Баспана құрылысы жаңа межені бағындырады

79
0
Бөлісу:

Биыл жыл басынан бері 77 мың отбасы қоныс тойын тойлаған. Бұл ақпарат Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының 2018 жылғы тоғыз айдағы қорытындысы шығарылды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 9 ай қоры­тын­ды­сында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқы­лы 8,8 миллион шаршы метр тұрғын үй ел игі­лігіне тапсырылыпты. Бұл 2017 жылғы ұқсас кезеңдегіден 11,6%-ға көп.
– 77 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Оның ішінде 9,5 мыңға жуық отбасы мемлекет қаржысына салынған баспананы алды. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ған­да, 31,5%-ға артып, 818,9 миллиард теңге­ге жетті. Былтыр 507,8 млрд теңге болған, – деді Жеңіс Қасымбек.
Бұл жерде өсім мемлекеттік шығыстардың артуы есебінен болмаған. Қайта, қалталы инвесторлар мен компаниялар үй салып, сатуға ден қойып, өткен жылға қарағанда көбірек қаржы құя бастапты. Нәтижесінде, жеке құрылыс компаниялары инвестицияны 53%-ға арттырған. Қазақстандықтар да жыл­жы­майтын мүлікке бағыттаған қара­жат­тарын 43,2%-ға өсірген. Салада мемлекеттік инвес­ти­цияның 1 теңгесіне (102,5 миллиард теңге­ге) жеке инвестиция­лар­дан 8 теңге (819,9 млрд теңге) тартылды.
Министрдің дерегінше, жалпы алғанда, 2018 жылы Қазақстан бойынша кем дегенде 12,1 миллион шаршы метр жаңа баспана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Оның тек 1,3 млн шаршы метріне немесе 22 мың пәтерге мемлекет қаржысы шығын­да­лады. Осы пәтерлер әкімдіктерде үй кезегінде тұрған осал топтар, бюджеттік сала қызметкерлері, шенеуніктер және басқалар арасында тегін немесе несиеге үлестіріледі. Тарата айтсақ, жалпы ауданы 184,5 мың шаршы метр болатын 3 мың 470 пәтерді әкім­діктер сатып алу құқығынсыз жалға береді. 560,8 мың шаршы метрлік 9 мың 793 пәтерді жергілікті атқарушы органдар ТҚЖБ арқылы кредитке ұсынады. 1 мың 542 пәтерді (80 мың шаршы метр) Қазақстан ипотекалық компа­ния­сы арқылы сатып алу мүмкіндігімен жалға беріледі. 7 мың 282 пәтер (403,5 мың шар­шы метр) «Самұрық-Қазына» Жылжы­май­­тын мүлік қоры» АҚ-ы баспанасы жоқ қазақстандықтарға сатады және жалға береді. 588 пәтер (34 мың шаршы метр) болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» кіретін «Байтерек девелопменттің» тұрғын үйлері.
Министр жаңа тұрғын үй кешендері бойын­ша қай өңірлер көшбасшы атанғанын айтты:
– Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша қол­данысқа берілген тұрғын үй көлемі жөні­нен Астана (1,8 млн), Алматы (1,3 млн) қала­ла­ры мен Маңғыстау облысы (910,5 мың шаршы метр) алда келеді. Ал тұрғын үйлерді іске қосу қарқынын арттыру Шымкент қала­сын­да (былтырдан бірден 48,6%-ға артты) және Алматы (59%) мен Маңғыстау облыс­тарында (37%) байқалады. 2017 жыл­мен салыстырғанда, тұрғын үйді іске қосу қарқыны 2 өңірде төмендеді. Олар Аста­на қаласы (-10,3%) мен Қызылорда облы­сы (-13,7%). Бірақ бұл өңірлерде биыл тұр­ғын үй құ­рылысы қарқынының төмендеуі өткен жы­л­ғы қарқынның аса жоғары болға­ны­на бай­­ланысты, – деді Инвестиция­лар және даму министрі.
Мәселен, елордада өткен жылы EXPO аумағында тұрғын объектілердің көптеп қол­да­­­нысқа енгізілгені алға тартылды. Ал Қызы­лорда облысында 2017 жылы әкім­дік­тер, «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек деве­лоп­­мент» тарапынан шамамен 80 тұрғын үй пай­­далануға берілген (114,9 мың шаршы метр немесе 1 мың 743 пәтер). Биыл мемле­кет­тік инвестициялар есебінен жалпы алаңы 33,2 мың шаршы метрді құрайтын 42 көп­қабат­ты тұрғын үйдің (532 пәтер) құрылысы жүргізілуде.
Жалпы, 2018 жылы мемлекеттік бағдар­ла­маны іске асыруға республикалық бюд­жет­тен 148,6 млрд теңге жұмсалуда. Бұл қара­жат­­тың негізгі бөлігі – 69,4 млрд теңгесі тұр­ғын үй құрылысы өрістеген аудандарға инженерлік-коммуникациялық желілер тар­туға шығындалады. Оның ішінде 40,8 млрд теңгеге 500 шақырым инженерлік желі салы­нып болған.
Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктердің сатып алу мүмкіндігінсіз жалға беретін бас­па­­насына – 26,9 млрд теңге, «Қазақстан тұр­­ғын үй құрылыс жинақ банкі» салым­шы­ларын несиелендіруге – 24 млрд теңге, Астанада апатты жағдайдағы көне үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаның міндет­те­ме­лерін өтеуге 20 млрд теңге бөлінген. Сон­дай-ақ, 7,9 млрд теңге халықтың ипотекасын және жеке құрылыс компанияларының заем­дарын субсидиялауға берілген.
– Бөлінген қаржыны игеру қарқыны Маң­­ғыстау (68,4%), Ақмола (90,5%) облыс­та­рында және Шымкент (77,9%) пен Астана (75,3%) қалаларында төмен. Биылғы 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылып отыр­ғанын ескерсек, барлық әкімдік беріл­ген қаржыны уақытылы игергені жөн! – деді Ж.Қасымбек.
Бұрындары әкімдіктер жер кезегінде тұрғандарға өз бетінше баспана тұрғызуы үшін тегін жер беретін. Кейінгі жылдары мем­лекет бұл тәжірибеден бас тартты. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты ая­сын­да жер телімдері бөлінуде, бірақ ол жерлерде әр әкімдік құрылыс компаниясын таң­дап, сәулеті бір-біріне ұқсас жеке үйлерді салып шығады. Содан кейін не ТҚЖБ арқылы несиеге береді немесе үй кезегіндегі азаматтарға сатады.
«Осы үшінші бағыт бойынша жеке тұр­ғын үй құрылысын дамыту аясында биыл шамамен 40 мың жер учаскесі инженерлік ком­муникациямен қамтамасыз етіледі. Қа­зір­­­гі уақытта шамамен 16,5 мың жер учас­кесі берілді. Жеке үйлер салу үшін инже­нер­лік инфрақұрылыммен жабдықтал­ған жер учас­келерінің ең көбі Ақтөбе (15 392), Алма­ты (5 697), Қызылорда (4 772), Қараған­ды (3 617) облыстарына тиесілі» деді Инвес­ти­циялар және даму министрі.
Оның байламынша, Қазақстанда тұрғын үй құрылысы екпінді түрде дамуда. Бұл аза­мат­тардың баспаналық жағдайын жақ­сарту­ға, құрылыс қарқынын арттыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды да­мы­ту­­ға сеп­­теседі. Тұрғын үй құрылысы мен қар­­жы­­ның игерілуі Үкіметтің тұрақты бақы­лау­да болмақ.
«Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпхановтың мәліметінше, қазір «Тұрғын үйқұрылысжинақ банкінде» 1,2 миллион адам 568 млрд теңге жинағын жинақтаған. Алайда осы миллионан астам адамның іші­нен жыл басынан бері тек 30 мыңы 274 млрд теңге сомасында жеңілдікті кредит ала алған. Ұзақ уақыт жинақтағанымен, азамат көп күткен несиесін алуы үшін біраз талапқа жауап беруі, банк шарттарын орындауы тиіс. Әйтпесе, несие берілмейді.
– Тұрғын үй құрылысы жинақтарын одан ары ынталандыру үшін онлайн банкинг жүйе­сі және BASPANA жылжымайтын мүлік интер­нет порталы белсене дамытылуда. Пор­­тал платформасында барлық салым­шы­лар, құрылыс салушылар және мемлекеттік органдар біріктірілген. Енді қазақстан­дық­тар­дың «Нұрлы жер» бағдарламасының қыз­мет­тері бойынша онлайн кеңес алып, дайын болған және салынып жатқан нысандар, бір шаршы метрдің құны және банк өнімдері тура­лы ақпаратты білуге мүмкіндігі бар. Бүгін­де портал арқылы тұрғындарға 80 млрд теңге­ге 11 мың пәтер сатылған, – деді
А.Әріпханов.
Өңірлерде мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы туралы Маңғыстау облы­сының әкімі Е.Тоғжанов, Атырау облы­сы­ның әкімі Н.Ноғаев, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек пен Астана әкімі Б.Сұлтанов баяндады.
Талқылауды қорытындылаған Үкімет бас­шысы Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүше­лерінің назарын бірқатар жайттарға аудар­­ды. Біріншісі «Нұрлы жер» қаража­ты­ның игеріл­ме­уіне қатысты. Бірқатар өңірде 9 ай қоры­тындысы бойынша игеру қарқыны төмен­деген. Осыған орай облыстар әкімдері­не бөлін­ген қаражатты тиімді игеру және тұрғын үйді жоспарланған көлемде тапсыру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау жүктелді. Өткен жылы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Осы жолы 12,1 млн шаршы метр межесі алынуға тиісті.
Екіншісі – құрылыс алаңдарына инже­нер­лік коммуникацияларды жеткізу мәсе­ле­сі. Бұл көппәтерлі үйлерге де, жеке үй құры­лы­сына да қатысты. Биыл бағдарламаға арна тартқан бюджет қаражатының жарты­сына жуығы осы бағытқа көзделуде. Б.Сағынтаев кейбір өңірлерде қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, салынып, дайын тұрған үйлер пайдалануға берілмей тұрғанын айтты.
Жеке тұрғын үй бойынша 2018 жылы 40 мың­нан астам жер телімі желімен қамтамасыз еті­луге тиіс, 9 айда тек 40%-ы ғана қамтылған. Сон­­дықтан облыстар әкімдеріне осы мәсе­ле­ні қатаң бақылауға алып, тапсырмалардың алдағы екі айда орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*