Әлеуметтік кәсіпкерлердің жүгі ауыр

191
0
Бөлісу:

Еліміздің бас шаһарында әлеуметтік кәсіпкерлер форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Дәмежан Садуақасова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, сонымен қатар бизнес құрылымдары, мем­лекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Форум «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Green Tal әлеуметтік шеберханасының бірлесіп ұйымдас­тыруымен өткізілді. Оған 20-ға жуық әлеу­меттік салада қызмет атқарып жүрген ұйымдар қатысты. Форумның негізгі бө­ліміне көшер алдында қонақтарға кіші­гірім жәрмеңке ұйымдастырылды. Жиыр­маға тарта әлеуметтік ұйым өздерінің шығарған бұйымдары мен заттарын елдің назарына ұсынды.
Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу – мемлекеттің ең маңызды басым­дығы. Сол себепті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жария еткен болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.
«Біздің елде әлеуметтік кәсіпкерлер саны көп деп айтсам, қателеспеймін. Өйт­кені оған талай рет куә болдым. Қыркүйек айында біз «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» атты байқау өткізген едік. Оған қатысуға 300-ге жуық ұйым өтініш берді. Бұлар – аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандарға қолдау көрсетіп, күн­делікті өміріне жеңілдік орнату мақса­тында қызмет атқарып жүрген азаматтар. Сондықтан партия мұндай бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын» деді Дәмежан Садуақасова.
«Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы қорытындысында 5 жоба арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл санаттағы жүлдені Green Tal әлеуметтік шеберханасының негізін салушы Эмин Әскеров алғанын да айта кеткен жөн.
«Форумды Астана қаласында алғаш рет өткізіп отырмыз. Бұл бастама аясында біз мемлекеттік органдармен иық тіресе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, бірлесе қоғам арасында пайда болған барлық мәселені оңай шешеміз деген үміттемін. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерліктің әрі қарай дамуына аз да болса үлес қосқымыз келеді. Біз форум аясында әлеуметтік жобалар жөнінде айтып, өз ойларымызбен бөлісеміз» дейді Э.Әскеров.
Ал GULSAR қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұрболат Қарабасов кәсіп­керліктің қыр-сырын айтып, кешке қа­тысу­шыларды табандылығымен тәнті етті.
«Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік көп. Елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын әртүрлі үздік жобалар, байқаулар бар. Бұл байқауларға қатысу арқылы өз жобаңды республика деңгейінде көтеруге болады. Сіздер үйде отырып мемлекетті жамандай бергеннен ешнәрсе өзгермейді. Себебі, мен сол жайтты басымнан өткердім. «Неге маған ешкім көмектеспейді?» деп на­лыдым. Алты жыл үйде жаттым. Сосын жанымдағы достарымның жеткен жетіс­тігін көріп мен де іске көшуге кірістім. 25 жасымда әке-шешеме масыл болмайын деп өз кәсібімді ашуға талпындым. Бұл жолда «Сәби» қоры, JAS PROJECT секілді бағдарламалар көмекке келді. Құдайға шүкір, бүгінде кішігірім кәсібім бар. Бізге тек қана алдымызға мақсат қойып, ар­мандарға сенімді қадам жасай білу жет­кілікті» дейді жеке кәсіпкер.
Жәрмеңкеден соң форум аясында пленарлық отырыс, шеберлік сыныбы өткізілді. Онда көптеген кәсіп иелері әлеу­меттік кәсіпкерлікті құрудағы өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*