Қашанғы сырттан тасимыз?

170
0
Бөлісу:

Ranking агенттігінің зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың тұтыну шығындарының жартысы тамаққа кетеді екен. Бұл біздің тамаққа тәбетіміздің ашылып кеткенінен бе, әлде табысымыздың төмендігінен бе? Байқауымызша, оның сыры тереңде жатыр. Аграрлық мемлекет ретінде қаншама мүмкіндігіміз бола тұра, соны тиімді пайдалана алмаған­дықтан, азық-түлік тауарларын сырттан тасимыз. Сырттан тасылған тамақ – импорт тауар, сондықтан оның бағасы жоғары болады. Бұл тұрғындардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді.

Азық-түлік қауіпсіздігі – заманауи қоғамның басты мәселесі. Өйткені тұр­ғын­дарды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету – экономикалық тұрақтылық. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің саяси тәуелсіздігінің бірден-бір кепілі. Азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ете алмаған мемлекет саяси да, экономикалық та, ұлттық та қауіпсіздікпен қамтылмаған болып шығады. Сондықтан бұл жеңіл-желпі, үстіртін қарайтын мәселе емес. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсіптерін дамыту бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Дегенмен ешқандай ілгері­леушілік байқалмайды.
– Азық-түлік, тамақ жайы айтылса елдің көбі «Бұл ауылдың мәселесі» деп қарайды, – дейді экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов. – Шындығында, бұл бүкіл қазақстандықтар, тұтынушылар үшін маңызды мәселе. Өйткені тұрғындардың тапқан табысының, айлығының тең жар­тысынан көбі тамаққа кетіп жатыр. Та­мақтың бағасы арзандап жатқан жоқ. Қазір көп өнімнің пісетін күз мезгілі болса да, азық-түлік бағасының төмендегені аңға­рыл­майды. Жәрмеңке ұйымдастырған уақытта 10-15 пайыз ғана арзандағаны бай­қалады. Ал жалпы ондай көрініс жоқ. Бұл нені білдіреді? Осыған қарап, Қазақстандағы аграрлық саясат, елімізде өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі әлі жолға қойылған жоқ деуге болады. Ауыл шаруа­шылығы министрі болып тағайындалған әр азамат өзінше бір саясат жасап алады. Асылжан Мамытбековтың кезінде «Агро­бизнес – 2020» дедік, одан кейін қызметке келген Асқар Мырзахметов «Басқа бағ­дарлама жасаймыз, ірілендіреміз» деді. Жасыратыны жоқ, Мырзахметовтың баста­маларына қолдау көрсетіп, содан көп жақ­сылық күткен адаммын. Өйткені ол дұрыс мәселе көтерді. А.Мырзахметов те қыз­меттен кетіп, енді Өмірзақ Шүкеев қызметке кірісіп, аграрлық саясаттың барлық негізі, қозғаушы күші еңбек өнімділігін арттыру деп отыр. Еңбек өнімділігін арттыру деген сөз – экономикалық тілмен айтқанда, бір мерзім аралығында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі. Мысалы, сауыншылар сиырдан айына пәлен литр сүт сауса, келесі айда оны 20 пайызға көбейтсе, міне еңбек өнімділігі артып, сүт сауу жақсарды деуге болады. Біз ауыл шаруа­шылығының есеп-қисабын дұрыс жүргізе алмай отырмыз. Ал еңбек өнімділігін айту үшін есеп-қисап дұрыс болуы керек. Ауыл шаруашылығындағы субъектілер, онда жұмыс істейтін адамдар, содан кейін еңбек өнімділігінің есебін шығаруға болады. Біздікі сағым қуғанмен бірдей. Қазіргі саясатқа қарап ауыл шаруашылығы тауар­ларын көбейту, оның бағасын түсіру деген сияқты қолжетімділік болады деп ойла­маймын. Мен үнемі Қазақстанның аграр­лық саясатын басқаша өлшемі бар тәсілмен жүргізу керек деген ойды айтып келемін. Ең маңызды талап – әр қазақстандықтың адам басына шаққанда негізгі 10-12 түрлі азық-түлікті пайдалану мөлшерін есепке алып отыруымыз керек. «Қанша адам тамақ ішеді? Ол тамақтың қаншасын өзіміз өндіреміз? Қаншасын шет елден сатып аламыз?» деген азық-түлік балансын жасап алғаннан кейін нақты сан келіп шығады. Бізде осы күнге дейін осындай нақты есеп жоқ. «Ауыл шаруашылығына пәленбай миллиард ақша жібердік, пәлен тонна астық алдық, осынша экспорттап жатырмыз, ұн экспортынан бірінші орынға шықтық» дегеннен келіп-кетері шамалы. Мысалы, Қапшағайда жылыжай ашылды. Өнім өндірілгеннен кейін ол Алматыға келуі керек қой. Жоқ, менің естуімше, Қапшағай тікелей Мәскеуге экспорттайды. Талап – экспортты көбейту. Өз халқымызды та­мақ­тандыра алмай тұрып, экспорт көрсеткішін арттырудан не пайда? Мен ондай саясатпен келіспеймін. Біз өз