Қостанайдың «қағазсыз» емханалары

109
0
Бөлісу:

Қағазсыз емхана – цифрлы жүйеде жұмыс істейтін жаңа нысан. Отандық денсаулық сақтау жүйесін электронды нұсқаға көшіріп, медициналық қызмет сапасын арттыруда ақылды технологиялардың көмегіне жүгінетін мекемелердің пилоттық жобасы жыл басынан бері Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай мен Қарағанды облыстарында жүзеге асып жатыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тегін медициналық көмек көрсететін барлық мекемеде науқастарды тіркеу мен қабылдау толықтай ақпараттық жүйелерде жұмыс істеп, қағаз толтырудан босайтын болады деген мәлімдеме жасады.
Медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргі­зудің жетістіктері есебінде ең алдымен 121 фор­маның 64-і электронды форматқа көші­ріл­гені аталады. Ресми деректерге сүйен­сек, 727 өз бетімен жұмыс жүргізетін меди­ци­на­­лық ұйымның 674-інде құжат электронды фор­­матта жүргізіледі. Денсаулық сақтау ұйым­дары­ның 99%-ы медициналық ақпарат­тық жүйелермен жабдықталған. Қызмет­кер­лер­дің жұмыс орнында компьютерлерге қолжетім­ді­лігі – 90,8%. Осы тұста халықтың медициналық мекемелер ұсынатын электронды қызметтерді кеңінен пайдалануы аса маңызды. Азамат­тар­дың мобильді қосымшалармен еркін жұмыс істеп, дәрігердің қабылдауына үйден ұзамай-ақ жазылу дағдыларын қалыптастыру үшін 546 цифрлы сауаттылық бекеті құрылған. Меди­ци­налық бағыттағы мобильді қосым­ша­лар­ды пай­даланушылардың қатары – 1 951 338 адам немесе халықтың 10,8% .
Цифрландыру толқыны үлкен қалалар мен орталық аудандарда жақсы жолға қойылып, елді­мекендерде тиісті назарға алынбауы мүм­кін. Дегенмен статистикалық мәлімет өңірлік деңгейдегі ақпараттық жүйелерде 10,2 млн электронды денсаулық құжаты толты­рыл­ға­нын растайды. Аймақтардағы пилоттық жоба­лар­дың жүзеге асу барысы мен қол жеткен нәти­желерді білу үшін Республикалық элек­трон­ды денсаулық сақтау орталығының Қоста­най облыстық филиалының басшысы Анд­рей Соловьевқа сауал тастадық.
Оның пікірінше, «Қағазсыз емхана» жоба­сын сынақтан өткізіп, дәстүрлі меди­ци­налық мекемелерге жаңашыл форматтағы өзгерістер сыйлауды қолға алған Қостанай облысында емхана жұмысын цифрландырудың алғашқы нәти­желерін байқауға болады.
– Ауруларды ерте анықтап, тиісті меди­ци­на­лық көмекті уақытылы көрсету мақсатында тұрғындардың жеке телефонына медициналық тексеруден өту туралы ескерту хабарламалар келеді. Арнаулы мобильді қосымшадан дәрі­гер­дің жұмыс кестесін қарап, қабылдауға онлайн жазылуға болады. Талон беру қыз­ме­тін­де дәрігерге кіру уақытыңыз жазылады. Осылай адам дәлізде күтудің орнына белгі­лен­ген уақытта келіп, уақытын үнемдей алады. Қазір айналымын толықтай цифрлы форматта жүзеге асыруға болатын құжаттар­дың қағаз нұсқасы қолданыстан шығып жатыр. Айталық, №4 емханада амбулатория­лық карталар электронды форматқа көшірілді.
Андрей Соловьев өңірдегі денсаулық сақ­тау жүйесін Президент Жолдауында көтер­ген ауқымды мәселемен байланыстырып, элек­­тронды қызмет игілігі туралы ойымен бөлісті.
– Мемлекет басшысының 2018 жылдың 10 қаңтарында жарияланған жолдауында цифрлы технологиялардың көмегімен меди­ци­налық қызметтің тиімділігі мен қолжетім­ді­­лігін арттыру мәселесі көтерілді. Бұл өз кезе­­гінде халықтың емханада өткізетін уақы­тын қысқартып, дәрігерлердің жұмысын жеңіл­­детуі керек. Осы мақсатта жыл басында қолға алын­ған пилоттық жоба аясында бірне­ше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Сауық­­тыру және профилактика, ауруларды бастапқы кезеңінде анықтау, созылмалы ауруларды бақылау саласында цифр­ландыру оң нәтижелер көрсете бастады. Мәсе­лен, сауықтыру бағыты бойынша белгі­лен­ген топтардың біріне кіретін азаматтар дұрыс тамақтану, өмір сапасын арттыру бойынша кеңестер мен дәрігер нұсқау­ла­рын алып отырады. Қазір аталған қызмет медициналық мекемемен келісімге отырған науқастарға көрсетіліп отырса, жақын бола­шақ­та бұл бүкіл халық үшін қолжетімді болады.
Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруінің міндетті шарты ЖІӨ-ның дамыған елдер деңгейіне дейін өсуі ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму­да­ғы айырмашылықты еңсеру екенін ескерсек, «Қағаз­сыз емхана» жобасының маңы­зы зор. Тек әуел­гіде белгіленген мақсаты түгел орында­лып, межеленген көрсеткіштерге қол жеткізіл­се болғаны.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*