Стартап – экожүйені дамытудың драйвері

119
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технологиялық паркінің ресми ашылу салтанатына қатысты. Президент отандық стартап жобалармен танысып, R&D зертханаларын аралады, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысы жөніндегі баяндамаларды тыңдады.

Елбасы салтанатты ашылу рәсіміндегі құт­тықтау сөзінде шара қатысушыларына риза­шылығын білдіріп, Қазақстанның төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаң­ғыруға қадам басқанын атап өтті. Ақ­парат­тық технологиялар қолданысы мем­лекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын факторға айналғанын, Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде алғаш болып, мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқаға көшіргенін айтқан Прези­дент цифр­ландыру аясында қол жетуі керек нысаналы индикаторларға тоқталды.
– Халықтың 75 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Мектептердің 90 пайыздан көбі цифрлық құрылғылармен жабдықталған. Кедендік декларациялар түгел электронды негізде рәсімделеді. Тұрғындардың өмір сапасын арттыру үшін үлкен қалаларда Smart city жобасы енгізіліп жатыр. Астана қаласының түбіндегі 20 мың тұрғыны бар қалашықты толықтай «ақылды қала» үлгісінде жабдықтап, пилоттық жобаны сынақтан өткізіп жатырмыз. Кейінірек бұл тәжірибелер Астана мен Алматы қалаларына енгізілетін болады. 2021 жылдың соңына қарай кеңжо­лақты интернетке қолжетімділік 82 пайызды құрайды. Ақпараттық технологиялар паркі, Назарбаев университеті инновациялық клас­терлерінің қатарына IT мамандарын дайын­дайтын жаңа оқу орны қосылады. Бұл мақсатта 2019 жылдың 1 қыр­күйегінен бастап, Astana Hub аясында IT университет жұмысын бастайды, – деді Президент.
Президент ірі мемлекеттік компаниялар мен отандық кәсіпкерлерді стартап жобалардың коммерциялануына үлес қосуға шақырды. Отандық IT өнімдерге кәсіпкерлік қауымдастық тарапынан сұраныс тудыру, стартап жобаларын жан-жақты қолдау Премьер-министрдің жеке қадағалауына алынатыны ескертілді.
Astana Hub IT стартаптардың халықаралық технопаркі Қазақстан мен тұтас өңірдің ин­новациялық бизнесін дамыту, жаһандық нарық үшін дайын шешімдер ұсыну мақсатына жұмыс істейді. Технопарк қатысушылары оңтайлан­дырылған визалық және еңбек режимімен қам­тамасыз етіліп, салықтық және өзге де жеңіл­діктерге қол жеткізе алады. Қазақстандағы стартап экожүйесін дамытудың драйверіне айналады деп күтілетін технопарк өнімдерін 146 табысты стартап командалары пайдаланып отыр.
Бүгінгі таңда 22 стартап акселераттау бағдарламасынан сәтті өтіп, аясында үш айда 6 мың қатысушының басын қосқан 100-ден аса мамандандырылған іс-шара ұйымдастырылған. Технопарк 2022 жылға қарай 67 млрд доллар венчурлық инвестиция тартып, 2025 жылға қарай құны 1 млрд долларға бағаланатын ком­пания құруды жоспарлап отыр.
Шараға қатысқан Эстонияның Премьер-министрі Юри Ратас өз сөзінде Қазақстан Эстонияның өңірдегі ең жақын әрі маңызды әріптесі екеніне ерекше тоқталып, цифрландыру саласындағы өзара әріптестікке ықылас білдірді. Құрметті қонақ Астананың көз ілеспес қар­қынмен дамуын және «Қазақстан–2050» страте­гиясында цифрландыру мен инвестицияға басымдық берілетінін ерекше атап өтті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы IT-кеңестің басшысы Мирус Құрмашев Президенттің жаңашыл бастамаларға білдірген айрықша қолдауы мен жастарға артқан сенімі үшін алғыс білдірді.
– Бір жыл бұрын сіз көрмеге келіп, барлық жас қатысушыларға үлкен ынта мен сенім сыйладыңыз. Сол кезде маған «Бұл – сендердің болашақтарың!» деп едіңіз. Осы сөздеріңіз қанат бітіріп, біз өз бастамамызбен өңірлерді араладық. Жергілікті жастармен кездесіп, оларға отандық IT салада идеяны дайын өнімге айналдыруға барлық мүмкіндіктер бар екенін түсіндірдік. Тәжірибе алмасу үшін Ресей, Түркия, Сингапур мен Беларусь мемлекетінде болдық. АҚШ-қа сапарымыз кезінде әлемдік алпауыт ком­па­нияларда жұмыс істейтін қандастарымызбен Қазақстанның цифрландыру саласындағы мақсаттарымен бөлістік. Бүгінде елімізге оралып, өз жобаларын қолға алған мұндай білімді азаматтар қазір осы залда отыр, – деді ол.
IT қауымдастықтың тәжірибесін мұқият тыңдап, жылы қабылдаған Мемлекет басшысы ІТ-технологияларды дамытуға тартылған дарынды жастарды қолдау қажеттігіне назар аударды.
– Бізге ІТ таланттардың жаңа буынын қалыптастыру керек. Басты мақсатымыз – ақылды әрі қабілетті балаларға көмек көрсету. Біз жеке бастамаларды, бағдарлама жасау мек­тептерін, роботтық техника мен кибер-спортқа қатысты спартакиадалар мен олим­пиадаларды жан-жақты қолдаймыз. Жоғары оқу орын­да­рында оқу бағдарламалары жаңартылды, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанда Бизнесті жебеушілер клубын (QazAngels), Венчурлік капиталистер қауымдастығын және Бірлесе инвестициялау қорын құру мәселесі жөнінде айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты инновациялар мен цифрлық техно­логияларды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырып, бұл саланы ілгерілету үшін зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
Осы күні Елбасы Эстония Премьер-министрі Юри Ратаспен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі мемлекеттің цифрлан­дыру және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективаларын талқылады, сондай-ақ сауда-экономика қарым-қатынастарын дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Эстония Премьер-министріне ризашылық білдірді.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*