Digital – диета: ортасын ұстансаңыз, опынбайсыз

244
0
Бөлісу:

Заманауи философия мен контрмәдениетте неолуддизм деген ағым бар. Ғылыми-техникалық про­грестің қоғам мен адамға әсерін сынға алады. Қарсылық көрсетіп, жаңа техноло­гиялардың қатері жайлы дабыл қағып жат­қан­дар күн өткен сайын көбейіп келеді. Бір қы­зығы, сол дабыл қағушылардың ұшар басында тұрған – технологиялардың туын­дауына септігі тигендер. Gmail чатын жасасып, одан қалса Facebook-тегі «лайкты» ойлап тапқан Джастин Розенштейн әлеуметтік желілерді қолдануға лимит қойып, Reddit пен Snapchat-ты смартфонынан «құлыптап» тастаған екен. Жаңа қосымшаларды жүктемейтіндей етіп реттеп қойыпты. Соған қарағанда, диджитал-технологиялардың төндіретін қаупі бар. Бұған бейжай қарауға болмас. 

Ауылға бар,  қалқатай, телефонсыз…

Әңгімені арыдан бастайық. Мен тұратын ауыл Ақтөбенің ар жағында, Қандыағаштың қасында. Жолдың бойынан, қырдың басынан не терезенің тұсынан арагідік желі ұстап қалатыны болмаса, тұрақты ұялы байланыс жоқ. Жылына үйге екі рет барғаным – смарт­фоннан демалғаным. «Кедейдің бір той­ғаны – шала байығаны» дегендей, ауылға барсам әлеуметтік желіден арылып қалам. Қаланың күйбеңінен, техноло­гияның төрінен (мұндағы айтпағым, мегаполистен) келген бізге елге бару – демалыс. Бірақ ауылдаспен араласуға байланыс жоғы қолайсыздық тудыратыны тағы бар. Біз қолдың қысқалығы, амал жоғынан цифр­лы технологиядан диета ұстауға мәжбүрміз.
Бірақ дамыған елдердегі мына жағ­дайды қараңыз. Әлем бойынша йога, медитация, рейкиге сұраныс артып келеді екен. Жаны мен тәнінің ішкі үйлесімін іздеп әуре болғандар түрлі әдістерді байқап көріп жатыр. Сол арқылы өмірінің мәнін тауып, тыным табады-мыс. Жаңа технологиялар да дәл солай көмектеседі деседі. Олардың ел арасына лезде тарап жатқаны да содан. Бірақ соңғы уақытта қайнарына қайтуды қалайтындар легі де көбейіп келеді. Анти-технологиялық дүниелерге қызығушылық артып, жаңа фетиш пайда болғандай. Innocent Drinks компаниясы Unplugged форматында (байланыс аясынан тыс жерде – авт.) екі фестиваль өткізген. Екі күндік шарада Wi-Fi да, 3G да жоқ. Тіпті электр тогы да қолжетімсіз. Мұндағы мақсат – менің ауылымдағыдай демалыс. Айтпақшы, біз елдімекендерге ұялы байланыс тартуға тырмысып жатсақ, шетелде Талдысайым сынды ауылдар трендте екен. Тарқатып айтсақ, арнайы эко-ауылдар салынады екен. 2016 жылы осы бастаманы қолға алған Қозғалыстың мәліметі бойынша, алғашқы 10 айда 300 ауыл бой көтерген. Қаладан қашқандардың легі бұрын-соңды дәл бұлай көбеймеген екен. Тұр­ғындары қолда телефонның жоғы­на, әлеуметтік желіге кірмегеніне бас қа­тыр­майды. Жазба қалдырмаған соң, сурет не посттың қанша лайк жинағанын да санамайды.

Машина қирату мәселесі

Техникалық прогрестің басым тұстары баршаға белгілі. Сол сияқты кері әсері де көрініп жатыр. Автомат жүйелердің ке­сірінен адамның тынышы да бұзылады. Болашақта сол үшін бұқаралық қарсылық шаралары болуы да мүмкін. Алдымен луддизмнің шығу төркіні туралы аз-кем ақпарат айталық. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Англияда өнеркәсіптік револю­ция болды. Сол кезде технология­лық жұ­мыс­сыздыққа қарсы шыққан луддиттер машиналар мен жаңа жабдықтарды қи­рат­ып, қарсылық көрсеткен. Біз айтып отыр­ған жаңа луддизм (неолуддизм – авт.) де осыған ұқсас. Бірақ айырмашылығы – қағып-шағып, сындыру арқылы көрініс таппайды. Ақыры көліктер туралы әңгіме қозғалған екен, машинаға қатысты қарсы­лықтың жаңа түріне тоқталайық. Әу бас­тағы луддиттер машиналардың өзін жек көрмеген. Тек соның кері әсерін айтып, тоқтатуға мүдделі болған. Осыған ұқсас жағдай ретінде Uber-ге қарсы өткен ша­раны айталық. Көтерілістер әлемнің түк­пір-түкпірінде өтіп жатыр. Францияның ірі қалаларында таксистер тізіліп, кеп­телісті қолдан жасаған. Оған себеп – Uber шопырларының олардан жұмысын тартып алуы. Үндістанда сол Uber таксистерінің өзі қарсылық көрсеткен. Көшеге шығып, уәде еткен жоғары жалақыларын беруді талап етіпті. Сонымен бірге, Хорватия, Венгрия және Польшада да осыған ұқсас жағдайлар болды. Колумбияда қарсы­лықтың соңы полиция қызметкерлерімен текетіреспен аяқталса, Йоханнесбургте 2 Uber көлігін өртеген 30 жүргізуші тұтқын­далған.
Технология сәт сайын жаңарып жатқанын ескерсек, жүргізушісіз жүретін автокөліктер нарыққа шықса, не болары белгісіз. Жақында Ұлыбритания қазы­нашылығы канцлері сондай көліктерге басымдық беріп, 2021 жылы қолданысқа енгізілуі үшін инвестиция тартуға уәде берді. Жол бойында сынақ жүргізіп көруді де қолға алуды жоспарлап отыр. Робото­техника, инженерия сынды салаларда жаңа жұмыс орындары пайда болады деген сөз. Олардың ақысы да тиісінше, аз болмайды. Осы салаға маманданғандар үшін майдай жағатын жаңалық. Бірақ қа­рапайым шопырдың халі қандай болады? Бәлкім, біреуі өзін салаға қарай сайлар. Бірақ жасы елуге таяған адамның техно­логия тілін үйренуі неғайбыл? Ары кетсе, айлығы шайлығына жетпейтін, тұрақсыз орынға табан тірер. Барын болашаққа беруге даяр жанкештілер арамызда қан­шалық көп? Яғни, ертең ұрпағым бай-бақуатты ғұмыр кешсін, апаттан аман болсын деп жүргізушілер жұмысын тәрк етер ме екен? «Роботтар адам орнын басар күн жақын» дегенді оқыған сайын, үрей көбейе береді.

Тынысым тарылған бір апта

Диджитал дәуір парадокстарға толы. Ауызбен айтқанда шебер, істеуге келгенде тежеліп қаламыз. Осыдан бірнеше ай бұрын бір апталық тайм-аут жарияладым. Ұялы телефонды біреуге қоңырау шалып, біреуге жауап беру үшін ғана қолданам деп шештім. Мендік мақсат – интернетті пайдалануды шектеу. Жеті күн бойы смарт­фонның мобайл мәліметтерін өші­ріп қойдым. Жұмыс бабымен электронды поштамнан хат жіберіп, қабылдап отыр­дым. Алғашқы үш күн жақсы өтті. Көптен бері парағы ашылмаған кітаптарымды ақтардым. Жақындарыммен ұзағырақ сөйлестім. Көше бойындағы бұрын-соңды байқамаған өзгерістерді көрдім. Кейінгі төрт күн тынысым тарыла бастады. WhatsApp-тың үйреншікті шиқылын, Instagram-ның интерфейсін естіп-көруге «зар» болдым. «Уәде – Құдай сөзі» деп, жеті күнді де өткіздім. Интернетті қосқа­ным сол ғана, телефоным тырс-тырс ха­бар­­ламаларға көмілді. Әлеуметтік желіге бай­ланғанымыз сонша, қарапайым қоңы­рау шалу үрдісі де жоғалып жатыр. Бір ап­талық анти-диджитал диетамнан түй­генім: бәрін ретімен, шамасымен қол­дану керек. Басында айтқан парадокстың осы тұста тағы көрінгенін байқаңыз. Шектеу керегін білеміз, зиянынан да хабар­дармыз. Бірақ нақты іске келгенде мойнымыз жар бермей, құлықсыз бола қаламыз.

