МЕМҚЫЗМЕТКЕР ҚАЛАЙ ЖАТҚА АЙНАЛДЫ?

320
0
Бөлісу:

Танысыңыз яки туысыңыз мемлекеттік қызметке барса, ол адаммен ара қатынасты үзе берсеңіз болады. Оның дос-жаран түгілі, туыс-туғанына мойын бұруға мұршасы келмейді. Таң атқаннан түн ортасына дейін жұмыста жүретін мемлекеттік қызметкерлер жанкештілерді еске салады.  Кейбірінің бетінде қан-сөл жоқ, құдды темір адам секілді. Шіркін-ай, жұмыстан уақытында қайтып, кино мен театрға барса, жүздері жылыр ма еді деп армандап қаласыз. Армандамаңыз, олар театр тұрмақ, туыстар ортасындағы той-томалаққа да жете алмайды. Жеке бастың өмірін жиыстырып қойғалы қашан! Мемлекеттік қызметкер сонда қалай жатқа айналып кетті?

7 сағат қана жұмыс істесін!

Жеке бастың өмірі демекші, біздің елде бойдақтар мен кәрі қыздар үлесі артпаса кемімей тұр. Отбасын құрған мемқыз­мет­кер­­лердің арасында некесін сақтап қала­тын­­дар сиреді. Карьера қуған келіннің сүйкі­мі қалмай барады. Отбасылы қызмет­кер баласымен уақыт өткізуге зар. Жастар отбасын құруға уақыт таппайды. Күні-түні жарығы сөнбейтін мекеменің коммуналдық төлемі де аз шықпаса керек. Мемлекеттік қызметтегі бұл мәселе қайдан, қалай пайда болды? Сөйтсек, мемқызметкерлердің жұмы­сы кешке қызады екен ғой. Атын атау­дан бас тартқан мемқызметкер өздері­нің жұмысы түс ауа басталатынын айтады.
«Басшымыз жиналыстан-жиналысқа көшіп жүреді, түрлі жиналыстан түрлі тапсырма арқалап келген ол, өзі де жиналыс өткізеді, арқалап келген тапсырмасын таратып бергенше кеш түседі. Сосын біздің, яғни қатардағы мемқызметкерлердің жұмысы қызады», – дейді.
Бәріне белгілі бұл жайт, Президентке де жетсе керек, биылғы Жолдауында ә деген­нен күн ұзаққа созылатын жиналыс­тарды сынға алды. Сол жиында біздің министр­лер мен мемқызметкерлердің жылына 100 тәулік жиналыста отыратыны айтылды. Тіпті сенбі-жексенбі күндері де жиналыс өткізетін құрылымдар бар екен. Мұны естіген Мемлекет басшысы: «Жарлыққа қол қойдым. Үкіметке сейсенбі күні барыңдар, болды, одан кейін бармаң­дар. Таңертең отырыс, түстен кейін кезде­сулер. Министрлер, олардың орынба­сар­лары, әкімдер, олардың орынбасарлары үне­мі осы жерде жүреді. Мемлекеттік жұ­мыс­­та мол тәжірибем бар. Дайындалған отырыс 30 минут, күрделі мәселелерге қатыс­ты 1 сағат өтуі мүмкін. Мемлекеттік қыз­меткерлер заңға сәйкес 7 сағат жұмыс істеуі тиіс. Қызметкерлер түнгі 12-ге дейін отырмауы қажет», – деді.
Президенттің осы сөзінен кейін көп ұза­май Мемлекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аген­ттігі шенеуніктерді жұмыс уақыты біт­кен­де үйлеріне қайтарудың әдісін енгіз-
ді – мемлекеттік органдардағы компьютер­лерді сағат 18:30-дан өшіру басталды.

