АРБАДАҒЫ КЕДЕРГІСІЗ ӨМІР

160
0
Бөлісу:

Нұрболат Қарабасов – «Нұр Отан» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мұрындық болуымен өткен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының биылғы жеңімпаздарының бірі. Сынға түскен 318 автордың арасынан оза шауып, өз жобасын сәтті қорғаған ол жүлделі ІІ орынды иеленіп, 1 миллион теңге көлеміндегі қаржыны қанжығасына байлады.

Ол – 29 жастағы жас кәсіпкер. 1989 жылы қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Мектепті тезірек бітіріп, жоғары оқу орнына түссем деген арманмен жүргенде тағдырдың үлкен сынағына тап болады. 16 жасында кенеттен көлік апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылады. Алаңсыз албырт шақтың тәтті кезеңін ұрлаған бұл оқиға оның өмірін күрт өзгертеді. Оған кеуде омыртқасының жұлын жарақаты және төменгі дене мүшесінің толықтай парализациясы деген диагноз қойылып, бірінші топтағы мүгедектер қатарына қосылады. Осылай, тепсе темір үзетін, ат үстінде отырып ел қорғайтын жасын­да мүгедектер арбасына тыңылғанын көтере алмай, үйден шықпай да қалыпты. Қатты қиналғаны сондай, төрт қабырға ішінде мәнсіз 6 жыл өмірін өткізген. Өмірі осылай өрби берер ме еді кім білсін?!..
Нұрболат бұл кезде өзінің ғана емес, өзіне жақын адамдардың да жағдайын ойлай бастайды. «Мүжілгенімнен тек өзім ғана емес, жан-жағымдағы туыс, бауырларым, достарым да уайымға батып отыр. Арбаға таңылған адамдардың да өзін-өзі қолға алып, талай биіктерді бағындырып отырғандары бар. Онда неге жігіт басыммен, бұл сынақты еңсере алмаймын?!» деген сұрақтар оны жиі мазалайтын болыпты. «Осы ой маған ең алғаш рет келгенде қатты қуандым. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, мен де сондай бір ерекше сезімге берілдім. Көз алдыма өзім көптің қатарында ғана емес, құдды бір үлкен жарыстардың жеңімпазы болып тұрғаным келді» дейді ол сол сәттегі ерекше сезімімен бөлісіп. Расында солай болады. Араға жыл салып, оның өмірге деген қызығушылығын арттырған түрлі жобаларға қатысу мүмкіндіктері пайда болыпты. Бір кездегі қиялындағы арманы шындыққа бет бұра бастағанда оның ойлағаны одан сайын көбейіп, түрлі игілікті шаралардың ұйытқысы бола бастайды.
Ол ең алдымен 2015 жылы Талдықорған­дағы «Асар» оңалту орталығының ашылғанын естиді. Осы орталық оның кеудесіне үміт гүлін егеді. «Қайтсем де аяққа тік тұруым керек» деп, орталыққа баруға шешім қабылдайды. Осы арманы оны Жетісу өңіріне жетелеп алып келеді. Әрине, сау адам үшін де, ешкімді танымайтын бөтен қалаға үйрену – жалғыз өзіне қиындау соғады. Алайда табиғатынан ақкөңіл, өзгелермен тез тіл табысатын қасиетінің арқасында ол бұл жерде де көп дос тапқан. 10 жыл арбаға таңылғаннан кейін, еңбектеп үйреніп, лангет арқылы аяғына тұра бастайды. Оңалту орталығында жүріп, қосымша жұмыстар жасайды. Қаланың түрлі қоғамдық іс-шараларына қатысып, өз азаматтық позициясын білдіріп, белсенділік танытып жүреді. Қанша қиындықты басынан өткізсе де, бұл өңірге келгеніне еш өкінген емес. «Мойығанда біреу маған ат мінгізер ме еді, шапан жабар ма еді?! Бұл менің сынағым ғой. Сынаққа барынша сабырмен қарау керек. Бұл – менің күресім. Палуан жығылса тұрмай ма, тұрады. Жамбастап атып ұрудың сәті түспесе, аяқтан шалып көреді, болмаса белдесіп көреді. Сол сияқты мен де күрестің түрлі айласын жасап келемін, жасай беремін» дейді ол ерік-жігерін жанып.
«Ерлік» қоғамдық бірлестігінде диспет­чер­­дің көмекшісі, одан кейін «Автово­лон­терлер» деген жобада диспетчер болып қыз­мет етеді. «Тас түскен жеріне ауыр» демек­ші, Нұрболат үшін күнделікті қоларбамен жалғыз жүру қиынға соғады. Дәл осы сәтте ол өзі сияқты жандардың қала ішінде өздігінен жүріп-тұруына, тәуелсіз сезінуіне көмектесуге бел байлайды. Сол кезде оның көкейіндегі әб­ден пісіп, толысқан идеясын іске асыратын жоба жарқ ете қалады. 2017 жылы Zhasproject жобасын естіген ол оған қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандарға еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасағысы келеді. Осылай бизнес-жобасын жасап, жобаға қатысады. Оның жоба­сы жеңімпаз атанып, Zhasproject Жас­тар корпусын дамыту жобасы Үйлестіру агент­тігі тарапынан қаржыландыру алып, ар­ма­нын іске асыра бастайды. Аталған қар­жы­ға Қытайдан 4 электр қондырғысын сатып алады.
«Бүгінгі таңда 50-ден астам электромобиль мүгедек жандарға еркін жүру мүмкіндігін беріп отыр, демек 10 000 шақырым жол жүрілді. Әдетте, қарапайым қол арбасының күніне 5-6 шақырым жүретінін ескерсек, күніне 30 шақырымды сағатына 22 шақырым жылдамдықпен жүрудің қандай екенін білсеңіз ғой! Электрлік жетек, яғни электро­мобиль бізге бұрын қолжетімсіз болған ке­дер­гілерді бағындыруға мүмкіндік берді. Бірақ, жылдамдық – бұл ең маңыздысы емес. Ең маңыздысы – бұл біз сияқты арбаға танылған жандардың төрт бөлмеге қамалып отырмай, сыртқа шығып серуендеп жүруі. Өзге қатар­ластары сынды қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болуы. Бізде қоғамның толыққанды мүшесі ретінде, еңбекке араласып, еліміздің болашағы үшін еңбек еткіміз келеді. Ұлы Абай айтпақшы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп, мен де осылай қоғам­ның дамуына үлесімді қоссам деймін» дейді Нұрболат Қарабасов.
Нұрболаттың алдағы уақытқа қойған мақ­саты – жобаны еліміздің барлық қала­­сында іске асырып, қоларба қолданушыларына жолдағы кедергілерді жоюға әсер ету.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*