Көше тазалаудың ақысы – 27 мың теңге

306
1
Бөлісу:

2018 жылдың қазан айында еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 620 теңге болды. Оған биыл күнкөріс деңгейі төмен халықтың саны 2 есеге ұлғайғанын қосыңыз. Ал отандық сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы халықтың 2,6 пайызы кедейшілікте өмір сүреді екен. Осы жайттардан-ақ, еліміздегі жағдайдың қандай екендігін бағамдай беруге болады.

Бұл, өкінішке қарай, халықтың нақты табысының төмендегенін аңғартады. Қалай болғанда да, бізде кедей­шіліктің қамытын киіп отырған­дар­дың саны көбеймесе, азаймай тұр. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өте көп. Ал статистика басқаша сөйлейді…
Мамандардың айтуынша, біздегі көше тазалаушылардың жалақысы – 27-28 мың теңгені құрайды. Яғни, еліміз­дегі ең төмен жалақылардың бірін осы қызметкерлер алады. Ал мем­лекеттік мекемеде жасайтын бала­бақ­ша тәрбиешілерінің жалақсы –
45 мың теңге. Иә, жұмысы ауыр болғаны­мен, айлығы арзан…
Біз осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Қарттар мен мүгедектер үйінде жұмыс жасайтын Ардақ Оспановадан жалақы мәселесі жайында сұрап білген болатынбыз. Ұзақ жылдар бойы бір мекемеде жұ­мыс жасайтын апайымыздың жұмы­сынан алатын айлығы тым төмен б­о­лып шықты.
«Қарттар мен мүгедектер үйінде жұмыс істеймін. Сондағы алатын жалақымыз 50 мың теңге ғана. Ол ақша неге жетсін?! Бір күн, бір түн бойы мүгедек жандарға екі санитар қызметкер қараймыз. Олармен жұмыс жасау да оңай емес. Тым құрығанда істеген еңбегімізге 60-70 мың төлесе, соған да риза болар едік. Жұмыс ауыр, жалақы аз» дейді ол.
Жуырда ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде ең төменгі жалақы және күнкөріс дең­гейі­нің мөлшері ұлғайды деп сүйін­­шілеткен болатын. Бірақ одан қара­пайым халықтың қалтасы қалың­дай қоймайтынын ел-жұрт жақсы біледі. Өйткені «жалақы мен зейнетақы өсті» деген ақпарат тарағаннан бастап, сауда орындарын­дағы азық-түлік пен өзге де тауарлар­дың құны аспандап шыға келетіні анық. Одан бөлек ком­му­­налдық тарифтер де уақыт өт­кен сайын өсіп жатқаны тағы бар.
Бір қызығы, биыл табысы төмен азаматтардың саны артқанымен әлеуметтік көмек алушылар қатары екі есеге азайған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мұның негізгі себебін ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуімен байланыстырады.
Ұлттық экономика министрлігі баспа­сөз қызметінің мәліметінше, ең төмен­гі күнкөріс 2018 жылдың қаза­нын­да 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 11,8%-ға жоғарылаған. Алдағы уақытта да жоғарламақ екен. Осы мәселе төңірегінде Ұлттық эко­но­мика министрі Тимур Сүлейме­нов өз ойын білдірген еді.
«Елдегі тұрақты жалақы мөлше-
рі – 163 мың теңге. Ол тұрақты өсіп тұра­ды. Сондықтан «күнкөріс минимумы­на өмір сүруге бола ма деудің өзі дұрыс емес» дейді ол. Оның айтуы бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі әлдеқайда жоғары табыс табады екен. Елбасы күнкөріс минимумына 2019 жылдан бастап 1,5 есе өсіруді тапсыр­ды. Яғни, 42 мың теңгеге жетпек. Ал 42 мың теңгеге көп зат алуға болады» дейді министр.
Ал сіз министрдің сөзімен келісер ме едіңіз? Келіспейтініңіз анық. Коммуналдық төлемдердің өзі орташа 15-20 мың теңге болып жатқанда мұндай жалақыға қалай өмір сүруге болатынын ойлаудың өзі қорқыныш­ты. Оған қоса, азық-түлік пен жол­ақың бар. Одан өзге шығындар да жетіп артылады. Бұл орайда тек жала­қы­ның көптігі ғана тұрмыстық жағ­дайыңызды оңтайлан­ды­руға көмек­­теседі.
Өкініштісі, адамдардың басым бөлігінің айлық жалақысы ұзақ уақыт­тан бері өзгермеген. Ресми статис­тикаға сүйенсек, жыл сайын ең төмен­гі жалақы көрсеткіші артып келеді. Алайда халық ішінде қаржылық қиын­дықтарға тап болған және ұзақ уақыттан бері көтеріле алмай жатқан адамның көптігін байқаймыз. Журналист Ерлан Абдрахман да айлық мәселесін сөз ету барысында, еліміз­де­гі статистикалық мәліметтерді тара­та­тын мамандарды қатты сынға алды.
«Статистика жасайтындарды өтірік­ші деп айтуға болады. Әсіресе, Қазақстанда. Осындай адам сенгісіз ақпараттарды, мәліметтерді қалай ұялмай жариялайды екен? Ойлаңыз­шы, біздегі орташа жалақыны негізі­нен полицейлер, мұғалімдер, дәрі­герлер алады. Олардың жалақылары ары кетсе 100-120 мың теңге арасында. Сонда мына 152 мың теңге дегенді қайдан алды? Жұрт әлі 60-70 мың теңгеге жұмыс істеп жүр және олардың саны біз ойлағаннан да көп. Біздегілер статистиканы былай жасайды ғой. Мысалы: 1 әйелім бар, көршім­нің 3 әйелі бар. Орта есеппен алғанда екеумізде екі-екіден әйел бар. Сол секіл­ді Астанадағы бір депутат 1 мил­лион теңге жалақы алады, ауылдағы бір мұғалім 40 мың теңге жалақы алады. Орта есеппен алғанда олардың жалақысы шамамен 500 мың теңге болады екен. Міне, статистика осылай жасалады» дейді ол.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ең төменгі жалақының көлемін арттырудың шамасын белгі­леу­дің тетіктерін айқындайтын нор­ма­ларды жетілдіру қажет. Бұл істе ең төменгі күнкөріс мөлшерін негізге алу маңызды. Алдағы уақытта оның көле­мін айқындауды әлі де жетілдіре түс­кен жөн. Қорыта айтқанда, Қазақстан­дағы жалақы мәселесі оң шешімін тап­сын десек, ел азаматтарының әлеу­меттік ахуалын жөнге келтіріп, халық­тың жұмыспен қамтылуына жағдай жасауымыз қажет.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Бақытгүл 9 Қараша, 2018 at 10:11 Жауап

    Ұлттық эко­но­мика министрі Тимур Сүлейме­новтің өзі жанұясымен 42000 теңгеге 1 ай өмір сүріп көрсінде сосын барып қанша зат алуға болатынын айтсын. Айлығы шайлығына жетпей жүрген халыққа солай айтуға болама. Милиондап жалақы алатын өздері не бітіріп жатыр екен. Дайын асқа тік қасық болып Қазақстанның бар бар байлығын жегеннен басқа. Министрлер заң шығарып оны қарастырар кезінде қай жерлерімен ойланады екен.

Пікір жазу


*