Астанада «Нұрлы жермен» қанша баспана беріледі?

160
0
Бөлісу:

Бүгін бүкіләлемдік жинақ күніне орай Астанадағы Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі Орталық филиалы журналистерге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пайдалануға берілетін үйлерді көрсетті. Елордада «Нұрлы жер» аясында сатылатын және келер жылы құрылысы аяқталатын баспаналардың саны артқан. 

Жуырда пайдалануға берілетін тұрғын үйлер Мәңгілік ел мен №227 көшенің және №27 мен №36 көше­лердің аумағында орналасқан. «Нұрлы жер» бағдарламасы 2016 жылдан бастап іске қосылды. Оған мемлекеттік бюд­жеттен 4 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Орталық филиалдың дирек­торы Жансұлтан Матаев Астанада биыл қолданысқа берілетін үйдің бағасы қолжетімді екенін айтты.
«Қазіргі таңда банк 364 пәтерді пай­далануға беруге дайын. Оның ішін­де 1 бөлмелі – 75, 2 бөлмелі – 168, 3 бөл­­мелі – 121 пәтер қолданысқа бері­ле­­ді. Пәтердің 1 шаршы метрінің құны – 180 мың теңге. Бұл баға бас қаладағы баспананың орташа нарықтық бағадан екі есе төмен. Тұрғын үйдің бірінші қабатында балаларды дамыту орта­лығы, сауда және тамақтану орындары орналасқан. Пәтер сатып алу үшін Тұр­ғынүйқұрылысжинақ банкінің клиенті болып, депозитке үй бағасының 20 пайыз алғашқы жарнаны жинау немесе аудару қажет. Займның жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Баспана алуға өтініш бергендердің 50 пайызы – банк салымшылары, қалған 50 пайызы – қалалық әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар.
Қазіргі есеп бойынша Тұрғынүй құрылысжинақ банкіндегі жинақ шот­тарының орташа толтыру сомасы – 106 мың теңге. Тұрғындарға берілген займ­дардың орташа сомасы – 10 миллион теңге. Биыл жыл басынан бері елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен 26 мың азамат баспаналы болды. Оның 19 450-і пәтерді коммер­циялық нарық­тан сатып алса, 7 мыңға жуығы «Нұрлы жер» аясында несие рәсімдеген. Қазір халық баспанаға қаражат жинап үй­рен­ді. Бізге қара­жатын үнемдеп, баспанаға жуық арада қол жеткізуді мақсат еткен азаматтар келеді. Баспанаға қаражат жинауға табыстың аз-көптігі ықпал етпейді. Біздің салымшылардың 40 па­йызының жалақысы 150 мың теңгеден төмен» деді Жансұлтан Матаев. 2019 жылы Астанада аталған мемлекеттік бағдар­лама аясында тағы 1825 пәтерді сату жоспарланып отыр.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*