Білім берудің жаңа көкжиегі

153
0
Бөлісу:

Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда мектепке дейінгі білім беру сапасы мен орта білім беру жүйесіне ерекше назар аударды. Атап айтсақ, Елбасы өз сөзінде «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызмет­керлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет» деді.

Балдырғандарды балабақшалармен қамту мәселелерінен бастасақ, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында көптеген мектепке дейінгі білім беру мекемелері бой көтерді. Нәтижесінде, жекеменшік балабақшалардың үлесі 30 пайыздан асты. Бұл жалпы әлемдік көр­сет­кішке сай келеді. Елбасы 2020 жылы 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қам­ту мәселесін толықтай шешуді тапсыр­ды. Қазірдің өзінде 95 пайызға жеткіздік.
Елбасының жаңа оқу орындарын құру мен үш ауысымды мектеп мәселесін шешу бойынша жүктеген міндетін орындау аясын­да мектеп құрылыстары қызу жүр­гізілуде. Соңғы үш жылда мемлекет 347 жаңа мектеп салды. Жоспар бойынша 235 мектеп салынуы керек екенін ескерсек, жұмыс 147 пайызға асыра орындалды де­ген сөз. Тәуелсіз Қазақстанның тарихын­да бұрын-сонды осыншама мектеп бір уақытта салынған емес.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл жекеменшік мектеп­тердің құрылысын ынталандыру бойынша шаралар нәтижелі жүргізілуде. «Білім туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік мектептер­ге орналастыруға мүмкіндік беретін толықтырулар енгізілді.
Мұғалімдердің жалақысын өсіру мә­селесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Аттестацияның жаңа жүйесіне 60 мыңға жуық педагог қатысып, олардың 36 мыңы сәтті өтті. Биыл педагогтарды аттес­тат­таудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақы­ға 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы алатын болады. 110 мыңнан астам педагогтар республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімдері жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі.
Биылғы оқу жылының жағымды жаңалықтарының бірі – цифрландыру, IT технологиялар мен робототехниканы дамыту үшін қосымша білім беру мүмкіндіктерінің кең арнаға түскендігі. Өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар робототехника, бағдарламалау, 3D принтинг сыныптарын ашуда ілкімді істермен қуантуда. Қазіргі уақытта 1 500 мектепте цифрланған сыныптар жұмыс істейді. Алдағы уақытта барлық өңірде IT лицейлер ашу жоспарланған. Одан бөлек, цифрлы білім беру ресурстары белсенді қолданылып, министрлік ұсынысымен жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин беріледі. Енді цифрлы ресурстар үйде де, мектепте де бәріне қолжетімді болады.
Осылайша, білім берудің жаңа көк­жиегіне көтерілген еліміз осы кезге дейін үш халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысты. Былтыр БАӘ-нің 77 елінде 24-орынды иеленді. Яғни, 2 жыл ішінде 26-орынға көтерілді. Бұл да, жаңа бағдар­ламалардың нәтижесінің көрінісі.
Соңғы екі жылда техникалық және кәсіптік білім жүйесіне қажетті 500 негіз­гі шетелдік оқулық аударылды. Олар арнайы пәндерді оқытуға негізделетін болады. Соңғы 2 жылда 10 000-ға жуық оқытушы мен шеберлерді жаңа бағ­дар­лама бойынша оқытылды, биыл 5 200-і жоспарланған, 2019 жылы соңғы тобы, 5 200-і оқытылады. Тағы бір тың жаңалық ретінде дүние­жүзілік банк жобасының ауыл мектеп­теріне қолдау көрсетуін айтуға болады. Бұл тұрғыда материалдық техникалық жағ­дай жақсартып, мұғалімдерге арналған кур­с­тар басталады. Қарыз қаражаты есе­бінен 2018-2022 жылдары 24 млрд 120 млн теңге қарастырылған, республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру 2,9 млрд теңгені құрайды. 5 324 ауылдық мек­теп 56 977 компьютер жинағымен жаб­дықталатын болады.
Биыл информатика пәні 3-сыныптан басталады. Бұрын 5 сыныптан басталатын еді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2 сыныптарда енгізіледі. Олар­дың бағдарламалары дайындалуда.
Бұған қоса, мұғалімдерді қажетсіз қағаздар толтырудан босатылып, нақты өздеріне жүктелген қағаздармен жұмыс істей бастайды. Педагогтар толтыруға тиіс 5 құжаттың тізбесі бекітілді. Олар – күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, сабақ бойынша жоспарлау, критерийлік бағалау, күнделік және сынып журналы.
Жаңа оқу жылынан бастап ҰБТ-ға қатысу міндетінен мұғалімдерді босату талқылануда. Мектептердің ҰБТ бойынша рейтингі де алынып тасталды.
Елбасының тапсырмасымен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар саны 54 пайызға артты. Бұл өз кезегінде соңғы 5 жылда орын алған колледж студентте­рі қатарының азаюы үрдісін тоқтатуға септігін тигізеді.
«Академиялық дербестік туралы» заң ЖОО-ға білім беру бағдарламаларын же­дел негізде жаңартуға мүмкіндік береді. «Атамекен» ҰКП-мен жасалған білім беру бағдарламаларының рейтингі ЖОО-дағы бағдарламаларды жаңарту барысында айқын бағыт-бағдар беріп отыр. Өз кезегінде, университеттерге қойылатын біліктілік талаптары артатын болады.
Қазақстандық оқушылар PIRLS – 2016 халықаралық зерттеуінде 27 орынды иеленді. Қазақстан IMD – 2018 әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде «Білім беру» субфакторы бойынша 63 елдің ішінде 29-орынға ие болып, 2017 жылмен салыстырғанда 6 орынға көтерілді. 2018 жылы 17 мыңға жуық оқушы мен 597 мек­теп директоры PISA – 2018-ге компью­тер­лік форматта қатысты. Зерттеу нәтижелері 2019 жылғы желтоқсанда жарияланады.

Гүлжанар РАХЫМ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*