Сегіз сағаттық режим бұзылып жатыр

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 18:30-да компьютерлерді өшіруді орталықтандыру мәселесін шешіп, мемле­кет­тік қызметкерлердің жұмысы мен жеке өмірі арасындағы теңгерімді сақтауға кірісіп-ақ кетті. Тіпті сегіз сағаттық жұмыс күні­нен кейін компьютерлердің сөндірі­луін қада­ғалау үшін рейдке де шықты. Күдік­те­не­тін жөні бар екен, сегіз сағаттық режимді бұзғандар анықталды.
«Рейд кезінде бірнеше қызметшінің жұмыс уақыты режимін бұзғаны анық­тал­ды. Мысалы, Инвестициялар және даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде жұмыс аяқталғаннан кейін де жұмыс істеп отырған фактілер белгілі болды. ИДМ қызметкерлері кідіріс себебі ретінде жауапты хатшының аппарат­тық кеңесіне және Үкімет отырысына материалдар дайындау себебін көрсетті. ИДМ өкілдерінің жұмыс уақытын сақтамау фактілерін жою бойынша ұсыныстар ретін­де икемді жұмыс кестесін енгізуді ұсынды. Ал Еңбек және халықтың әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің қызметкері жұмыс режи­мі­нің бұзылуын жоғары тұрған мемлекеттік органдардан келіп түскен тапсырмалармен байланыс­тырды», – дейді Агенттіктің Мем­лекеттік қыз­мет саласындағы бақылау депар­та­мен­ті­нің директоры Равиль Төлебаев.
Рейд қорытындысын сараптай келе, икемді жұмыс уақытын енгізу мәселесі қара­латын болды. Сол үшін мемлекеттік ор­гандарда сауалнама жүргізіліп жатыр екен.
«Агенттік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, бірқатар министр­лік­тер­де профилактикалық іс-шаралар ұйым­дастырды. Нәтижесінде, министр­лік­тер­­де жұмыс компьютерлерін сағат 18.30-да автоматты түрде сөндіретін уақытын элек­трон­дық есепке алу жүйесі енгізілді. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілерге жұмыс­ты 30 минутқа, 60 минутқа, 90 минутқа себебін көрсете отырып ұзарту (Министр­дің, вице – министрдің, жауапты хатшының тап­сырмасы) мүмкіндігі берілді», – дейді ол.
Қалай десек те, мемлекеттік қызмет­кер­л­ердің бәрін бірден үйіне жіберу мүмкін болмай тұр. Мүмкін жұмыс ауқымын иге­руге мемқызметкер жетпейтін болар? Бұлай ойласақ, біздің елде 100 мыңнан астам шенеунік бар, 180 адамға бір мемле­кеттік қызметкерден келеді. Жұмыс істей­тін халықтың 20 пайыздан астамын мем­қызметкерлер құрап отыр. Бұл – аз көр­сеткіш емес. Өйткені АҚШ пен Герма­ния­да бұл көрсеткіш – 14, көрші Қытайда – 9 пайыз. Жапонияда жұмыс істей­тін халықтың 8 пайызы ғана мемле­кет­тік қыз­метте. Демек, мәселе мемқыз­мет­кердің санында емес.

Компьютер сөндіргенмен, мәселе шешіле ме?

