Сенат алаңдаулы

106
0
Бөлісу:

Сенатта қолданыстағы заңнамаға тұрғын үй қатынастары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасы қаралды. 

Кездесуді ашқан Парламенттің Жоғарғы палатасының Халықаралық қатынастар, қорға­ныс және қауіпсіздік комитетінің төра­ғасы Дариға Назарбаева елімізде алғаш рет мақсатты тұрғын үй төлемдері тетіктері арқы­лы әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамта­масыз етудің жаңа үлгісі пайда болға­нын атап өтті.
Әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларын баспанамен қамтудың жаңа тетіктері 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап өмір­ге жолдама алды. Ол әскери қызмет­кер­лер­дің еңбек еткен жылдарына қарамастан тұр­ғын үй төлемдерін беруді, әскери қала­шық­тарда, шекара заста­валарында және басқа да жабық нысандарда орналасқан қызмет үйлерімен немесе жатақханалармен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге 50 пайыз тұрғын үй төлемдерін беруді, тұрғын үйге мұқтаж болып танылған әскери қызмет­ші­лерге босатылған кезде тұрғын үймен қам­тамасыз етілмеген кезеңге тұрғын үй төлем­дерін төлеуді көздейді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы республикалық бюджетте әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнау­лы ор­ган­дар қызметкерлерін баспана­мен қам­­та­масыз етуге 94 миллиард теңге көзде­ліп отыр. Ал 2019-2021 жылдарға 340 мил­лиард­­тан астам теңге қарастырылған.
Заңды жүзеге асыру басталды: бірінші кезекте «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» көмегімен, Қарулы Күштердің 37 мыңнан астам әскери қызметкерлеріне жеке есеп-шот ашылып, 30 миллиардтан астам теңге аударылды.
Сонымен бірге, Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов тұрғын үй заңнамасына енгізілген жаңалықтарды қолдану тәжірибесі оны одан ары жетілдіруді қажет етіп отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, тұрғын үй төлемдерін есептеу әдістерін қайта қарау ұсынылып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үй төлемдерінің көлемі әскери қызметкер қызмет етіп жатқан аймақтағы баспананы жалға алу құнына байланысты белгіленеді. Бұл әдіс әскери қызметшілердің барлығы­ның тұрғын үйге деген құқықтарын тең дәрежеде іске асыруға мүмкіндік бермейтін көрінеді.
Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Рус­лан Жақсылықов қазіргі тұрғын үй төлем­де­рін 11 975 әскери қызметкер алаты­ны туралы хабар­дар етті. Дегенмен несиелік қарыз 1 млрд 800 млн теңгені құрайды, оның 778 млн теңге-
сі – тұр­ғын үй төлемдері бойын­ша, ал 1 млрд 19 млн теңгесі біржолғы тұрғын үй төлемдері мен қайта­рым­­сыз жеке­ше­лендіру құқығына ақшалай өтемақы­лар бойынша болып отыр. Несиені уақытында тө­лемеу айып пен өсім­ақы­ға соқтырып, тұр­ғын үй төлемақы­сы­ның көлемін қысқар­туда.
Сенаторлар бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. Комитет төрағасы Д.Назарбаева Қаржы министрлігіне бұл мәселені пысық­тау­ды тапсырды.
«Әңгіме әскери қызметшілердің жауын­гер­лік рухы туралы болып отыр. Оны аяқ­асты етуге болмайды. Тұрғын үй мәселе­ле­рінің шешілуі – біздің комитеттің назарында болады» деді Дариға Назарбаева.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*