ТҮЙЕ ДЕГЕН ТҮЛІК БАР

116
0
Бөлісу:

Елбасы биылғы халыққа Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет», – деп мал шаруашылығын дамытуға, оның өнімін молайтуға, экспорттық әлеуетін арттыруға байланысты талап қойды. Бізде төрт түліктің төресі саналатын түйе шаруашылығын дамыту жағы әлі күнге дейін жөнді жолға қойылмаған.

Әлемде түйелердің 60 пайызы Африкалық Мүйіз, Сомали, Судан, Эфиопия, Кения елдерінде шоғырланған. Көпшілігі Сахара мен Солтүстік Африка елдерінде. Жер шары бойынша түйе саны 30-35 миллион басты құрайды екен. Статистика деректеріне жүгінсек, биылғы жеті айда Қазақстандағы жылқы 6,6 пайызға ұлғайып, 2,7 миллионға, ірі қара саны 6,4 пайыз көбейіп, 7,8 миллионға, түйе – 6,2 пайызға артып, 211 мыңға жетіпті.
Күні кеше ғана Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан отызға жуық түйе Біріккен Араб Әмірлігіне экспортталғандығы туралы хабар жетті. Түйе өсірумен шұғылданып отырған «Жеңіс» шаруа қожалығынан осы­лайша 20 бас және тағы бірқатар кәсіпкерден 9 бас түйе шетел асты. Осы уақытқа дейін Қызылорда облысынан 100 түйені ұшаққа артып алып кеткені белгілі болды.
Түйе өсіру – еліміздегі мал шаруашы­лығының дәстүрлі салаларының бірі. Елі­міздегі жайылымдық жерлердің жартысынан астамын шөл және шөлейт алқаптар алып жатыр. Қазақтың қос өркеш түйесі аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді. Тұқымы бөлек. Бұл жарықтық шөл-шөлейтті жерлерге жақсы бейімделген. Дәрігерлердің айтуынша, шұ­батты тұрақты пайдаланатын адамдардың туберкулезбен мүлдем ауырмайтындығы анықталған.
Алматының іргесінде «Дәулет-Бекет» дей­тін Қазақстандағы ең ірі түйе шаруашылығы бар. Қазір бүкіл Алматы облысын шұбатпен қамтамасыз етіп отырған Сыдық Дәулетов – әлемдегі түйесі көп екінші адам. 20 жыл бұрын Қарақалпақтан дромедар тұқымдас бір түйе әкелген. Бұл күнде оның 5000-нан астам түйесі бар. 2009 жылы шұбат өндіретін зауыт ашты. Биыл түйе сүтімен емделетін санаторийды іске қосты. Қазақстандағы түйе сүтін өндіріп, мал өсірумен айналысатын жалғыз ірі компания осы.
Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» атты еңбегінде: «Қазақтың жылқымен қатар ұстаған малы – түйе. Қазіргі Ақтөбе облысының сортаңды, шақатты жерінде, өткен ғасырда Қара есімді бай болып, оған «отыз соқыр» аталған түйе табыны біткен. «Соқыр» дейтіні есебінен жаңылмау үшін, әрбір жүзінші түйенің сол жақ көзін шығарады екен. Сондай соқырлар, Қарада отыз болған, яғни үш мың түйесі болған», – деп жазыпты. Ақтөбе облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда, облыс бойынша түйе саны 15 261 басқа жеткен. Түйе малының ең көп өсірілетін жері – Шалқар мен Байғанин аудандары. Елімізде түйе шаруашылығымен Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары көбірек айналысады. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Ақ­суаттың маңындағы Түйебаз телімінде Данияр Тапанов деген азамат түйе ұстайды екен.
Өкінішке қарай, асылтұқымды түйе шаруа­шылығы деген түсінік әлі қалыптаспай отыр. Кеңес кезінде бәлшебектер жылқы мен түйеге қырын қарады. Ырғызда Тел Жаманмұрынов деген кісі кезінде Моңғолиядан 500 түйе алып келген екен. Кейіннен сол түйелердің бәрін құртқан, өзін «халық жауы» деп атып тастаған.
Тәуелсіздік заманы түйе түлігінің бағын ашты деуге де болады. Түйе өсірушілерге мемлекет тара­пынан жеңілдіктер қарастыры­лып та жатыр. Әр асылтұқымды інгенге бағып-күтуге 5 мың теңгеден жергілікті бюджеттен қаржы беріледі. Асылтұқымды түйе сатып алатын шаруаға үкімет шамалы болса да қаржылай жәрдем береді. Мал ұстаймын дегендерге түйе өсіру өте пайдалы. Бұл күнде түйе сүтіне сұраныс көбейген. Шұбаты, еті, жүні өтімді әрі бағалы. Бір түйеден алынатын жүн 15 қойдың жүніне тең.
Қазір ауылда тұрып мал ұстамайтын қазақ көп. Солар түйеге неге көңіл бөлмейді екен?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*