Тәрбиеші ме, тәртіп бұзушы ма?

263
0
Бөлісу:

Сократтың «Үш мамандық – Құдайдан» дегені бар еді ғой. Туғанынан бойына берілетін ерекше қасиет, жылы жүрек пен табиғатынан сол іске бейімі болуын талап ететін таңдаулы үштіктің қатарында мұғалімдік қызмет те бар. Тәлімгерліктің тізгінін ұстаған тәрбиешілер осы мұғалімдіктің бір формасы десек, соңғы уақытта олар туралы айтылған алып-қашпа әңгіме, желіге жүктелген бейнежазба жетерлік. Баланы ренжіткен тәрбиеші, оны қорғап, сотқа жүгірген ата-ана дауы әлеуметтік желіде біраз талқыланып, қорытындының көбі педагогты озбырлығы үшін аямауды сұрайтын пікірлермен түйінделеді. Рас, балаға қарсы құқықбұзушылықтың қай-қайсысы да қоғамға от қойғандай әсер қалдыратыны бар. Бірақ біреудің баласын себепсіз ұруға тәрбиешіні түртпектеген не жағдай екенін ойланып көрдік пе? Біз осы тақырыпта ой қозғап, зерттелуі жалғасатын тақырыбымыздың алғашқы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Ескендір Бестай білім беру саласында қызмет етеді. Осы жүйедегі жаңалықтарды жібермей, білімін үнемі жетілдіріп, ба­лалары үшін ең үздік тәжірибелерді таңдайтын әкеден балаларын неге балабақшаға бермегенін сұрадық.
– Баланы балабақшаға берген дұрыс не бұрыс деп, ешкімді үгіттегім кел­мейді. Бұл шешім әр отбасында талқы­­ла­нып, саналы түрде қабылдануы керек. Өмір­­лік жарым үйде болғандықтан, бала­ла­ры­мыздың ана мейіріне қанып, алаңсыз тәрбие алуға мүмкіндігі бар. Одан бөлек, бала дамуына қатысты кез келген сұрақ төңірегінде жіті ойланып, артық­шылығы мен кемшілігін салыстырып, шешім шығаруға тырысамын. Менің балабақшаға қарағанда үй қабырғасын артық көруімнің себебін үш түрлі оймен түсіндіріп көрейін.
Біріншіден, педагогикада «сензитивті кезең» деп аталатын ұғым бар. Сензитивті кезең – баланың бойында белгілі бір қабілет пен мүмкіндіктердің дамуына қолайлы уақыт. Қоршаған ортадағы әр­түр­лі құбылыстар мен сан алуан түсініктердің санада орнығып, балаға қабылдауға жеңіл болатын өз уақыты бар. Осы тұста «Маугли синдромын» мысалға келтіруге болады. Тәжірибеге сай, жануарлар арасында өскен балаларды 7-9 жасында тауып алып, адамдар қоғамына қосқанда, 18-20 жасқа дейін әлгі жеткіншектер тіл үйрене ал­ма­ған. Өйткені бала санасы тілдік дыбыс­тарды қабылдайтын 3 жасқа дейінгі уақы­тында оны естімей өскен. Бес жасқа де­йінгі баланың сензитивті кезеңінде «ма­хаббат» маңызды рөлге ие. Ал махабатты, ең алдымен, анасы береді. Тәрбиеші жүз пайыз білікті болғанымен, педагогикалық білімі жоқ анасынан артық сүйіспеншілік сыйлай алмайды. Сананы тұрмыс билеген заманда анасы жұмыс істейтін болса, әлбетте бала балабақшаға барады. Сон­дықтан менің балаларымның балабақшаға бармауы бұл саладағы мәселелермен та­нысып, ұлымның қауіпсіздігі үшін алаң­дағаннан емес, әйелімнің үйде отыруға мүмкіндігі болғанынан деп түсіну қажет.
Екіншіден, әр адамның қолынан келетін және келмейтін әрекеттері болады. Білетініңіз бен сізге таныс емес дүниенің арасындағы осы өтпелі кезең «іргелес даму өрісі» деп аталады. Ол барынша кең болған сайын, танымдық қабілеттерді дамытуға көбірек мүмкіндіктер ашылады. Үйде екі- үш бала болса, кішкентайларының іргелес даму өрісі бауырлары бола алады. Кіш­кентай бүлдіршіннің тілін әдетте өзінен сәл үлкен ағасы түсініп тұратынын байқаған шығарсыз. Алдыңғы балаларға қарап, үйрену қабілеті тез қалыптасады. Балабақшада бір топтағы балалардың жастары шамалас болғандықтан, олардың іргелес даму өрісі тең.
Үшіншіден, қарым-қатынас. Бәріміз – қарым-қатынас нәтижесіміз. Өзімізге көрсетілген қарым-қатынастың проек­циясын басқа адамдарға қатысты қолда­намыз. Балабақшадағы білім, ақпарат беру, оқыту аясындағы қарым-қатынас Гарвардтың осы туралы мақаласында «саяз қарым-қатынас» деп аталады. Күрделі, бірақ саяз. Ана мен бала, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас одан әлдеқайда терең.

