ДИҚАНДАР 60 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ЖИНАДЫ

200
0
Бөлісу:

Ауа райы суытып, жерге қар түспей тұрғанда сарыағаштық диқандар мол өнім жинап үлгерді. Атап айтқанда, еліміздегі жылыжайлардың отаны атанып, ырыс-несібесі төгілген Сарығашта 60 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен Сарығашта өткен «Алтын күз – 2018» мерекелік шарасында белгілі болды.

Түркістан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаев Сарыағаш ауда­нын­дағы сапары барысында ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2018» мерекелік шарасына қатысты. Шарада белгілі болғаны, биыл сарыағаштық диқандар қалың қыс түспей тұрып мол өнім жинап, мәре-сәре болып жатыр екен. Ерен ең­бектің арқасында диқандар меже­ленген жоспарды артығымен орындап, 60 миллиард теңгенің мол өнімін алған. Сарығаштықтардың қуанышында облыс басшысы жергілікті шаруаларды айтулы мерекемен құттықтады.
«Елі тату, жері берекелі Сарыағаш­та көптеген жұмыс жасалуда. Рес­публикадағы жылыжайлардың 50 пайыздан астамы осы өңірге тиесілі. Биылғы жылдың өзінде 61 842 гектар жерге егіс егіліп отыр. Дей тұрғанмен, жыл сайын егіс көлемін, өнім көр­сеткішін арттыра түсуіміз керек. Жалпы, бұл ретте, Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан бүкіл Сарыағаш халқына, өңірдің шаруа­ларына үлкен алғысымды білдіремін» деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жаз бойы жасаған еңбектерінің жемісін көріп, қуанышқа кенеліп жат­қан диқандардың мерекесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылды. Арзан бағада ауыл шаруашылық өнімдері сатылған жәр­меңкеде түрлі ет пен сүт өнімдері және барша көкөніс ағыл-тегіл тұрды. Мерекелік шара барысында, жылды жақсы қорытындымен аяқтап жатқан еңбек озаттары мен үздік көрсет­кіш­терге қол жеткізген құры­лымдарға құрмет көрсетіліп, марапатталды.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*