«Күлтегін» көрерменге жол тартты (Трейлер)

246
0
Бөлісу:

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы интернетке «Күлтегін» атты толықметражды анимациялық фильмінің бірінші трейлерін салды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша жарыққа шыққан бұл туынды жалпыұлттық прокатқа қарашаның 22-сінен бастап шығады.

 Жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жасөспірім шағы туралы баяндайды.

– «Күлтегін» фильмі ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауыз біршілігі туралы. Күлтегін – бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – сол кездегі мәдениетті  ашып көрсету ғана емес, сонымен қатар мультипликация арқылы жас көрермендеріміздің тарихқа деген қызығушылығын арттыру, – деді Адай Әбілда.

Жас ұрпақты мейірімді, қайырымды болуға, сонымен қатар Отанды сүюге тәрбиелеуді алдына мақсат қойған режиссер Адай Әбілданың осыған дейін де түсірген қысқаметражды фильмдері  көптеген Халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, жүлделі орындардан көрінген.

Ұзақтығы: 60 минут
Тілі: қазақ тілінде
Қоюшы режиссер: Адай Әбілда
Сценарий авторлары: Адай Әбілда, Жәнібек Нұрбекұлы
Қоюшы суртшілер: Қасиет Сақиолла, Жәнібек Нұрбекұлы, Адай Әбілда

Композиторы: Әсет Дәненов

Аниматорлар: Абзал Инсебаев, Қуаныш Нағгыз, Мейіржан Төлепбай, Шаттық Тұрсынали, Қасиет Сақиолла, Ермек Мананбаев, Жақсыбек Кәміл, Бағдар Жынсабек, Қали Бақытхан, Гүлжан Қаділбек, Мариям Қалибек, Темірлан Кенжеғалиев, Кұнанбай Әбелдинов, Жанәділ Байдарбек, Шыңғыс Сапар.

– Өкінішке орай, бүгінде отандық телеарналар негізінен балаларымызға біздің менталитетке жат шетелдің мультфильмдерін көрсетіп жүр. Соңғы кездері балаларды мейірімділікке шақыратын мультфильмдер жоқтың қасы. Ол фильмдерде әдемі ашық бояулар да, жарылыстар да, қызықты кейіпкерлер де бар, бірақ ең бастысы – мән-мағынасы жоқ. Әдемі қағазға оралған кәмпит сияқты, ал ішінде ешнәрсе де жоқ. Бұндай үрдісті тоқтату қажет. Өзіміздің ұлттық кейіпкерлеріміз керек, – деді режиссер.

Анар Қоныс

Бөлісу:

Пікір жазу


*