Дәуір дерті: назар дағдарысы

Bank of England қызметкері Дэн Никсон былай дейді: смартфондар «назар дағдарысын» тудырады. Соның салдары­нан жұмыс тиімділігі төмендейді. Ол болса, жалпы елдегі экономиканың дамуын тежейді. Ұялы телефонға келген хабарламаға, хатқа көңіл аударған соң адам 25 минуттай жұмысқа ден қоя алмай оты­рады екен. Өнімді жұ­мысқа кері әсер береді деген – осы. Абайдың «Күшік асы­рап, ит еттім. Ол балтырымды қа­натты» дегені бар. Техно­ло­гияларды дүниеге әке­ліп алып, соңы не болар деп алаңдаған­дарды жоғарыда да атап өттік. Сондай адамдардың бірі – Тристиан Харрис. Бұрын Google-да «ди­зайн этикасы бойын­ша маман» болып қызмет атқарған. Жа­қын­­да ол Time Well Spent ком­­мер­­циялық емес ұйымының не­гі­зін қалаған. Мақ­сат – «назар дағдарысымен» күресу. Расымен де, назар аударту үшін түрлі әдістер қолданылады. Жүзеге асыру үшін смартфондар көмекке келеді. Сонымен бірге, «Жүздеген адам құмырсқаша үй­мелеп, компьютер алдында отырғанын елестетіңізші. Миллиардтаған адамға не ойлап, не сезіну керегін сол бөлімшеде отырып бұйрық беріп отыр делік. Құдды фантастика дерсіз. Бірақ бұл – шындық. Сізге хабарлама келсе, дереу телефонға үңілесіз. Ол сізді бұрын ойламаған дү­ниені ойлауға мәжбүрлейді. Сол хатты ашу арқылы осыған дейін жоспарда болмаған істі жасайсыз. Әлеуметтік желіде әдемі сұхбат құрамыз. Бұрын 1970 жылдары телефон арқылы тілдескендегідей деп баға береміз. Бірақ ол кезде телефон­ның ар жағында жүздеген ин­женер жұмыс істеп жатпаған еді. Басқа адам сіз туралы ақ­па­рат­ты білмейтін» деді Харрис Ted лек­ция­ларында.

Енжарлықтың емі қандай?

Ұялы телефонның көмегі ұшан-теңіз. Бірақ жаһандық мобилизация пандемияға ұқсап кетті. Өйткені ол да эпидемия сын­ды. Көлік айдап келе жатып, телефон арқылы ірі келіссөздер жүргізе береді. Үнемі смарт­­фонды жанынан бір елі алыс­татпа­ғаннан үнемі басымыз ауы­рып, шар­шаңқы жүре­міз. Депрессияға бейім келеті­німіз де сон­дықтан. Мынадай көріністі жиі көретін шығарсыз: теледидар қарап оты­рып, газет оқып, sms-ке жауап береміз. Бір уақытта бірнеше істің басын қайыруға қатысты жағымды пікірді естіп жүрміз. Адам миы­ның бір кезде бірнеше істі қатар орындау алгоритмін франциялық Сильвен Шаррон мен Этьен Кошлен зерттеп көр­ген. 19-32 жас аралығындағы 16 ер және 16 әйел адам жинап, тәжірибе жүргізген. Барлығының миы магниттік-резонанстық томография әдісі арқылы сканерленген. Оларға түрлі тапсырмалар беріп отырған. Мысалы, tablet сөзіндегі әріптердің реті қалай болды, бас әріппен бе, жоқ кіші әріппен берілді ме? МРТ нәтижесінде бір тапсырманы орындағанда адам миының екі жартышары қатар істейді екен. Оған қосарлап, тағы бір іс қосылғанда екі жар­тышар бөлініп, оң жақтағысы бір тапс­ыр­маға, сол жақтағысы екіншісіне жауап бе­реді. Енді осыған үшінші іс қосылса, ми жұмысы қиындаған. Қатысу­шылардың ешбірі бір уақытта үш жұмысты атқара алмапты.
Демек, бірнеше істі қатар орындаудың да кері тұстары бар. Естіп және көретін мәліметтерге атүсті, мән бермей қарау әдетке айналады. Сол ағынның барлығы түптеп келгенде ақпараттық фон бәлки дыбыстық интерьерге айналады. Белгілі бір межеден аспайынша, оның зияны жоқ. Өйткені психиканы қалыпта ұстап, жұмыс істеу қабілетін арттырады. Бірақ күнделікті күйбең тіршілікте қалыпты ұстап тұру қиын. Көліктің дыбысы, айналадағы адам­­­дар­дың дауысы, музыка не табиғат үні – бәрі қатарласып кетеді. Мұндай кезде адамның құлағы зардап шегіп қана қой­май, жүйке жүйесіне нұқсан келеді. Жұ­мысқа ден қоя алмай, назары басқаға ауып кете береді. Үнемі ақпараттық-дыбыстық ағында жүрген соң адамның ішкі тыныш­тығы бұзылады. Тыныш кетсе, өмірге құштарлығы азаяды. Тіпті жалғыз қалып, үнсіздікте отырудан қорқатын жағдайға жетуі де мүмкін.
Адам ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін ара-арасында өзімен-өзі қалып, ой жинақтауды әдетке айналдыруы керек. Сол кезде ғана таразы басы теңесіп, жаны мен тәні үйлесім табады. Бұрын алған ақпаратын қорытып, жаңа дүниелерді қабылдауға дайындалады. Сол себепті, ұйықтар алдында теледидарды өшіріп, жарықты сөндіру керек дейді. Таңертең оянғанда да біраз уақыт тыныштықта жата тұрыңыз.

