Ирак аспаны астында…

573
0
Бөлісу:

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде (Самал-1 ықшам ауданы, 44 үй) «Ирак аспаны астында» атты көшпелі көрме өтеді. Шара 8 қараша сағат 16.00-де Алматыдағы Польша Республикасының бас консульдығы мен «Иракқа бостандық» операциясы барысында қаза тапқан қазақстандық бітімгершілік батальонының капитаны, I дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Қайрат Құдабаевтың отбасының ұйымдастыруымен және  Қорғаныс министрлігі, «ҚазБат» бітімгерлер жасағы мен ардагерлер одағының қатысуымен жүзеге асады.

Көрме Польша Тәуелсіздігінің қалпына келуінің 100 жылдығына және қазақстандық бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік отрядының Ирактан шығарылғанына10 жыл толуына арналады.

«Ирак аспаны астында» экспозициясындағы 30 фото-сурет жұртшылық назарына алғаш рет ұсынылады.
Капитан Қайрат Құдабаевтың отбасы 10 жыл бойы фото-мұрағаттарды жинаумен айналысыпты. Көрме «ҚазБат» бітімгершілік батальонының Ирактағы 6 жылдық тарихынан сыр шертеді.


Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық бітімгерлер қызмет барысында Ирак жерін 4 миллионнан астам жарылғыш заттардан тазалаған болатын. 2005 жылы 9 қаңтарда Васип провинциясында бейбітшілік миссияны орындау кезінде қазақстандық сардар, капитан Қайрат Құдабаев ерлікпен қаза тапты.
Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында Двуречья жерінде жанын пида еткен офицердің жарқын бейнесін мәңгі сақтау мақсатында қазақстандық бітімгерлер Қайрат қызмет еткен Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде ескерткіш-белгі орнатты.
Көрмеге ерлікпен қаза тапқан жауынгердің үзеңгілестері, қазақстандық бітімгерлермен қоян-қолтық жұмыс істеген әріптестері Польшадан шақырылып отыр. 2004-2005 жылы Ирак жеріндегі Польша жасағының бас Қолбасшысы болған генерал Ярослав Гут пен бітімгерлік миссия ардагері, резервтегі подполковник Гжегож Брыш, резервтегі майорлар Томаш Бишчак, Богуслав Адамчык кездесуге арнайы келмек.
Олар сапар барысында қазақстандық бітімгерлік полкты аралап, жеке құраммен және Армия үйінде ардагерлер ұйымымен кездеседі.  Сондай-ақ «Ирак аспаны астында» көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, естеліктерімен бөліседі.

Еске алу рәсіміне Алматы аймақтық гарнизоны, Ирактағы қазақстандық бітімгершілік миссиясының ардагерлері, Алматы қаласындағы әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің тәлімгерлері, сондай-ақ әскери-патриоттық клуб мүшелері қатысады. Әскери оркестр мерекелік бағдарлама ұсынып, екі елдің әскери әуендерін орындамақ. Ұйымдастырушылар аталмыш шаралар Қазақстан-Польша арасындағы достық қарым-қатынасты арттыра түседі деген ниетте.
Көрме 25 желтоқсан күні Астанадағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінде, алдағы уақытта Польша Республикасының Гданськ қаласындағы ІІ дүниежүзілік соғыс музейінде жалғасын табады.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*