ЭФИРДІ ТҮЗЕЙТІН СҮЗГІҢ ҚАЙДА?

189
0
Бөлісу:

Әлемдегі ең алғашқы телеарна – DFR (Deutscher Fernseh-Rundfunk) жұмысын 1934 жылы бастады. 1936 жылғы Берлин олимпиадасын жаһан жұрты тікелей эфирден тамашалады. Негізінен, халыққа алғаш хабарды радиостансалар таратты. Алғашқысы 1928 жылы Чикагода ашылды. Содан бері адамзат дүние-дүрмекке ілесіп кетті. 

Қазақстан үшін елеулі өзгеріс әкелді. Осыған дейін шетелдік арналарды тамашалап келген ел тұрғындары «Қа­зақстан» арнасының құрылғанына қуанды. Осылайша, ақпарат айдыны­на жаңа форматтағы арналар жүзіп шықты.
Жылдар ішінде телевизия сансыз өзгерістерге ұшырады. Ақпараттық, танымдық, салалық арналар ашыла бастады. Телевизияның дамуымен қатар, кино саласы да қанатын кеңге жайды. Алғашқы дыбыссыз түсірілген Амангелді фильмінен бастап (1938) «Бизнесмендерге» дейін талай туынды көрерменге ұсынылды. Біріне ұнады, екіншісі сын айтты. Дегенмен кино түсіру алға ілгеріледі.
Кейінгі жылдары телеарналардың жүктемелеріне сын айтушылардың қатары көбейді. Теледидардан жөні-жоқ бағ­дар­ламалар мен кинотуын­дыларды тама­шалайтын болдық. Оған сүзгі жасайтын кеңес жайын біраз сөз еттік. Көптің тілегі елеусіз қалмай, Кинемотография туралы және оған ілеспе заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады. Ендігі кезек – заң жобасының іске асқанын күту.
Киноиндустрия қазаны алыс-жа­қын шетелдерде қайнап жатыр. Көп­шілігі тұшымды дүниеге қыруар қаржы бөледі. Кейбірі телеиндустрияны тіз­гіндегенді жөн көреді. Соның бірі – Түркия.
Түркияда радио және телетаралым Жоғарғы кеңесі (RTÜ K) қарқынды жұмыс істейді. Телеарна, радио, бей­не­баян, бағ­дарлама – кеңестің жіті қада­ғалауында. Шектен шыққандарға белгілі бір көлемде айыппұл салынады. Mk-turkey.ru сайты­ның мәліметіне сүйенсек, 2008-2018 жылдар аралы­ғында RTÜ K телеарналарға 41 миллион долларға жуық айыппұл сал­ған. Оның 60 пайызы жарнама хақында екен. Кеңеске қарапайым халық шағым тү­сіре алады. Соңғы 5 жыл ішінде көрер­мен­нен 800 мың шағым түсіпті. Жо­ғар­ғы ке­ңес сөз қолданыстарынан бас­тап, экран­­дағы әр әрекетті сүзгіден өткізеді.
Мұндай жүйе бізге де қажет сияқты. «Қалаулым» көріп, «Мәселеге» мән бер­мейтін көрерменді сәл де болса, сүрлеуге түсіретін секілді. Жөнсіз бей­небаян, ән мәтіндері, кинотуындыларға тұсау сала­тын бір кеңес керек-ақ.
Қазір теленарық рейтингке тәуелді. Рейтинг дегеніміз – халық сұранысы. Те­ле­визияның қыр-сырын қазанында қайнағандар біледі. Белгілі теле­жур­налист Зейін Әліпбектің ұйғарымын­ша, халықты білім мен әдепке үйрете­тін дүниелерден ақша аямаған жөн. Сенсация қуудың соңы жақ­сылыққа апармайтынын да алға тартты.
– Соңғы уақыттары телеарналарда «экранның түзеліп» келе жатқанын айтуға тиіспіз. Бастапқы салиқалығы мен ор­нықтылығына қайта оралып жатыр. Оны, әсіресе, мемлекеттік арналарда жаңа ма­у­сымда болып жатқан жаңалықтардан, көрермен күткен оң өзгерістерден көріп отырмыз. Әйтсе де, әлі көп шаруа атқарылуы қажет екені айқын. Экран түзелсін десек, эфир түзелуі тиіс. Тел­е­арналарда ойын-сауық құрып, әзіл айтып біткен болсақ, енді елге пайда беретін, өсі­ретін, дамытатын бағдарла­ма­ларды көбейту қажет. Телевизия – тәрбие құралы. Бұдан былай елді білімге тәр­биелесе деген тілек бар. Яки, танымдық хабарлар қажет. Телеарналарда білім мен тәрбиеге көп көңіл бөлінсе. Теле­визияға келгенде, «Әзіл мен сенсация ұнамаса көрмей-ақ қой» деген прин­ципті ұстануға болмайды. Себебі, бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе, ұлттық қауіпсіздігіміз. Ұлтты білім мен әдепке үндеуден ақша үнемдеуге болмайды. Айтпағым, телеарналарды рейтингке таңып қоюдың кесірі тиіп келе жатыр. Әлбетте, қаражат рейтингің жо­ғары болса ғана келеді. Ол жоғары болуы үшін телеарналар амалсыздан сенсация қуады. Себебі, сенсацияны халық көп қарайды. Адамның табиғаты солай. Оқыс нәрсеге әуес болып тұ­рады. Алайда көрер­меннің жетегінде кеткен қаншалықты дұрыс? Ұлтты балаға ұқсатамын. Өзімізді еске алайықшы. Бала күнімізде ата-анамыз ақыл айтып жатса, еңбек пен тәрбиеге баулып жатса, аса жақтыра бермеуші едік қой. Бірақ содан жаман бол­ғаны­мыз жоқ. Сондай айтылған ақыл­дың қа­зір пайдасын көріп отырмыз. Әке-ше­шеміз бізге жаны ашығандықтан айт­ты. Балаларының қалауын орындай берсе не болар еді? Көрермен мен теле­визия қа­рым-қатынасын да осы прин­цип­ке құрған дұрыс секілді. «Ел аз кө­реді» деп танымдық хабарларды тоқ­­татып тастау дұрыс болмас. Бізге де RTÜ K тәрізді кеңес қажет деп ойлай­мын. Түріктердің осы тәжірибесін зерт­­­теп, дұрыс болып жатса, үлгі алсақ ар­­тық болмас еді, – дейді Зейін Әліпбек.
Оған қосымша бізге фильмдердегі мән-мағынаны жеткізетін кеңес қажет тәрізді. Әйтпесе, «Махаббат кафесін­дегідей» нені көргеніңді, кімді естіге­ніңді аңғармай қаласың…
Әуелі эфирді сүзгіден өткізейік. Эфир түзелсе, экран өз-өзінен жөн­деледі. Эфирді сүзгіден өткізетін кім? Қоғамдық кеңес. Ондай кеңес бар ма сізде? Кеңеске құлақ асатындар ше? Әй, қайдам!

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*