ЖАТ АТАУДЫ НЕГЕ ЖАТСЫНБАЙ ЖҮРМІЗ?

225
0
Бөлісу:

Қазақстанның киелі географиясы тұнып тұрған тарих. Ондағы әрбір жер   атауының мәні мен мағынасы бар. Сол тарихты терең ұғыну үшін «Шың-кітапты» парақтай отырып, мына бір жайтқа назар аудардым: «Шапырашты Наурызбай – кезінде жоңғардың хас батырлары Шамалған мен Қаскелеңді жеңген батыр» – деп жазылған сол кітапта. 

Алматы – оңтүстік астанамыз, ару қаламыз. Сол Алматы облысындағы «Қаскелең», «Шамалған» аталатын мекен­дер қазақтың талайғы тарихына куә. Табиғаты тамылжыған әсем өңі­рі­міз ата жауымыз болған жоңғар­дың атымен аталғаны ма? Осы сұрақ­тың анық-қаны­ғына жету үшін тарих­шы­лар­дың көме­гіне жүгінбек ниетпен Жам­был облысы әкімдігінің «Мәде­ниет, архивтер және құжаттама» бас­қар­­масының тарихи-мәдени нысан­дарда іс-шаралар ұйым­дасты­ру бөлі­­мі­­нің басшысы, тарихшы Сауран Қалиұлына жолықтым. Ол:
– Қаскелең – жоңғардың айтулы ба­тыры. Ал Шамалған – Жоңғар хан­ды­­ғының белгілі басшысы болған Шамал хан. Ол да – жоңғар батыры. Әртүрлі тілдік өзгерістерге ұшырап, Шамалған аталып кеткен. Алматы қала­­сындағы осы екі атау жоңғардың қос батырының есіміне берілген, – деп жауап берді.
Қазақтың еркіндігі, бейбіт таңы үшін жан аямай, талай шайқаста ерлік көрсет­кен өз батырларымыз аз емес. Олардың көбінің есімі жиі аталмаған­дықтан, кейінгі ұрпақ біле де бермейді. «Тәуелсіз­дік­ке қол жеткеннен кейін ақталып жатқан Алаш азаматтары тұрғанда, жер бетінен жойылып кет­кен, талай қазақ­тың көз жасының төгі­луіне себеп­кер болған Жоңғар батыр­ларының есімін әспеттеп, жері­мізге беріп не керек? Сол Қаске­лең мен Шамал ханды жеңген Наурыз­бай батырдың немесе басқа да айтулы тұлғалардың есімдері сұранып тұр­ғанда!» деген ой мені мазалағалы да біраз болды. Жуырда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында бір жиын өтті. Жиынға республикамызға белгілі саясат­керлермен қатар, тіл жанашыр­ла­ры қатысты. Оның ішінде Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім де болды. Көкейде жүрген сауалды қойдым. Ол кісі: «Қаскелең, Шамалған мәселесі, оған жоңғардың тағы екі батыры – Қор­дай мен Шонжыны қосыңыз. Алма­ты облысы Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылы да жоңғар батырының есімімен аталған. Өткен жылы арнайы шақырту­мен сонда бардық. Қазақтың Әлмерек баты­ры Шонжыны жекпе-жекте өлтір­ген. Ол 56 жасына келген шақта жоң­­ғардың Қордай атты батырының басын алған. Сол батырдың ұрпақтары: «Сонда жоңғардың екі бірдей батырын өлтірген Әлмеректің атында ешқандай елдімекен жоқ, жекпе-жекте жеңілген екі жоңғар­дың аты бар! Бұл қалай?» – дейді. Осы мәселе әлі күнге көтерілмей келеді. Кезінде бұл ме­кендердің аты басқаша аталған. Мә­селен, Шонжы – «Шонжы­ны өлтір­­­ген жер», Қордай – «Қордайды өлтір­­ген жер» деп аталған екен. Қал­мақ­тар қайта-қайта шабуыл жасай бергенде, олар қорықсын деп өздері­нің атақты батырларының өлген жері деп атаған ғой бұл мекендерді. Бірақ уақыт өте келе карта жасалған кезде атаулар қысқарты­лып, жалғаулар түсіп, адам­ның аты ғана сақталып қалса керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны респуб­­лика­лық ономастика коми­­теті шешуі тиіс» – деп қадап айтты. Елор­да­дан келген қонақтар осы бір түйткілді мәселені қағазға бір түр­тіп әкеткен еді. Ал біз жауабын күтіп әлі жүрміз!
Енді өздеріңіз ойлаңыздаршы, жоғарыда айтылған мәселе шешімін таппаса, қалай болмақ? Тарихта жазы­лып та, жазылмай да кеткен қазақтың талай хас батырларының есімі тұрған­да, соның бәрін ысырып қойып, көрік­ті жерлерімізді жоңғар­дың аты­мен атай­мыз ба? Мұнымыз, «қазақ­ты қайдам, жоңғардың аты өлмесін» дегеніміз бе?
Осы тұста Елбасымыздың сарабдал саясатын, «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын қолдай келе, тағылымы мол тари­хымызды тағы бір ақтарып, «Атал­­ған жер атауларын өзгертсек…» деген ұсы­ныс айтқым келеді. Осы бір мәселе оң­тай­­лы шешімін тауып жатса, нұр үсті­не нұр болмай ма?

Салтанат ҚАРАСАЕВА,
Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі
Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*