Поштамен келген бомба

Унабомбер деген атпен белгілі Тед Качинский 16 мекенжайға пошта арқылы бомба жіберген. Оның ішінде универ­ситеттер мен әуекомпаниялары бар. Со­ның салдарынан үш адам өліп, 23 адам жарақат алған. Гарвардта оқыған, матема­тиканың майын ішкен Качинский 20 жастан асқан шағында қаладан көшіп, қоғамнан жырақ күн кешкен. Ол техноло­гиялық процес­тердің адамзатты құртып тына­тынын алға тартады. Аяусыз револю­ция­ға шақырғанын, расизм жайлы айтпа­ғанда, ци­фрлы технология тура­лы жұмысында болашақ жайлы ақиқатқа жақын болжамдар жасалғанын ғалымдар мойындап отыр. Бұл – 1978-1995 жылдар аралығында болған оқиға. Қазіргі жасанды интеллект, цифрлық тәуелділіктің психи­каға әсері жайлы сол кезде айтқан екен. Шындыққа жанасатын дүниелер барын ескерсек, луддиттер алдағы уақытта экс­тре­мистер тізімінен бір-ақ шығуы мүмкін. Артық қыламын деп, тыртық қылмасақ болғаны. Технологиялық өзгерістердің әрдайым пайдалы бола бермейтінін түсіну керек. Сонымен бірге, бір жақты пайдасыз деуге де болмайды. Ара-арасында әлеу­меттік желіден демалып тұратын әдетіңіз бар болса, таймаңыз. Бірауық демалып тұру керек. Өйткені сіз – машина емессіз.

Диджитал диетаға отырудың амалдары

1. Ең алдымен қанша уақытыңызды телефонға телмірумен өткізетіңізді байқап қараңыз. Ол үшін смартфоныңызға Moment қосымшасын жүктеп алсаңыз болады. Компьютер арқылы RescueTime бағдарламасын қолдана аласыз.
2. Хабарламаларды өшіріп тастаңыз. Telegram, WhatsApp, Facebook, WeChat сынды мессенджерлердің емес, басқа қосымшалардан келетін дыбыстық хабар­ламаларды алып тастаған жөн. Ол адамның назарын аудартып, бұрын жос­парда жоқ нәрселерді жасауға итермелейді. Яғни, жеке адамдардан келетін хаттарға ғана жауап беруді әдетке айналдырыңыз.
3. Ақ-қара түсті режимді қосқан дұрыс. Time Well Spent тәжірибелеріне сүйенсек, түрлі-түсті эффектілер болмаса, адамдар телефондарына сирек үңіледі екен.
4. uBlock Origin кеңейтілімін қосып қойыңыз. Мұнда контент сұрыпталып, жарнама бұғатталады. Сонымен бірге, ма­териал­дарды браузерде оқу кезінде адам назарын 30-40 пайызға арттыра түседі екен.

Тақырыптың тоқетері:

Әр нәрседе алтын аралық бар. Ортасын ұстанған омақаса құламайды. Батысқа қарай көп қадам жасаған, шығыстан алыстайды. Сол сияқты қай дүниенің ортасын білсеңіз, пайдасы соғұрлым көп болмақ. Жаңа технологиялардың пайдалы тұсын бағамдап, зиянын байқай білгенге қауіп шамалы. Шектен тыс асып кеткенде ғана дабыл қаққандардың дүбіріне қосылуға болады. Біз сынды дамушы елдер қайтсек цифрлы технологияны түбегейлі енгіземіз деп әлек. Жілігін шаққандар дерттің дендеп кеткеніне алаңдап, қайтсек уын қайтарамыз деп әлек. Жоғарыда айтқандай, батысқа бір адым жақындап келеміз. Ортаға қарай. Эко-ауыл салып батыс шығысқа қарай жақындап келеді. Ортаға қарай. Бір нүктеде, қақ ортада жолығар күн қашан туары белгісіз. Бір нәрсе анық: мөлшермен жеген бал тәтті, бұдан асса у болады.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*