Кезінде мемлекеттік қызметте істеген Шыңғыс Мұқан (Мемлекеттік істер магист­рі) мемлекеттік қызметкерді ком­пью­терін өшіріп тастау арқылы үйіне қай­та­руды күлкілі жағдайға балайды.
«Кез келген мемлекеттік қызметкер жұмысына уақытында келіп, уақытында кетуге мүдделі. Оған қағазбастылық мұрша бермейді. Шындығында, мемлекеттік қызметкерлер бір-біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір хатқа бірнеше адам қол қояды, қол қойдырып болғанша уақыт өте шыға­ды. Негізі, көп нәрсені оңтайлан­ды­ру­ға болады. Ал біз үшін компьютерді өші­ру маңызды. Бұл, әрине, халыққа ұнай­ды, ду ете қалады. Бұл – сыртқы көрініс. Дұрысы, мәселенің тереңіне үңілу ғой. Мемлекеттік қызметкер жұмыстан неге уақытында қайта алмайды? Орындап кетуге міндетті болатындай, ол тиімді жұмыс па? Тапсырманы таңертең орын­дау­ға болмай ма? Таңертең басқа тапсырма күтіп тұрса, демек, басшы тапсырманы үйіп-төгіп береді деген сөз. Мемлекеттік қызмет туралы заңда басшы қызметкер көте­ре алмайтын шоқпарды беліне байлауға құқы жоқтығы жазылған. Демек, бұл жерде қызметкер өз құқын білмей тұр. Құқын білетін қызметкер «Кешірерсіз, бүгінгі жұмы­с­ымды орындадым. Ары қарай тапсы­р­ма бере алмайсыз» деп айтуы тиіс. Алай­да айта алмайды. Жұмыстан айыры­лып қаламын деп қорқады», – дейді.
Жалпы, жұмыс орнындағы компью­терді жұмыс уақыты аяқталғанда сөндіру Еуро­па­да бар. Бұл дәйекті алға тартқа­ны­мыз­бен, Шыңғыс Мұқан еуропалық мемқыз­мет­кер мен біздің мемқызметкерді салыс­ты­­руға келмейтінін айтады.
«Еуропада бастықтың қаһарынан қорқатын адам жоқ. Әркім өз құқын біледі. Бізде басшы мен қосшы арасында бет қаратпай сөйлесу секілді Кеңес Одағынан қалған келеңсіз үрдіс әлі бар. Еуропада өйте алмайды, басшы әкіреңдеп көрсін, қыз­мет­к­ері «кешіріңіз, ар-намысыма тиіп тұрсыз, сізді сотқа беремін» дейді сыпайы ғана. Батыста адамның қадір-қасиеті қыз­меттен жоғары тұрады. Біздің қызмет­кер­­лердің қадір-қасиеті қызметтік иерар­хия­ның құрбаны болып кетті.
Шетелде сенбі-жексенбі күні басшысы қол астындағы қызметкерге жұмыс бабы­мен телефон шалып, тапсырма бере алмай­ды. Демалыс күні былай тұрсын, жұмыс уақыты аяқталған соң да хабарлас­пайды. Себебі, жұмыс уақытынан тыс кез қызмет­кер­дің өзіне арналады. Ол уақытта басшы мен қосшы мейрамханада қатар тамақ ішіп отыруы мүмкін. Басшының лауазымы жұмыс орнында қалады. Осындай корпо­ра­тивтік мәдениетке жету үшін мемқызмет­тегі басшылар өзгелерге жүріс-тұрысымен өнеге көрсетуі керек, ал мемқызметкерлер бұқпантайлай бермей, құқын талап етуді үйренуі тиіс», – дейді.
Шыны керек, бүгіндері мемқыз­мет­кер­лер­дің сенбі күні түске дейін жұмысқа шығаты­ны туралы жазылмаған заң бар. Ол үшін ақша төленсе, жақсы, төленбесе, кісі еңбегін қанау болып шығады. Тағы бір қызық жағдай, мемқызметкер жұмыс күні таңғы 9-дан 1 минут кешіксе, ол дерек мемқызметкер туралы есептерде жүреді. Ара-тұра беретін сыйақыдан қағылады. Бөлімдер арасындағы тиімділік рейтин­гі­сін­е нұқсан келеді. Қысқасы, қызметкер жұмыс тәртібін бұзған болып есептеледі. Ал мемқызметкердің сол күні түнгі 10-11-ге дейін жұмыс істегені туралы еш жерде ескерілмейді. Әрине, өркениетті елдерде мемқызметкер жұмыс орнында кеш қалса, біліксіздігінің көрінісі саналады. Бізде істейтін жұмыс қалмаса да, жұмыс орнынан басшы кеткен соң ғана шығу керек деген «дәстүр» бар. Үйіне асыққандар бір-бірін «бастық кетті ме?» деп мазалап жатқаны, бұл – сырт көзге ерсі-ақ. Ендеше, қайтпек керек? Түптеп келгенде, бәрі де мемқыз­мет­кердің өз құқын талап етуіне келіп тіреледі.
«Меніңше, мемқызметкерлер құқы кәсіподақ арқылы қорғалуы тиіс. Басшы бір мемқызметкердің ізіне түсіп, жеке басын қорласа, ары тапталған мемқыз­меткер үшін басқалары араша түсуі керек. Әйтпесе, дәл сол жағдай басқалардың да басына келуі мүмкін. Одан нәтиже шық­паса, жұмысқа шықпаймыз деп бойкот жарияласын. Қалай болғанда, нәтиже шығаруға тырысу қажет. Мемқызметкер өз құқын қорғай алмаса, ол халықтың, елдің мүддесін қалай қорғайды? Мәселеге осы жағынан келуіміз керек», – дейді Шыңғыс Мұқан.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*