Тәрбиешілерге сену керек

Баланың даму ерекшеліктерінде балабақшаға беруге болатын, болмайтын уақыты болады. Ал бізде баланы бала­бақшаға «тілі шыққан кезде беру керек» деген бір ғана анықтама бар. Өйткені бала біреу ұрса айтып, не жегенін түсіндіре алу керек. Біздің өлшеуіміз, өкінішке қарай, осы болып тұр. Баланы балабақша не мектепке бергенде сеніп тапсыру керек деп ойлаймын. Ал біз баланы күтушіге, тәрбиешіге тапсырып қоямыз да, камералар орнатып, әр қадамын бақылап жүреміз. Бұл тәрбиешіні сондай әрекетке итермелеу деп түсінемін.
Ханбибі Мүсірәліқызы – тәрбиеші. Ол аталған пікірмен келісіп, өзінің алты жылдық еңбек өтілінде шағымы мен күдігі көп ата-аналардың қатары күн санап артып келе жатқанын байқағанын айтады.
Алты жылдан бері мектепке дейінгі тәрбие саласында жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында шағымы мен күтімі көп ата-аналардың қатары арт­қанын байқауға болады. Мәселен, кейде балалар өтірік айтады. Бұл олар­дың ата-ана назарын өзіне аударудың өзін­дік әрекеті болуы мүмкін. Бала өзінің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін байқап, үнемі «Саған ешкім тимеді ме?» деген сұрақ алса, ата-ана қамқорлы­ғын барынша сезіну үшін «Мені ренжітті» деп мәлімдеуі мүмкін. Еңбек тәжірибемде бір баланың анасы «Ұлымды неге ұра­сыз?» деп келді. Ал мен оған қолымның ұшын да тигізген жоқпын. Баласының айтқанына имандай сеніп, басқа дәлел тыңдағысы келмейді. Баладан «Апай, сені ұрды ма?» деп сұрасаң, «Иә» дейді. «Мені апайың ұрмайды ғой, ә, ол сені жақсы көре ме?» десек, тағы да сол жауапты алдық. Мен өзім тәрбиелеген балалардың ата-аналарымен балабақ­ша­дан тыс өмірде де жақсы қарым-қатынас ұстанып, достық байланыстарымызды сақ­тап қаламын. Бірнеше жылдан кейін, ұлын жетектеп келіп, мені айыптаған әйел «Ба­лам өтірік айтқан екен» деп, кешірім сұрады.

Тәрбиеші ұрмасын десеңіз, сіз де ұрмаңыз!

