«Жақсы дәрігер» фото көрмесІ

132
0
Бөлісу:

Медицина мамандарының қоғамдағы деңгейін көтеретін әлеуметтік жобалардың бірі кеше Ұлттық Музейде басталды. Мем­лекет басшысы биылғы жолдауында «Меди­циналық қызмет сапасы халықтың әлеумет­тік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деген болатын. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы мен Sultan magazine борттық журналы және №2 Астана қаласының көпбейінді қалалық ауруханасы бірлесе отырып «Жақсы дәрі­гер» атты фотокөрме ұйымдастырды.

Ақ халатты абзал жандардың маша­қатты жұмысын халыққа танытып, олар­дың қоғамдағы мәртебесін көтеру мақ­сатына ұйымдастырылған көрмеге бас-аяғы 127 сурет қойылыпты. Сурет ав­торы – Марат Әміров. «Суреттерді түсіруге екі аптадан астам уақыт кетті. Мыңнан аса сурет түсіріп, солардың ішінен 127 суретті іріктеп алдық. Суреттер №2 қалалық ауруханаларда, №1 қалалық емхана, №2 балалар ауруханасы және басқа да емха­наларда түсірілді. Суретке түсіру бары­сында маған ерекше әсер еткен жағдай – перзентханада инкубаторда жатқан 24 апталық, 7 айлық шала туылған сәбилер болды» дейді ол. Расында оның назарына ақ халаттылардың жұмыс үстін­дегі ерекше сәттері түскен. Суреттерге қарап отырып, үнемі ізденіс пен мейірім­ділікті, төзім­ділікті, біліктілікті талап ететін осынау бір қиын да қызықты маман­дық иелеріне құрметің одан сайын арта түседі.
«Елбасының жаңа Жолдауында қазіргі заманға сай медицина сапасын көтеру керектігі айтылды. Қаншама мыңдаған дәрігерлердің ажалға арашашы болып, күнделікті ерлік істеп жатқанын көп біле бермейміз. Бүгін фото көрме арқылы осы­ған куә болдық. Бүгінде еліміз бойын­ша жеті медицина университеті медицина сала­сының мамандарын дайындайды. Жақсы дәрігерлеріміз өте көп. Соларды наси­­хаттайтын, халықпен шынайы қарым-қатынас орнатуға жол ашатын осын­дай жобаның жүзеге асып отырғанына қуа­нып тұрмын» деді көрмеге арнайы қатыс­қан Оңтүстік Қазақстан медицина­лық ака­демиясының ректоры Мырзабек Рысбеков.
Бұл күні халыққа тіс дәрігері, жүйке аурулары дәрігері, жүрек аурулары дәрігері, педиатр, терапевт, косметологтар тегін медициналық тексерулер жүргізді. Астана қаласының тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алды.
– Sultan magazine журналы 2016 жылдан бері бір тоқсанда бір рет қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде шығып келеді. Бұл – Forbes стиліндегі журнал. Мақсатымыз – әрбір азамат өз ісінің сұлтаны екенін көрсету. Ал бүгінгі шара дәрі­герлердің еңбегін көрсетіп, халықпен байланысын арттыру мақсатында ұйым­дас­тырылып отыр», – дейді көрмені ұйым­дастырушылардың бірі, Sultan magazine журналының бас редакторы Қарагөз Айдаш.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*