ЖАҒЫМСЫЗ ӘРЕКЕТТЕН САҚ БОЛУҒА ШАҚЫРДЫ

192
0
Бөлісу:

Түркістан қаласында «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалының кезекті ХХХV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияда күн тәртібінде төрт мәселе қаралды және баяндамашылар сұрақ-сауал­дарға жауап берді. Конференцияға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев, облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Түр­кістан облыстық филиалының төрағасы Ж.Түймебаев, «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орын­ба­сары Н.Жолдасов, облыстық мәслихаттың хат­шысы Қ.Балабиев және партия филиа­лының саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутат­тары, бастауыш партия ұйымдары­ның басшылары, мемлекеттік органдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жол­дауынан туындайтын міндеттері мен облыстық Саяси кеңесінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарының есебі туралы, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарының есебі туралы, Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңес құрамын сайлау және «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының құра­мын сайлау өтті.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын Түркістан облысында жүзеге асыру барысы туралы Жансейіт Түймебаев баяндады.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Елбасының «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы бойынша еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқтап, жалпы Партия тарапынан нақты атқарылып жатқан істерді айтып берді.
«Бүгін Түркістан қаласында Партия­ның облыстық филиалының соңғы екі жылда атқарылған жұмыстарының есебі беріліп отыр. Өңірдің экономикалық-саяси әлеуметтік дамуында біздің партия­ластардың еңбегі өте зор деп есептеймін. Сондықтан филиалдағы бүгінгі сайланып, бекітіліп отырған партияның саяси құра­мына алдағы атқарар жұмыстарына сәт­тілік тілеймін. Қазір Елбасының Жол­дауын талқылауға және оны жан-жақты түсіндіру мақсатында депутаттар әр өңір­лерге шығып жатыр. Енді алдағы күндері бұл Жолдаудағы айтылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру маңызды болып отыр. Жолдаудағы атқарылар жұ­мыстарды «Нұр Отан» партиясы негізгі жүзеге асырушы, бақылаушы саяси мүм­кіндікті алып отыр. Осы қоғамдық бақы­лауды қамтамасыз ету үшін тиісті орын­дарды, қоғамдық ұйым­дарды, барлық үкіметтік емес ұйымдарды және Парла­мент депутаттары да бұл жұмысқа тікелей тартылатын болады» деді Қ.Жұмашев.
Партия хатшысы 7 бағдарламаның қолға алынғанын да жеткізді. Сондай-ақ, ол сөз арасында атқарылар әрбір жұмыс­тар­дың ашықтығына аса мән беру керек­тігін атап көрсетті. Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы атанған Түркістан өңірінде сыбайлас-жемқорлық сынды жағымсыз әрекеттерден аулақ болуы керектігін де айтты.


Конференция барысында партия филиалы төрағасының бірінші орынба­сары Нұрмахан Жолдасов 2017-2018 жыл­дары атқарылған жұмыстар туралы есебін баяндады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл 5 қазанда Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Жолдаудың ерекшелігі елге қажет әлеуметтік мәселелерді шешуге, халық табысының өсуіне бағытталған. Жолдауда айтылған ең төменгі жалақы мөлшері 28 мыңнан 42 мыңға ұлғайтылып, 1,3 млн жалдамалы жұмыскердің жалақы­сының 30%-ға артып, еліміздегі орташа табыс пен төменгі табыстың арасындағы алшақтықтық теңгеріміне оң әсер етті. Бүгінгі таңда облыс аумағында 9 798 кәсіп­орын бар. Ең төменгі жалақыны көтеру бойынша кәсіпорындарда, еңбек ұжым­дарында түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізілуде» деген Нұрмахан Миятұлы «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің 2017-2018 жыл­дары атқарған жұмыстарына тоқталды.
Облыстық партия филиалы тарапынан аумақтарда орын алған өзекті мәселелерді шешу мақсатында Сайрам, Ордабасы, Түркістан, Бәйдібек, Мақтарал аумақта­рында көшпелі қоғамдық қабылдау өт­кізілген. Тарқатып айтқанда, 61 азаматтың өтініші қаралып, оның 29-ы оң шешімін тапты. Аумақтық филиалдары тарапынан 98 көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіліп, 787 азаматтың өтініші қаралып, оның 302 (38,3 пайыз) оң шешімін тапты. Тағы бір белгілі болғаны, жалпы 25 азамат жем­қорлық әрекеттері үшін партия қатарынан шығарылған.
Конференция соңында Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізіліп, партиялық бақылау комиссиясы сайланды. Шарадан соң «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Түркістан қаласындағы «Балалар мен жасөспірімдер» орталығында жуырда ғана ашылған IT сыныбын аралап, ондағы жұмыстармен танысты.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*