«Білім беру саласындағы қандай да бір реформаның сәтті орындалуы жартылай ғана мұғалімнің мойнында. Мұнда ата-ана­ның да қосар үлесі бар» деген ой қосқан Ес­кендір Бестайдың ата-аналарға айтары көп.
– Баласын біреу ұрса, асырып айтатын ата-аналардан «Сіз балаңызды ұрып көр­діңіз бе?» деп сұраңызшы. Өкінішке қарай, жауап белгілі. Егер өз балаңызға өзіңіз қол көтеретін болсаңыз, біреуге ренжуге құқығыңыз жоқ. Мұның бәрі – балаға жеке тұлға сияқты емес, мүлік есебінде қараудың нәтижесі. Кез келген шешім қабылданғанда бала жеке тарап ретінде қарастырылса деймін. Мысалы, әйел мен ер адам ажырасатын болса, олар өзара мүлікті және баланы бөліседі. Мұнда бала сол процестегі өз ойы бар үшінші тәуелсіз тарап емес, арада жүретін мүлікпен тең болып тұр. Балабақша, мектеп, орталық таңдауда баланың пікірі тағы да ескерілмейді.
Мысалы, менің жеке телефонымды өзім құлатып алсам, қалтама салып қоя­мын, біреу құлатып алса, ақшасын тө­ле­темін. Баласын өзі ұрса, қалыпты құбы­лыс көріп, тәрбиеші қол көтерсе, сотқа сүй­рей­­тін әдет осы мүлік қатынасына ұқсайды.
Ханбибі Мүсірәліқызы балабақшалар­да тәрбиешілерге қатысты туған даудың бір ұшын мектепке дейінгі тәрбие беру мекеме қызметкерлерінің жалақысының аздығы, жұмыс жүктемесінің ауырлығымен байланыстырады.
– Балабақша тәрбиешілерінің жала­қысы төмен деп ойлаймын. Таңнан кешке дейін істеп, 45-50 мың теңге алатын қыздар бар. Оқу бітірген жас маман үш жыл жұмыс істеп, екінші санатқа көшеді. Алатын 45 мың айлығына сондағысы 3-4 мың теңге ғана қосылады. Бірінші санатқа өту үшін тағы 5 жыл керек. Сонда бірінші санатқа қабылданып, жалақысына 10 мың теңге үстеме ақша қосылуы үшін жас маман сегіз жыл уақыт жұмсайды.
Тәрбиешілер ауысыммен істеуі керек. Көп жекеменшік балабақшада ақша үнемделіп, бір адамды кешке дейін жұ­мысқа салады. Қазір бала мектепке дайын болып баруы керек деген талап қойылады. Сондықтан балабақшадағы ересек топ түлектері санай да білуі, әріптерді буынға бөліп оқуды да меңгеруі керек. Көрдіңіз бе, қандай қиын тәрбиешілерге?
Әлеуметтік желіге жүктелген видео­лардан баланы жастықпен тұншықты­рып, аяқпен тепкен тәрбиешілерді көрдік. «Неге бұлай жасадыңыз?» деген сұраққа олар «Жүйкем жұқарды» деп жауап береді. Жүйке тұрмыстық тапшылықтан, жала­қының төмендігінен, жұмыстың ауыр­лы­ғынан жұқарады. Елімізде мұғалімдер мәселесі көп көтеріледі. Балабақша қыз­меткерлері сол мектеп мұғалімдерінің көлеңкесінде қалып кетеді. Мысалы, 27 қыркүйек – тәрбиешілердің мерекесі. Ол күн тойланбайды.
Психолог маман Айымжан Байдер­бекова тәрбиешілерді сауықтыру ісі қоғамды шулататын оқиға орын алған кезде ғана емес, үнемі қолға алынып, қызметкердің денсаулығы мен жүйке жүктемесіне баладан кем емес көңіл бөлінсе дейді.
– Ең әуелі, тәрбиешінің жұмысы ауыр екенін ескеруіміз керек. Бір топта, ең кемі 1-2 тәртібі нашар бала болады. Апайдың айтқанына көнбей, талабын керісінше орындайтын балалардың тәртібі туралы тәрбиеші күнде ата-анасына шағым айта алмайды. Өйткені қазір ашуға тез бой алдыратын, баласына шаң жуытпай, кінәні ешқашан туған ұл-қызынан көр­мейтін ата-ана көп. Тәрбиеші ата-ананың, меңгерушінің, мекеме басшысының нұс­қаулары мен талаптарын тыңдайды. Барлық іс-шараларды ұйымдастырады. Балалармен күнде жұмыс істейді. Бала тәрбиесіне қатысты уақытша үйде отырған әйелдің жұмысқа шығуға асығатынын білеміз. Ал тәрбиеші ол балалармен күнде отырады. Олардан шығып, дәл солай шулайтын, мінезі мен қалаулары әртүрлі өз балаларына барады. Сондықтан тәр­­биешінің жүйкесіне тым артық жүктеме түседі деп ойлаймын. Біз сол тәрбиеші ойыншықты орнына қой деп төртінші рет қайталағанда, әлгі баланы өзін ұстай алмай қол көтеретін кезге жеткеннен кейін, ойланбай, сондай оқиғалардың алдын алу үшін психологпен жұмыс істеу керек. Қазір балабақша психологы айына бір-екі рет тәрбиешілерге тренингтер өткізіп тұрады. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Бала ата-ананың қимылын қайталайды

