«Қара тізімге» ілініп кетпеңіз…

915
0
Бөлісу:

Қорадағы қойы жоғалса қамығатын қазақ он қозының құнына алған смартфоны жоғалса да ештеңе істей алмай жүр. Өйткені өзгенің малын, өзінің арын ұрлап жүргендер жүгенсіз кетті. Елімізде ұялы телефон ұрлығы күрт көбейді. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанда 4,5 мың байланыс құралы қолды болған. Бұл ресми тіркелгені ғана. Осыған дейін ондай ұрыларға полицейлер ештеме істей алмай келсе, ендігі жағдай мүлдем басқаша болады. Ұсталмаған ұрының әрекеті әшкере боп қана қоймайды, тіркелмеген абоненттер мүлдем байланыссыз қалуы мүмкін.

Бүгінде ұялы байланыс операторлары абоненттерді 1 қаңтарға дейін жедел түрде тіркелуге шақырып жатыр. Тіркел­ме­гендердің телефоны «қара тізімге» ілініп кетуі ғажап емес. Ал ондай құрылғылар байланыстан ажыратылып, жарамсыз күйге түседі. Тіркеу дегеннен жүрегі шайлыққан жұрттың бұл жолғы жаңалықты да жатырқап отырған жайы бар. Жалпы, бұл тіркеу не үшін қажет? Оның оңай жолы қандай?
Иә, ұялы телефондарды тіркеу ережесі, еліміз бойынша бірінші рет жүргізіліп отырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын жаппай нөмірімізді, қала берді телефонымыздың ІМЕІ-кодын тіркетіп, әбден әбігерге түсіп едік. Сол жолы да құқық қорғау органдары бұл бастаманың жоғалған телефонды тез табуға көмектесетінен сендірген еді. Өкінішке қарай, одан еш нәтиже көрмедік. Сөйтсек, тек нөмір мен ІМЕІ-кодты ғана тіркеу телефонның шын мәніндегі иесі кім екенін анықтауға жеткіліксіз екен. Жаңа жүйе бойынша сим-картаны, телефонның ІМЕІ кодын және жеке сәйкестендіру (ИИН) нөмірін қосып тіркеу керек. Яғни, IMEI-кодтардың бірыңғай базасында қай телефонның және қай нөмірдің кімге тиесілі екенін тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Егер ол телефонға өзге сим-карта салынса, байланыс бірден үзіледі. Бұл, ең алдымен, телефон ұрлығын түбімен жояды. Енді базар маңындағы «Телефон аламын, сатамын» деп жүретін жабайы сауда да саябырсиды. Ұрланған телефондар лом­бардтарда да тұрмайды.
Жабайы сауда демекші, Астананың өзінде күніне кемі 30-40, ал жылына орта есеппен 10 мыңға жуық телефон қолды болады екен. Еліміз бойынша жыл сайын 60 мыңға жуық ұялы телефон ұрланады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оның тек 5 пайызы ғана табылатынын көрінеді. Ұялы телефондарды тіркеу кезінде әр құрылғының IMEI-коды ЖСН-ге және абоненттің нөміріне жалғанады. Міне, осы себепті ұрланған телефонды қосу мүмкін болмай қалады. Алдағы уақытта Қазақстанда ұрланған телефонның қай жерде, қай елде қосылып, жұмыс істеп тұрғанын көрсететін бағдарлама да іске қосылмақ.
«Ұялы телефоны жоғалған адамның құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүргенін көрдіңіз бе? Жоқ. Себебі, олар ол оңай табылады дегенге сенбейді. Халықтың 80-90 пайызы мұндай заттарының табылмайтынына көздері жеткен. Міне, біздегі осы нәрсе, ұрыларды одан сайын тайраңдатып қойған еді. Енді ЖСН нөмірі арқылы жөнге салғалы отырған жүйе бір жағынан көңілге қонымды. Бұл тіркеудің тағы бір тиімді тұсы терроризмнің, экстремистік пиғылдағы топтардың жолын кесу. Егер телефон құрылғысы жеке сәйкестендіру арқылы тіркелген болса, қоңыраудың, қауіпті хабарламалардың кімнен тарағанын бірден білуге болады. Дәл осы жүйе сәтті жүзеге асатын болса, жалған ақпарат таратушылар да болмайды» дейді заңгер Нұрлан Садықов.
Тағы бір тоқтала кетерлігі, бұған дейін құқық қорғау органдары ұрланған те­лефонды бұғаттау кезінде бірқатар ке­дергілерге тап болатын еді. Жасырын цехтарда жасалған көшірме телефондар өте көп. Полицейлер жоғалған телефонды оның IMEI-коды арқылы бұғаттап тастаса, сол мезетте контрафактілік жолмен келген IMEI коды осыған ұқсас тағы 400-дей телефон сөніп қалатын. Тіркеудің тиімділі сол, болашақта осындай байланыс құралдарының шекарадан заңсыз өтуін болдырмайды. Ұялы телефон нарығын ретке келтіреді. «Қазіргі науқанды халық дұрыс түсініп, бір кісідей атсалысулары керек. Олар өздерінің абоненттік нөмірлерін ғана емес, қолдарындағы құрылғыларын тіркеулері керек. Бұл тіркеу туралы сөз қозғалғалы, одан астар іздеп жатқандар бар. Ал шын мәнінде, заңға қайшы әрекетке бармайтын әрбір адам бұл тіркелуден бас тартпауы керек» дейді Ұялы байланыс компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі сарапшысы Аслан Әбжақов. Енді халық қаласа да, қаламаса да телефонды тіркеусіз ұстап жүре алмайды. «Заңның талабы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұялы байланыс операторлары тіркелмеген құрылғыларға байланыс қызметтерін көрсетуге құқылы емес» деді Ұялы байланыс компаниясының департамент басшысы Ермек Смағұлов.
Қазір елімізде 26 миллион абонент бар десек, оның тек жартысы ғана тіркелген. Яғни, он миллионнан аса сим-карталардың иесі кім екені белгісіз. Ал 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні, тіркелмеген телефондардың барлығы түгел істен шығады. Абоненттік құрылғыларды тіркеу үшін ұялы байланыс операторларының кеңсесінде сағаттап кезекте тұрудың қажеті жоқ. Онлайн тәсіл арқылы, оңай тіркеліп алуға болады. Өйткені азаматтардың қолданыстағы нөмірлері мен құрылғыларын өз атына тіркеудің аяқталуына бір жарым ай ғана уақыт қалды…

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*