«ЖАС ӨРКЕН» ЖАС МАМАНДАРДЫ КҮТЕДІ

116
0
Бөлісу:

Алматы энергетика және байланыс университеті қабырғасында «Жас өркен» бағдарламасының ұйымдастырушылары жастармен кездесті. Аталған бағдарлама – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жеке жобасы. Олардың бастамасы бойынша компания сынағынан сәтті өткен талапкерлер болашақта әл-ауқат қоры және оған тиесілі еншілес компанияларда қызмет істеу мүмкіндігіне ие болады.

Жоба былтыр басталған. Биыл да жалғасын тауып жатыр. Өтініштер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылданады. Оған бакалавриаттың немесе магистратураның 2017, 2018 және 2019 жылдардағы түлектері қатыса алады. Бағдарлама жетекшісі Гүлнұр Жасекенованың айтуынша, келесі жылы жобаға қатысып, ниет білдіруші жастар саны 30-ға жетпек.
– Екі жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ «Жас өркен» бағдар­ла­масын «Самұрық-Қазына» Корпо­ра­тивті университетімен бірлесе жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында 40 қа­тысушыға тәжірибе жинауға мүмкіндік берілді. Олардың 20-сы биыл тағы­лымдама бағдарламасын тамамдайды. Бұл бағдарламаға деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, біз 2017 жылы 594 өтінімді қабылдасақ, 2018 жылы бұл көрсеткіш 737-ге дейін артты. 2019 жы­лы 30 қатысушыны іріктеп алу жос­пар­ланып отыр. Бағдарламаның та­ныс­­­ты­рылымын еліміздің 11 қаласында және 92 ЖОО-да өткізгелі отырмыз, – дейді ол.
Жас мамандарды іріктеу төрт кезең арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде бағдарламаға қатысуға өтініш білдіреді. Ол өтініш мақұлданғаннан кейін екінші кезеңде қатысушы арнайы тест тапсыруы тиіс. Одан кейін кан­дидатпен сұхбат жүргізіліп, оның ком­пания жұмысы барысында қаншалықты жылдам әрі сапалы шешім қабылдау қабілетіне назар аударылады. Төртінші кезеңде конкурстық комиссия үміт­керге қатысты түбегейлі шешімді жа­рия етеді. Төрт сыннан сүрінбей өткен жастар екі апталық оқу курсына қаты­сып, одан соң 20 айлық еңбек келісім­шарты негізінде түрлі мекеме­лерден тағылымдамадан өте алады. Тәлім алушылар әр 5 ай сайын «Сам­ұрық-Қа­зына» компаниялар тобына кіретін төрт түрлі кәсіпорында шебер­лігін шың­дайды. Кейін өзінің кәсіби білік­тілігін паш ете алған жас маман ком­паниялардың біріне жұмысқа тұрмақ.
Болашағынан үміт күттіретін сон­дай жастың бірі – Жарқын Сәрсен­ғалиев. Ол – ақпараттық технология­лар саласының маманы. Бастапқыда мұндай ірі ортаға сіңісіп кетуге күмәні болған. Алайда шынайы өмір бары­сында араласып, компанияның шапа­ғатын сезінгеннен кейін шын білімді адамның жолы әркез ашық екеніне көзім жетті дейді ол. Жас маман ал­ғашқы бес айын KEGOC компа­ния­сының ақпараттық технологиялар бө­лімшесінде өткізсе, одан кейін Қы­зылордадағы «Шалқия» кен орнындағы еншілес компанияда жұмыс істеген. Ол жерде бизнес процестерді сипаттау жауапкершілігін ойдағыдай жүзеге асырыпты. Қазір үшінші тағылым­да­масын «Эйр Астана» АҚ-да жалғас­тырып, жобаларды басқару бөлімінде тәжірибесін шыңдауда.
– Әр компанияның өзінің тәртібі, өзіндік корпоративтік құндылықтары болады. Оған үйренісіп, бейімделіп кету оңайға соқпайды. Дегенмен біз барынша тырысамыз. Мұндай кезде тәлімгерлеріміз көп көмегін тигізеді. «Самұрық-Қазына» әр еншілес компа­ниядан бізге бағыт-бағдар беретін тәлімгерлерді дайындайды. Олар жыл­дар бойы жинаған тәжірибесін бізбен бөліседі. Қазір үшінші тағылым­даманы өткізіп жатырмын. Алда соңғы кезең бар. Соны аяқтағаннан кейін компания атқарған жұмысымызды талқылап, түрлі компаниялардың ұсыныстарын қарастырып, жас мамандарды лайықты қызметтерге ұсынады, – дейді Жарқын Сәрсенғалиев.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*