Ашық дәріс өтті

123
0
Бөлісу:

Бүгінде партиялық кадрлардың қазіргі кездегі саяси өлшемдер мен критерийлерге лайық болуы – жаңа заманның басты талабына айналды. Осыған орай партия Төрағасы да партиялық оқыту жүйесін дамыту бойынша қызметкерлерге бірқатар маңызды міндеттерді жүктеген болатын.

«Нұр Отан» партиясының Саяси менед­жмент академиясында оффлайн оқыту бойынша «Саяси технологиялар мен коммуникациялар» атты ашық дәріс өтті. Практикалық сабақ кезінде «Пар­тиялық қызметтегі саяси маркетинг», «Саяси маркетинг әдістері мен мақсаты», «Көшбасшылық – саяси маркетинг», «Стратегиялық көшбасшының бейнесі», «Саяси нарықты қамту стратегиялары», «Топтық стратегияларды салыстыру», «Қазіргі электролит трендтері», «Электр нарығының сегменттелуі» және т.б. тақы­рыптар бойынша кездесуге қа­тысушы­лардың сұрақтарына жауап беріліп, әртүрлі тақырыптарда дәріс оқылды.
«Саяси көшбасшылық» оқу-дайындық бағдарламасы бойынша бірінші дәрісті
З.Тұрысбеков оқыды. Ол «Әлемдегі бар қазақтың Отаны – Қазақстан» тақырыбы бойынша әңгіме өрбітіп, ел бірлігінің өзекті мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Қазір елімізде 12 миллион қазақ бар. Ал 4 миллион қазақ шет мемлекеттерде тұрады. Оның 1,8 миллионы – Қытайда,
1 миллионы – Ресейде, 1 миллионы – Өзбекстанда, 20 мыңы – Моңғолияда, 45 мыңы – Қырғызстанда екен. Түркияда бұрын 35 мың қазақ болған, оның 15 мыңы бүгінде Еуропаға кетіп қалған. Иә, 16 миллион деген көп емес. Аз ғана қазақпыз. Біз бірінші кезекте ауызбіршілігімізді жо­ғалтпауымыз керек. Ынтымақ болмаса – ел болмаймыз, жұрт болмаймыз. Сол үшін ынтымақта, бірлікте болған жөн. Осы мәселені ұмытпасаңыздар екен, – деді ол.
Өз кезегінде Ричард Мёрфи мен Алек­сандр Романович та «Саяси партияны жаңғырту: әлемдік тәжірибедегі табысты мысалдар» атты тақырыбы бойынша біл­гендерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Оқытудың заманауи формасы арқылы тыңдаушылар құлаққап арқылы дәріс оқушының сөзін орысша аударма арқылы тыңдауға да мүмкіндік алды.
Айта кетейік, ашық дәріс сабағы қара­шаның тоғызына дейін жалғаспақ. Бес күн бойы болатын практикалық сабақ барысында «Никколо М» стратегиялық коммуникациялар агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы, саясаттанушы Игурь Минтусов, Халықаралық саяси кеңесшілер қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Мёрфи, Ресей мемлекеттік және қоғам қайраткері Александр Романович, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Владимир Попов әртүрлі тақырыптарда дәріс оқиды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*