Аймақ экологиясы алаңдатады

115
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға келген жұмыс сапарында жергілікті атқарушы билікке аймақтың экологиялық ахуалына, қоршаған ортаның тазалығына жіті назар аударып, түйткілді мәселелерді шешуді тапсырған болатын. Бүгінде сол тапсырмалардың бірі – облыс орталығының оң және сол жағалау­дағы кәріз-тазарту кешендерін жаңарту жұмыстары қолға алынды.

Атырау – мұнай-газ өндірістік аймақ болғандықтан, өңірде экологиялық ахуал өзекті мәселе. Мұнай-газ компа­нияла­ры­нан өзге де кәсіпорын-меке­мелердің нысандарының ескіруінен қоршаған ортаға залал келіп, тұрғындар шағымы көбейіп отыр. Бұған ауаға тараған газ шығарылымдарынан өзге, қаланың оң және сол жағалауындағы кәріз тазарту имараттарының ескеріп, төтенше жағдайға жетуі де себеп болуда.
Атырау қалалық әкімдігі берген мә­лімет бойынша, өндірістілігі 31 мың тек­шеметр болатын механикалық таза­лаудың кәріз тазарту имараты пайда­лануға 1978 жылы берілген. Кәріз тазар­ту имаратының жалпы аумағы 89 600 текшеметрді құрайды. Тазарту имараты Атырау қаласынан 6 ша­қырым қашық­тықта және Халықаралық әуежайдан 2 шақырым солтүстікте орналасқан.
Тазалауға қаланың оң жағалауындағы тұрғын үй массивтерінен және мекеме­лерден, ұйымдардан, қаланың кәсіп­орын­дарынан әлеуметтік мәдени тұр­мыс­тық нысандарынан ағын сулары келіп түседі. Ағын суларының 90 пайызы ком­муналдық-тұрмыстық қалдықтардан тұрады.
Ағын сулары КСС-2, КСС-18 және Нұрсая ықшамауданындағы КСС-нан кәріз тазарту имараттарының қабылдау камераларына келіп түседі және одан ары тазаланбай ауданы 520,13 гектар бо­латын Сарыөзек елдімекенінің аума­ғын­да орна­­ласқан буландыру алаңына келіп түседі. Міне, осы жағдай қаланың эко­ло­гия­лық жағдайына жағымсыз әсер етіп, тұр­ғын­дар тарапынан шағымдар кө­­бей­ді. Ағын суларын толтырудың жо­ба­лық көлемі 19,3 млн текшеметрді құ­рай­­ды. Нақты толтыру – 50 пайыздан кем.
Кәріз тазарту имаратының жабдық­тар­дың ескіруіне және қалада жаңа ықшам­аудандардың құрылысының салынуына байланысты келіп түскен ағын сулардың көлемінің ұлғаюы себе­бінен, соның ішін­де «Нұрсая» ықшам­ауданында меха­ни­калық тазалау­дың қо­сымша қуатта­рын енгізудің және био­­логиялық тазарту има­ратының құ­ры­­лысын салудың қажеттілігі туын­дады. Осы жағдайларға байланысты және кәріз тазарту имаратының қорша­ған ортаға зиянды әсерін азайту мақса­тында және Атырау қаласының оң жаға­лауы­ның қарқынды дамуын ескере оты­рып, қолда­ныстағы кәріз тазарту има­ратына жаң­­ғырту жұмыстарын жүр­гізу және био­­ло­гия­лық тазарту имара­ты­ның құ­ры­лысын салуға қажеттілік туындап отыр.
Тазаланбаған ағын суларының ашық су тоғандарына жіберілуіне байланысты қаланың санитарлық-гигиеналық жағ­дайына кері әсерін тигізетін және эколо­гиялық жағдайды ушықтыру төтенше жағдайға әкеліп отыр.
Атырау қаласының оң жағалауындағы қолданыстағы кәріз тазарту имаратында биологиялық тазарту болмағандықтан және механикалық тазалау имаратының жағдайы қанағаттанарлықсыз болуы, тұрғын үй құрылыстарының қолданыс­тағы кәріз тазарту имаратының сани­тарлық-қорғаныш аймағына жақын орналасуы себебінен жаңғырту шеңберінде тазарту има­ратының ауда­нын «Квадрат» булан­дыр­ғыш алаңына жақын учаскеге көшіру туралы өткен жылы Атырау қаласы әкім­ді­гі­мен желтоқ­сан айында шешім қабылданған.
Тазарту имаратының шығарылымы тәулігіне 60 мың текшеметрді құрайды.
Тазалау технологиясы жеке тасымал­дау­шыға тәуелділікті болдырмау мақса­тында бір нақты өндірушіге тәуелді бол­майтын классикалық сызбаға сәйкес қабылданды.
Жасақталатын жобаға сәйкес шаруа­шылық тұрмыстық ағындар механи­ка­лық тазалау кезеңінен өтеді. Бұдан соң ағын сулар биологиялық тазалаудан өтеді, одан кейін залалсыздандырылып, су пайда­ла­нудың ІІ дәрежесі көрсет­кішіне дейін таза­ланып, «Квадрат» бу­лан­дырғыш ала­ңына жіберіледі. Жо­бамен тазаланған ағын суларын қаланың техникалық қажет­тілігіне пайдалану қа­растырылды. Бас кәріз сорғы стан­­са­сы­ның алаңына, суару машиналары­на құю үшін пайдалануға жіберілетін болады.
– Атырау облысының орталығы соңғы жылдары қарқынды дамуды бас­тан өтке­руде. Бұған Елбасы тапсыр­маларының аймақтарда жүйелі іске асуы айқын дәлел бола алады. Біз бүгіндері сәулетті қала­мыздың экологиялық жағдайы жақсарып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызуда іргелі жобаларды жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Соның бірі – қаланың оң жағалауындағы кәріз тарзарту имаратын салу. Сайып келгенде осының барлығы халықтың игілігі үшін, олардың эколо­гиялық таза ортада өмір сүруіне жағ­дай жасау, – дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Шәкір Кейкин.
Айтарлығы, қолданыстағы кәріз та­зарту имаратының алаңында бас кәріз стансасының қондырғысы болуы қажет. Ол ағын суларының барлығын бір нүктеге жинап, оларды кәріз тазарту имаратының жаңа алаңына беріледі. Сонымен қатар қолданыстағы кәріз тазарту имаратының алаңында 2 дана құю стансасы орнатылуы жобада қарас­тырылған. Бұл Атырау қала­сының ассенизационды машиналарынан түс­кен шаруашылық-тұрмыстық қалдық­тарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Мұнайлы аймақтың тұрғындарының жылдар бойы шағымданып келген өзекті мәселесінің де оң шешім табатын күні де алыс емес. Жобаның аяқталу мерзімі келісімшарт бойынша 2019 жылғы жел­тоқсан айына дейін. Жергілікті атқа­ру­шы билік, бүгіндері қаланың оң және сол жақ жағалауындағы кәріз тазарту имараттарын салумен қатар қаланы көгалдандыру жұмыстарын белсенді жүргізіп, эколо­гиялық ахуалды жақсар­туды мақсат етіп отыр. Осындай игілікті істер, елімізде халықтың жайлы тұрмысы үшін барлық жағдай жасалуы қажеттігін тапсырған Елбасы тапсырмасы орын­далуымен маңызды екенін ұқтырғандай.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*