халқымызды тойындыру саясатымен жұмыс істеуіміз керек. Ол жалаң сөз емес, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең үлкен көрсеткіші – азық-түлік қауіпсіздігі. Ол туралы заң бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын таныстыру барысында «Ет өндіреміз, қымбат шұжықты сырттан аламыз. Өйткені дұрыс өңдеу өнеркәсібі жоқ» деп сынады. Аграрлық мемлекет бола тұрып, өзімізде өндіруге болатын тауарларды сырттан сатып алу – айтуға ұят тірлік. Өнімді экспортқа шығару өз еліңді сол тауармен толықтай қамтамасыз етіп, содан кейін ел бюджетіне экспорт арқылы пайда түсіру деген сөз. Елде азық-түліктің бағасы өсіп жатыр ма? Демек, жетіспейді. Бұл – бір көрсеткіш. Екінші көрсеткіш – дүкен сөрелерінен отандық өнімге қарағанда импорт тауар басым болса, жұмысты дұрыс істемей жатқанымыз. Базар мен дүкен сөрелерін бір қарап шық­қан адам қай тауар өзіміздікі, қайсысы сырт­тан келіп жатқанын бірден түсіне қоя­ды. Өзімізде өндіруге болатын қиярды неге Өзбекстаннан алуымыз керек? Картопты шетелден таситындай не басымызға күн туды? Өйткені мұның бәрі – өзімізде өсіруге болатын тауарлар. Ет – шикізат. Ол шикізат күйінде экспорт жасалса, арзанға кетеді. Шұжық қымбатқа түседі. Бұл халықтың қамын ойлаған адамның тірлігі емес.
Бірқатар азық-түлікпен өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Мә­селен, астықты солтүстік аймақтан, көк­өніс­ті оңтүстіктен алуға болады. Әр облыстың әкімі бір-біріне шығып, облыста жоқ тауарды шет елден емес, еліміздің басқа аймақтарынан алу мәселесін назардан шығарып алған сияқты.
– Менің айтып жүрген аграрлық сая­сатым осыған саяды, – дейді экономист Атамұрат Шәменов. – Ауданның төңірегінде азық-түлікпен қамтамасыз етуді Ауыл шаруашылығы министрлігінің иығынан алып тастап, талаптың бәрін әкімдерге жүктеу керек. Ауылдық және аудандық әкімдер халық не тұтынып отырғанына мән беруге тиіс. Ауылдың әкімі өндіріске араласуы керек. Елдегі бүкіл аудан бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесі болуы керек. Қанша тамақ өндіріліп жатыр, қаншасы сырттан әкелінуде? Балансын жасап, соның төңірегінде жұмыс жүргізілуі керек. Ауыл шаруашылығы саласына қа­тысты «Сыбаға», тағы басқа да әр түрлі бағ­дарламалар бар. Жеңілдетілген несиелер, техника алуға болады. Бірақ сол жеңіл­дік­терді ауыл еңбеккерлері көзін тауып пай­далана алмайды. Әкімшілік соларды ұйым­дастыруы, түсіндіруі керек. Бір ауылдық округтен бір үлкен шаруашылықты ұйым­дастыруға болады. Өзінде көп шығаратын өнімді оңтүстіктің әкімі солтүстіктің әкі­мімен тікелей хабарласып ауыстыруы керек. Керуен жібер. Жолда ұрламасын. Делдалдар болмасын. Өзіңде жоқты сол жақтан алып кел. Картоп, бидай, тағы басқа да азық-түлікті осылай айырбастауға болады. Ұйымдастырушылық, сосын талап жоқ. Осының бәрі аграрлық саясатқа кіреді. «Өздеріңді өздерің қамтамасыз етіңдер, бір-біріңмен тауар айырбастаңдар» дегенді Елбасы да айтып жүр. Айтты қалды. Сол аграрлық саясат емес пе? Жаңа министр келеді де, өзінше бір велосипед ойлап тап­қысы келеді. Бірақ оның дөңгелегі жүр­мейді, педалін басып айналдырады да оты­рады. Жұмыс істеп жатқан сияқты, бірақ дөңгелегі айналмайды. Талайдан бері айты­лып жүрген Астана мен Алматы азық-түлік белдеуінің де жұмысы оңған жоқ. Астанада да, Алматыда да ақша бар. Үлкен қалалар ақшасын шығарып, азық-түлік белдеуіне қайта өңдеу кәсіпорындарын орналастырса, сол жерден өздеріне қажет тауарын алар еді. Соны ойлап жатқан ешкім жоқ. Бізде жоғары жаққа дұрыс ақпар берілмейді. Жоқ нәрсені бар деп есеп беру қалыптасқан. Оны сұрап, тексеріп жатқан адам жоқ. Міне, біздегі аурудың біреуі – осы. Елдегі болмай жатқан мәселелер Елбасының құ­лағына жетсе, ол кісі шешім табудың жолын білетін адам. Жоғары жақтағыларға бәрі керемет, тамаша деген ақпарат беріледі. Бол­май жатқан нәрсе ашық айтылмаған соң дұрыс шешім қабылданбайды. Эконо­ми­кадағы Үкімет саясатының әлсіз тұсы – осы.
Біз елді азық-түлікпен қамтамасыз ету­дің біраз жолын айтқандай болдық. Оны тереңдеп зерттесе әлі талай жолын қарас­тыруға болады. Демек, азық-түлікті сырттан таситындай жағдайымыз жоқ. Сондықтан сала жұмысына сергек қарайтын кез келді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*