Жаңақала әкіміне музей басшысы неге жақпай қалды?

1020
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту міндетіміз. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасап, ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» деген болатын.

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында тұтас бір өңірдің тарихын зерттеп, мәдениеті мен руханиятын өркендетіп отырған Аманжол Сәлімов деген азамат тұрады. Бүгінге дейін аудандық музейді басқарып келді. Алайда, алпыстың ауылында жүрген, бар ғұмырын тарих таңбасын зерделеумен өткізген, елдің ықыласына бөленіп, інілеріне «Амантай аға» атанып кеткен Аманжол Сәлімов белгілі себептермен жұмыста 4 сағат болмағандығынан орнынан босатылыпты.

Елі ескерген еңбегі бар, тірлігімен ел мүддесіне қызмет етіп жүрген жанды бір сәтте құрта салу, кімге қажет болды екен? Батыс халқы, Жайық жұрты қашанда әділдікті ту еткен, сөзге қонақ берген ел.

Ендеше, әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген уақиға бейбіт жолмен, оң шешімі шықса деген ниетіміз бар. Бұны Батыс Қазақстан облысы басшылары да, Жаңақала ауданы әкімі де жауапсыз қалдырмас деп білеміз.

Уақиғаның толық желісін баяндау үшін Қазыбек Құттымұратұлы жазған постты толық күйінде ұсынып отырмыз.

 

ЖАҢАҚАЛАДАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІК

Аманжол Сәлімов деген ағамыз бар, біз ол кісіні «Амантай аға» дейміз. Жас кезінде комсомолда істеген, кейін шаруа қожалығын ашып, кәсібін де дөңгелеткен. Көп жыл БҚО-ның Ақжайық ауданында Базартөбе ауылының әкімі болды.

Амантай ағаның бір хоббиі бар – жас күнінен көне жәдігер, тарихи зат десе, есі кетеді. Ел кезіп, жер кезіп жүріп, көне нәрсе көрсе, қолындағы соңғы тиынын беріп сатып алады. Бірақ әлдебіреулерге ұқсап, астыртын антиквариат сатып, қара басының қамын ойламайды. Талай жыл жинаған жәдігерінің үлкен бір тобын Алматыдағы республикалық музейге ақысыз-пұлсыз сыйлағаны бар. Амантай аға жиған жәдігерлерінің бір парасы Ақжайық ауданы музейінде, Атамекен ауылындағы «Жерұйық» музейінде де тұр. Айтпақшы Амантай аға өз ауылы Базартөбеде де өз қаржысына музей ашып, сол өңірдің тарихы мен тұлғаларын шама-шарқынша дәріптеп жүрген еді. Оған тіпті бүгінде шетелде жүрген ғалым Muminov Ashirbek ағамыз да куә. Амантай аға Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандары сол өңірдегі Мәулімберді қорымын зерттеген кезде ғалымдардың бүкіл жағдайын жасап, киіз үй тігіп, әкім басымен зыр жүгіріп, шәй құйып беріп жүрді…

Осыдан екі-үш жыл бұрын ол кезде Жаңақала ауданының әкімі болған Лавр Хайретдинов Базартөбеге арнайы барып, Амантай ағаны Жаңақалаға шақырған. «Жаңақала – тарихы терең өңір ғой. Бізге келіп, музей ашсаңыз. Барлық жағдайыңызды жасаймыз» десе керек. Жаны сүйген ісін «қолдаймын» деп тұрған тірі әкімді көрген соң, әрі ел басқарып отырған азаматтың өтінішін жерге тастай алмай, Амантай ағамыз алпысқа таяған жасында, әкімдік қызметін тастап, жалақысы үш есе төмен лауазымға, танымайтын жерге тәуекел деп тартып кетті.

…Қазір Жаңақалада керемет аудандық музей жұмыс істеп тұр. Бұл – басынан-аяқ осы Амантай ағамыздың еңбегі. Мұндағы жәдігерлердің басым көпшілігі – ағамыздың жеке қорынан. Аз уақыт ішінде жеке көлігімен Жаңақаланың ой-қырын, құм-қойнауын шарлап, өлке тарихын өңірдің өз туғандарынан артық біліп алған. Өз ісіне мұндай берілген, фанат адам аз ғой. Осы іске жапондық жеңіл көлігін аямай салып, әбден шаршатыпты. Қалтасынан қанша қаржы кеткенін өзі ғана білетін шығар. Бірақ музейге бас сұғып, ондағы жүйелі жұмыс пен ғасырлардан сыр шерткен жәдігерлерге таң қалған келушілердің ризашылығын көргенде Амантай аға бәрін ұмытып кетеді. Жақында Алматыдан келген Арман Аубакир (Arman Aubakir) бауырымыз да осы музейде болып, пікірін фб бетінде жазған еді.

Енді не болды дейсіз ғой. 
Қазақы, «қаймағы бұзылмаған» деген Жаңақалада бір дерт бар екен. Жаңақалада туып-өспеген адамды «қаңғыр» дейді екен. Ол кім, еңбегі қандай – ешкімнің шаруасы жоқ екен. Әрине, елдің бәріне топырақ шашуға болмас, бірақ өзін «патриотпын», «әділдіктің жоқшысымын» деп жүрген шіркіндердің өзі осы отты көсеп жүр екен. Оған тиісті орындар, әкім қаралар көз жұмып, ақжүрек азаматты алабайлардың талауына салып қойып, қызығына қарап отырады екен. Жаңақалада әкім ауысып, Наурызбай Қарағойшин келгелі Амантай Сәлімовтің басына бұлт үйірілген. Өткенде аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин шақырып алып, «өз еркіңмен арыз жазып кете ғой» дегенін естіп едім. Әдетте бір-бірімен алысып жүретін арызқойлар мен әкімдер «қаңғырлармен күресте» бірігіп кетеді екен. Өткен аптада Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева Амантай Сәлімовті статьямен қызметінен босатыпты.

Оқиға былай болған: Амантай Сәлімовке жақында Нарын құмының іргесіндегі ауылдардың бірінен «пәлен жерде құм көшіп, астынан адам сүйегі, көне құмыра шығып жатыр» деген хабар келген. Құмның мінезі қызық, дер кезінде бармасаңыз, ол жерді қайтадан таппай қаласыз. Содан Амантай аға зыр жүгіреді. Мұндайда «Ой, жақсы болды, көлігіңіз міне, іссапар шығыны міне, тез жөнеліңіз» дейтін басшылар қане?! Керісінше «қаңғырдың» «сүрінетін жерін» аңдып отырған ғой. Музей меңгерушісі өз көлігімен, өз қаржысымен аталған жерге барып, қымбат жәдігерді тауып, «Жаңақаланың музейін тағы бір тың тарихпен толтыратын болдым» деп қуанып оралса, Акнурлы Еслямгалиева (Aknurli Nurgalievna Eslamgalieva) қызметтен босату туралы бұйрығын әзірлеп отыр екен.

Сонымен, дәл қазір Амантай Сәлімов жұмыссыз.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*