БАС ПАРТИЯНЫҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫН

117
0
Бөлісу:

Жамбыл облыстық драма театрында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, онда филиалдың соңғы екі жылда атқарған қызметтері кеңінен талқыланды.

Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің, Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, партия Тараз қалалық, аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар, этно-мәдени бірлестік жетекшілері, ҮЕҰ төрағалары, саяси партиялар, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан жасалып жатқан іргелі істерге кеңінен тоқталды.
– Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде экономикалық, саяси және әлеу­меттік жаңғыру жүзеге асырылып жатыр. Біздің саяси ұйым осы өзгерістердің бірінен де қалыс қалмай, ауыл-елде орындалуына зер салатын болады. Партияның өз ішінде де ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгін Мемлекет басшысы мемлекет алдына 3.0 жаңғыртуды жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Осыған байланысты біздің партия алдында Қазақстанды жаңғыртуға дәйекті түрде қатысатын стратегиялық күш болу міндеті тұр. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында партия үлкен жұмыс атқаруда. Мәселен, Ең маңызды бастамаларды талқылау үшін біз NurOtanTrends және
NurOtanTalks сияқты жаңа форматтағы пікірталас алаңдарын жасадық.
Мемлекет басшысы біздің ұйымды «нақ­ты істер партиясы» құрамына айналдыру міндетін қойды. Партияның трансфор­мациялау, ең бастысы заманауи басқару әдістеріне көшуді қамтиды. Біздің партия­дағы жобалық тәсіл Prince2 әдістемесіне негізделген, мақсаттары, міндеттері, жұ­мыстың бағыттары, терминдердің нақты анықталуы, мақсатты аудитория және түпкілікті нәтижелер оның қағидаттары, – деді Қаныбек Бекболатұлы.
Алқалы жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов партия облыстық филиалының екі жылда атқарған жұмыстары мен жетістіктері, алда тұрған межелі міндеттері туралы баяндады.
Сонымен қатар есеп беру-сайлау кон­ференциясында партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Жарылқасын Айтақов атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Комиссия тарапынан жүргізілген тексерулер мен талдаулар барысында партияға кіру және мүшелік жарна төлеу, бухгалтерлік есеп пен шығыс сәйкестігін бақылау, партия бюджетін орындау және оның тиісті түсімдермен толықтырылуы, берілген лимиттер мен филиалдардағы материалдық құндықтардың сақталуы сияқты мәселелер басты назарда болғанын тілге тиек етті.
Жалпы «Нұр Отан» партиясының өңір тұрғындарының әлеуметтік-саяси өміріндегі рөлі ерекше. Себебі, партия мүшелері мем­лекеттік саясатты басымдықтарын тұрғын­дарға түсіндіруде, мемлекеттік бағдарла­малардың жүзеге асырылуында ашықтықты қамтамасыз етудегі ықпалы көп. «Нұр Отан» партиясы облыстық мәслихатта депутаттық фракциясының жұмысы да жүйелі. Кон­ференцияда жарыссөзге шыққандар «Нұр Отан» партиясының осы бағыттардағы жұмыстарына кеңірек тоқталды. Партия облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қо­ғамдық кеңестің төрағасы Бахтияр Алдашов бақылау жұмыстарының нәтижелерін сөз етті. Сонымен қатар, жиында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асы­рылуын бақылау жөніндегі облыстық қоғам­дық кеңестің жұмысы туралы да айтылды. Сондай-ақ, жиында партияның Меркі ау­дандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.
Конференция жұмысын қорытын­ды­лаған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Исабекұлы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асы­руда алдыңғы шепте партия мүшелері тұруы керегін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Конференция соңында партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамы сайланып, Саяси кеңестің алғашқы отырысы өтті. Саяси кеңес отырысында партия облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының жаңа құрамы сайланды.

Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*