы үшін не істеу керектігі туралы оралымды ойлар айтылса, басылымның мәртебесімен бірге журналистердің де мерейі үстем боларын айтты.
«Атырау» газетінің бас редакторы Иса­тай Балмағамбетов ғұмыры бір ғасыр бұрын басталған басылымның өткені мен бүгін­гі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Содан соң Қазақстан Жазушылар одағының бас­қар­ма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, төра­ға­ның орынбасары Мереке Құлкенов, Қоғам­дық даму министрінің кеңесшісі, саясаттанушы Айдос Сарым, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, Қазақстанның Құрметті журналисі Төле­­ген Жаңабаев аймақ айнасына айнал­ған төл басылымның мән-маңызын сара­лады.
Жазушы Мереке Құлкенов: «Тарихты жасай­тын тарихшылар емес, тарихты жасай­тын – журналистер. Журналистердің жаз­ғанын басатын газет. Күні кеше өмір­ден өткен Шерхан Мұртаза ағамыз, «Кез келген журналистен жақсы жазушы шы­ғуы мүмкін, бірақ кез келген жазушы­дан жақсы журна­лист шықпайды» деген еді. Осы сөз маған қатты ұнады. Өйткені жур­на­лист – ең бірін­ші халықпен табыс­ты­ру­шы. Осы 95 жылда газеттен тәжірибе алып шыққан Атыраудан «мен» деп шыққан тұлға­лар осы «Атырау» газетіне қарыздар. Айтар­лығы журналистер­дің еңбегі бағала­нып жүрген жоқ. Елімізде сала мамандары жыл сайын марапатталып жатады. Бірақ солардың ішінде журнал­ис­тер­ді көрмей­міз. Атыраудың журналис­тері­нің арасында бірде-бір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері жоқ, Президент сыйлы­ғының иегері жоқ. Бірде-бір марапат жоқ. Бола­шақ­та журналистердің еңбегінің баға­лануын, марапатқа ұсынылуын ескеріп жүр­сеңіздер екен», – деп жергілікті басшы­лық­қа ұсынысын айтты.
Қоғамдық даму министрінің кеңесшісі, сая­саттанушы Айдос Сарым, «Қазақ әде­биеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат бүгінгі журналистика саласының алдын­­да тұрған кедергілер мен дамулар тур­алы сараптамалық ойларымен бөлісті.
Атырау аймағының бас газетінің 95 жылдығы аясында өтетін іс-шаралар сек­ция­лық бөлімдермен және аудандарда «Ұлт­қа – мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-та­ным­дық экспедициямен жалғасын табуда.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*