Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында қола медаль алды

181
0
Бөлісу:

Қазақстандық ауыр атлет Надежда Лихачева Ашхабадта өтіп жатқан әлем  чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, қола медаль еншіледі.

Лихачева әлемдік додада 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын. Ол екі бағдарлама қорытындысы бойынша 242 келі көтерді. Алтын медалді қытайлық спортшы Ван Ли Чжан (267) алса, күмісті египеттік атлет Сара Ахмед (252) алды.

Надежда серпе көтеруде кіші күмісті алған болатын. Ал жұлқа көтеруде ол небәрі жетінші көрсеткішпен шектелген.

Еске сала кетейік, 23 жастағы Қазақстанға 2017 жылы келген. Оған дейін спортшы Ресей атынан жарыстарға қатысып, 2015 жылы Еуропа чемпионатында тіпті күміс жүлдегер атанған.

Ал ел үміт күткен спортшылардың бірі Денис Уланов В тобында жарысқа шығып, екі бағдарлама нәтижесінде 352 келімен шектеліпті. Сөйтіп, он қатысушының арасында алтыншы орынды қанағат тұтты. Еске салсақ, Уланов 2016 жылы Рио олимпиадасында 85 келіге дейін өнер көрсетіп, төртінші орын алған еді. Бірақ кейін қола жүлдегер румыниялық Габриэль Синкраянның қанынан допинг табылып, қола медаль қазақстандық спортшыға бұйырған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*