Ескендір Бестай ата-ананы бала мен тәрбиеші арасындағы алтын көпір рөлінде көріп, бүлдіршін тәлімгеріне құрмет көрсетуді, сенуді әкесі мен анасынан үйренеді деген тұжырымға сенеді.
– Гордон Ньюфолд деген канадалық психолог балабақшасына келген ата-аналардан «Балаңыздың осында тәрбие­ленгенін қалайсыз ба?» деп сұрап, оң жауап алса, «Онда сіз менің көзіме қарап, күлімдеп, басыңызды изеп, екі минуттай тұрыңыз!» деп тапсырады екен. Ол бұл әдістемесінің мәнін «Сіздің әрекетіңіз балаға менің «сенімді адам» екенім туралы белгі беріп, ол дәл сондай қарым-қатынасты маған қатысты құра бастайды» деп түсіндірген.
Шетелде helicopter parents деген ұғым бар. Ол баласына шектен тыс қамқорлық көрсетіп, оны жанынан бір елі ұзатпайтын ата-аналарға қатысты қолданылады. Олардың арасында баласы оқуға түскен университет жанынан үй жалдап, ұлының әр қадамын телескоппен бақылап отыр­ғандар да бар. Біздің бала өмірін толық қадағалауға тырысатын әдетіміз жалғаса берсе, осыған әкеліп соғады. Бұл – жақсы құбылыс емес. Хеликоптер парентс баласын жанынан бір елі ұзатпайтын ата-аналар құбылысы бар. Біздің уайым асқына берсе, соған әкеледі.
Біз баланы бөтен адамнан қорқуға үйретеміз. Баланың бөтен адамнан зардап шегуіне қарағанда, тамақтан қақалып өлу ық­тималдылығы әлдеқайда жоғары. Біз неге онда балаға тамақ бермей қоймай­мыз? Осындай ойлар қамтылған Overpa­ren­ting деген кітапта ата-аналардың балаға бөг­де кісіден іргесін аулақ салып жүру тура­лы қашаннан бастап ескерте бастағаны сипатталады. Интернет жоқ кезде сүттің сыртына жоғалған балалар туралы ақпарат жапсырылып, таратылған. Осыны көрген ата-аналарда қорқыныш арта түскен. Қазір бізде де балабақшадағы тәрбиешінің баланы ұрғаны төңірегіндегі ақпараттық шу көп. Мұндай ақпаратты жаңалықтан беруге, әлеуметтік желіде бөлісуге қар­сымын. Бұл ата-ананың уайымын күшейтіп, сенімін азайтады.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз