Шексіздік әліппесі

127
0
Бөлісу:

Іле Алатауының ең тамаша бөктеріне, аялы алақанына орналасқан Ассы саға ауылын жағалай кішкентай асау өзен ағып өтеді. Мөлдір де ерке, әрі тентектеу өзеннің ағысына қараймын да, табиғаттың таңғажайып құбылысына таңғаламын. Олай дейтінім, бұл ауылдың балаларының мінездері де сол өзеннің буырқанған ағысы сияқты. Әдетте сабырлы, момақан болып көрінеді. Ал жаңбырлы, бұлтты күндері түнеріп сала беретінін айтсаңшы. Ассы өзенінің асау толқындары жағаға соқтығысып,  лайланып шыға келеді. Мұндай кезде тай-құлындай тебісіп, бірге өскен балалары да балапан әтештей бір-бірімен күш сынаса шекісіп, одан соң өзен суына бір-бір сүңгіп, артынша түк болмағандай, қол ұстасып жүре беретін әдеті. Бұл тентектік емес, еркелік болса керек. 

Кезінде бай, би, болыс болған Телібай ақсақалды ауылдастары біздің беліміз, тірегіміз, ақылшымыз деп Белдем атап кеткен екен. Сол Белдем ақсақалдың қазіргі бар байлығы оншақты немересі еді. Олардың ішінен Дәулеті өзгеше, биік бір төбе. Атасының үміт артқаны да, көңіліне демеу болатыны да осы Дәукентайы.
Сол жылдары осы Ассы өзені Жеті­судағы ең асау өзендердің бірі болатын. Бүгінде суы азайған, шуылы бәсеңсіген, арнасының кеңдігімен ғана көзге түседі. Әсем табиғатымен жұртты тамсандырса, ал аңыз әңгімелері көпшіліктің есінде сақталып қалған.
Дәукентай ауылдың шаңын шығарып жүретін ең тентек те зерек, алғыр да ба­уыр­машыл бала болып өсті. Бүгінде Дәулет Телібаев өмірде өзіндік орны бар, мақ­саты айқын азамат. Алпысты алқым­даса да, сол баяғы бала көңілін, дана пейілін сақтап қалған.
Өмір тауқыметі Дәулетті жастайынан сынақ алаңына лақтырып тастағандай еркелете қойған жоқ. Ес білгелі. Тек әжесі мен дана да «дорогой» атасы Телібайдың аялы алақаны қақпайлап өсірді. Сол кісілер шындығында Дәулеттің бағына, әулеттің пешенесіне туған жандар еді…
Дәулет 1964 жылдың күзінде үлкен сөмкесін арқалап, бірінші сыныпқа барды. Сондағы қуанышы қойнына сыймағанын айтсаңшы. Азаматтыққа, бозбалалыққа бір адым жақындады. Ойында ештеңе жоқ, алдыңғы партаға жайғасқан. Бала­лар­мен бірге шуласып, жаңа таныстар тап­қанына қуана отырған. Бір кезде мұға­лім келді де, жаңағы жаймашуақ, балалық бал дәурен көріністің күл-талқанын шығармасы бар ма? Дәулетті орнынан тұрғызды. «Мынау, мынау, Телібаев деген байдың тұқымы. Атасы би, болыс болған. Оңбағанға жоламаңдар» демесі бар ма? Бала емес пе, ештеңе түсінсе бұйырмасын. Басқа оқушылар да аңтарылып қалды. Ересек адам, оның үстіне мұғалім айтқан соң… «Басқа мектепке барамын! Менің атам жақсы адам!..». Дәулет сөмкесін иығына асынды да, кластан шығып кетті. Шы­на­шақтай баладан мұндай қайсарлық күт­пеген мұғалім отырған орнынан тұра алмай қалды. Бұл оқиға бала Дәулеттің есінде көп­ке дейін, тіпті бүгінге дейін сақталып қалған. Жылдар өтті, жауабын да тапты, ше­шімін де шешті. Жоқ… Тегін адам би, кө­рінген адам бай болмайды. Басына бар­мақтай бақ қонғандар ғана мұндай биікке жете алады. Ол – Алланың берген бағы!
Дәулет мектептен қайтысымен атасы­ның ұстаханасына келетін. Әдеттегідей, еркелей ішке кіргені сол еді, Белдем қарттың үнсіз, қимылсыз, бір нүктеге қадалып тұрғанын көрді. Кірпігіне бір тамшы жас ілініп қалыпты.
– Ата, ата, не болды? – деді Дәулет қорқыныштан тұтыға сөйлеп.
– Ана, ана ұл, арақпен достасып алып­ты. Одан да басқа балаларым сияқты соғыста өлгені жақсы еді, – деді атасы көзіндегі жасты сүртіп жатып.
– Ата, арақ ішкен жаман ба? – деді Дәулет бала көңілімен. Бір жағынан әкесін жамандықай қимайды.
– Иә, құлыным. Ол жаманнан да жаман, қасірет. Енді маған үлкейгенде арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, құмар ойындар ойнамаймын деп уәде бер!
Бала Дәулет Белдем атасына уәде берді. Міне, содан бері жарты ғасыр уақыт өтіпті. Атаға берген уәде, Аллаға берген уәдедей бұзылған жоқ.
Белдем атасының есімі әлі күнге дейін ел аузында. Жақсылығы мен жайсаңдығын, даналығы мен даралығын ешкім ұмытқан жоқ. Бала-шағасына үлгі-өнеге етіп, айтып отырады. Елдің бірлігін, ағайынның татулығын сақтата білген де осы сияқты қазақтың ақсақалдары ғой.
Дәулет мектепті бітірісімен Алматыға келді. Оқуға түсе алмады. Ауылға қайтуға ұялып, өзі тағдырлас, жолы болмаған жігіттермен танысып, жұмыс іздеді. Он алты жастағы бозбаланы еш мекеме жұмысқа алғысы келмеді. Сөйтіп, сеңделіп жүргенде мына бір оқиға оның өмірін басқа арнаға бұрып жібермесі бар ма? Сол жылдары Алматының жастары кешке қарай М.Горький атындағы мәдениет және демалыс паркіне жиналатын. Би алаңының шаңын шығарып, жарыса билейтін. Кей күндері бидің соңы төбелеске ұласып жататын. Бүгін де дәл солай болды. Дәулет балмұздағын тамсана, тамыза жеп отырғанда жұдырықтасу басталып кетті. Жолдастарын тепкілеп жатқанда қарап отырсын ба? Интернаттың ботқасын таласа, тармаса, ал мәмпәсиін төбелесе жеп өскен бала емес пе? Доданың бел ортасына кірісті де кетті. Айнала айқай-шу. Сол кезде қайдан келгені белгісіз, қызыл жағалылар қаптап кеткені. Барлығын қоршап, ұстап алды. Медеу аудандық (бұрынғы Фрунзе) ішкі істер бөліміне әкеліп, қамап қойды. Төбелес­кендердің көбісі ересек жігіттер, ең кішісі, оның үстіне шойындай қара торысы Дәулет. Тергеу басталды.
– Төбелесті бастаған кім? –деді тергеуші.
Барлығы келісіп алғандай, бір ауыздан Дәулетті көрсетті.
– Жо-жоқ, мен емеспін. Жай жүргенмін.
– Атамандарың кім?
Тағы да Дәулетті көрсетті.
– Сен тыныш отыр. Әлі кәмелеттік жасқа толған жоқсың. Саған ештеңе етпейді, жібереді, –деді ересектеу жігіт құлағына сыбырлап. Түріне қарап еді, бетінде төбелестен қалған ою-өрнек – тыртықтардан сау жері жоқ.
Міне, Дәулет Телібаев ойламаған жер­ден «Атаман» болып шыға келді. Ұсталған жігіттер де құрметпен қарай бастады. Милиционерлер де жылылық танытты.Түн жарымы ауа аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы келіп:
– Түсінікті. Барлығыңды қамаймыз. Ондаған кінәсіз адам жарақат алды. Би алаңы, демалыс паркінің ойранын шы­ғарыпсыңдар. Істеріңді сотқа жібереміз, – деді қорқытып.
Үнсіздік. Жаңағы улап-шулап жатқан бұзақылардың ұнжырғалары жығылып, мойындарына су кеткендей болды.
– Бұдан шығар тек қана бір жол
бар, – деді милиция бастығы.
Бұл сөзді естігенде жігіттердің құлағы елең ете қалды. Тығырықтан шығатын үміт оты оянғандай еді.
– БАМ-ға барасыңдар! Ол жер Бү­кіл­одақтық екпінді комсомол-жастар құры­лысы. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген қыз-жігіттердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ал, ең негізгісі үлкен мөлшерде, төрт-бес есе еңбекақы төленеді. Бір жағынан жұмыс істеп, әрі материалдық жағдайларыңды түзеп келе­сіңдер. Ойлануларыңа таңертеңге дейін уақыт беремін. Егер келіссеңдер, ертең кешке салтанатты түрде шығарып саламыз.
Байкал-Амур теміржолының құрылы­сын салуға үгіт-насихат жұмысы осылай басталып кетті.
– Келістік! – деді ересектеу жігіттердің бірі. – Барамыз, енді үйге жіберіңіз. Уақыт аз екен, жолға дайындалайық.
Ертеңіне бірінші Алматы вокзалында қазақстандық жастарды БАМ-ға шығарып салу салтанаты болды. Партия, комсомол ұйымдарының басшылары сөз сөйлеп, сый-сияпатты аямай беріп, сәт сапар тіледі. Осы екпінді құрылысқа аттанғалы тұрған алтыжүздей жігіттердің арасында, кәмелеттік жасқа толар-толмас, қара қайыстай қақталған, балғадай мығым, асау сәйгүліктей ойнақшып, бір бозбала тұрды. Ол жәй ғана Дәулет емес, комсорг, Белдем ақсақалдың немересі Дәулет Телібаев болатын. Алда ұзақ, өте ұзақ, қорқыныш пен үрейге, сонымен қатар романтикаға толы сыңсыған Сібір орманы, қақыраған боранды, тоғыз айға шегеленген Сібір қысы күтіп тұрды. Билет бір бағытқа – БАМ-ға дейін алынған…
Орыс қысы жылы қабақ танытқан жоқ…
БАМ-ға кілең қасқыр жігіттер жиналыпты…
Таңғы астың алдында текетірес, түсте төбелес, кешке қарай жұдырық сайысы… Бұл күнделікті жұмыс кестесі… Солардың арасында шойын жолды салуға кіріседі…
Қасқырлар бас қосқан жерде көкжалы болмасаң аямайды, талап тастайды…
Дәулет шыдады, шыңдалды, кілең қасқырдың арасында жүріп, солармен өз тілінде сөйлесетін жағдайға жетті…
Бір қуаныштысы, БАМ-дағы қазақ жігіттерінің қолдары босай қалса, Мұқа­ғали Мақатаевтың өлеңдерін оқитыны. Олардың елге сағынышына, жырақта қалған туыс-достарына, кезінде баға­ламаған ару қыздарға деген махаббаттарына деген жүрек лүпілдерін, жұбаныштарын осы кітаптан, ондағы өлең жолдарынан табатын. Мұқағалидың өлеңдерін жаттап алып, жарыса, таласа оқитын.
– Бүгін менің туған күнім.
Ой, пәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай… – деген өлең жолдарын оқығанда көздеріне жас алатын. Жігіттердің кейбірі Мұқағалидың жыр кештеріне қатысып, ақынның өршіл, махаббатқа толы лири­калық өлеңдерін өз орындауында тың­дағандары да бар еді. Ақынның кітаптары жарыққа шықпай, оның үстіне жұмыссыз жүрген кездері, жан күйзе­ліс­терін көрген­дері де болатын. Оны естіген жұмысшы жігіттер жандарын қоярға жер таппайтын. Қолдан келер амалдың жоқтығына қынжылатын. Осындай күндердің бірінде Дәулет кезекті еңбек демалысына шығып, Алматыға жол жүретін болды.
– Сенен өтініш, Алматыға барған соң Мұқағали ағаны іздеп тауып ал. Жолық. Біз туралы айт. Өлеңдерін сүйіп оқиты­нымызды жеткіз, – деді жігіттердің бірі.
– Жақсылап қонақ ет, –деді екіншісі.
– Жоқ, біз ол кісіге үлкен сыйлық жасайық…
Дәулет Алматыға келісімен анықтама бюросынан сұрастырып, Мұқағали тұра­тын үйді тауып алды. Құрманғазы көше­сіндегі ескі, екі қабатты үйдің алдына кел­генде: «Қазақтың ұлы ақыны осы үйде тұрады екен ғой» деп көзіне жас алды. Екін­ші қабатқа көтеріліп, есіктің қоңы­рауын басып еді, бөтен адам шығып, олардың басқа үйге көшкенін айтты. «Пионер» дүкенінің үстіндегі пәтеріне келіп, есікті қаққанда, Лашын жеңгеміз есік ашады. Дәулет амандасып болған соң, Сібірден арнайы Мұқағали ағаны іздеп келгенін, ондағы еңбек етіп жатқан жігіттердің сәлемін, оған қоса аманатын ала келгенін жеткізіп, сыйлықты табыс етеді. Жеңгей ақын ағаларының қайтыс болғанын естіртеді. Дәукеңнің сағынышқа толы жүрегі тоқтап қалуға сәл-ақ қалады. Сәлден соң Мұқағалидың қызы, аға лейтенант формасын киген ұлы Жұлдыз келеді. Жұлдыз зират басына ертіп барады. Ақынға тағзым етіп, құран бағыштайды.
Сібірдің текетірескен қара орманын қақ жарып, шойын жолды солқылдата соққан жігіттер Мұқағали ағаларының қайтыс болғанын естігенде, нокдаун алғандай күй кешті. Жат жерде қайыспаған жігер, егілмеген жүрек босаңсып сала берді. Бірақ ақынның өлеңдеріне деген құрмет, туған жерге деген сағыныш одан сайын арта түсті.
БАМ-да байланып қалған жеті жылдан соң Алматыға оралып, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті журна­листика факультетінің дайындық курсына оқуға түседі. Өмір тауқыметін көп көрген Дәукең ендігі бар күшін білімге арнайды. Ал қазақ жастарының ойын оятқан Желтоқсан көтерілісі оның өмірін бейжай қалдырған жоқ. Алаңдағы қыз-жігіттердің бел ортасында жүрді. Қиыншылықпен бетпе-бет кездесіп, мұқалмай оны жеңе білген жігіт емес пе? Осындай сәттерде курстастарына қамқор да болды. Қайрат Рысқұлбеков пен Қалдыбай Әбеновтің ерліктерін жастар арасында кеңінен насихаттады. Қолдау көрсетті. Кейін ес жиып, еңбекке араласқан жылдары Желтоқсан партиясын құруға қатысты. «Аллажар» фильмін түсіруге қаржылай көмектесті. Көпшіліктің қолынан келе бермейтін осы бір шараға жан-тәнімен, жүрек қалауымен кірісті.
Егемендіктің алғашқы жылдарында Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамын құруға, «Азат», «Сана» газеттерінің жа­рық­қа шығуына септігін тигізді. Же­текшілік етті. Қазақ журналистикасының қаза­нын­да қайнады. «Жас алаш», «Жетісу» газеттерінде, Қазақ радиосында еңбек етті. Ол қалам тартпаған тақырып, араламаған елді мекен қалған жоқ. Одан соң жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Меценаттық жасады. Дәулеті тасыған, қолы ашық, пейілі жомарт кәсіпкер де атанды. Қаншама жанға қол ұшын берді. Ал бүгінде Дәулет Телібаев елімізге танымал кәсіпкер. «Априории-Элек­троник» корпорациясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик. Марапат та, атақ-даңқ та жетеді. Бірақ адам баласының арманы таусылған ба? Сол биікке жету жолында қолындағы бар­лық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен келеді. Еліміздің эко­номикалық дәулетін асқақтату, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту оның өмірлік арманы. Дәулет үшін осы мін­деттерден асқан абырой да, даңқ та жоқ. Өйткені, бұл жұмыстар бала кезден арманы. Белдем атасының шегелей тапсырып кеткен аманаты. Теңіз тол­қындарын бұза-жара, жалғыз жүзген желкенді қайықтай күн кешсе де, жеке-дара, өз соқпағымен жүргенді ұнатады. Шексіздік әліппесінің бар екенін біледі. Үнемі оның шешімін табуға, өз көкжиегін айқындауға асығады да жүреді. Қолтаң­басының басқалардан ерекше болғанын қалайды. Қанша жұмбақ, шексіз, шетсіз болса да шексіздік әлемінің қызыққа толы екенін біледі. Ұмтылады. Асығады…

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
жазушы

Бөлісу:

Пікір жазу


*