ДАРА БИ

133
0
Бөлісу:

Біз Мейрамбек Таймерден­ұлы­мен өткен ғасырдың 90-жылдары­ның ортасында танысқан едік. Ол кезде мен Алматы облыс­тық сотында жұмыс істейтінмін.

М.Тай­мерденов күдік пен үміт арпа­лыс­қан өлара шақта Жамбыл аудандық сотына судья болып тағайындалған. Ол бұл қыз­метке Бас прокуратурадан ауысқан еді. Сол уа­қыттан бастап біз бір-бірімізге достық пейіл танытып, бір-біріміздің қуаныш-қай­ғымызға ортақтасып келеміз. Ол өзіне сенген, өзіне қол ұшын созған адамдарды, кейбіреулер үшін ұсақ-түйек көрінген қайсыбір оқиғаларды ешқашан ұмытпайды. Арада қаншама жылдар өтсе де кешегі орта мектепте білім берген ұстаздары туралы, әсіресе, өзі білім алған Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылындағы мектептің директоры Сейдін Махмедов ағаға, тарих пәнінен беретін мұғалім Сәму Абіханов ағаға, қазақ тілінен беретін мұғалім Жақыпбай Бай­жанов ағаға, класс жетекші Шаухан Аязбай­қызына және Үңгіртас интернатының меңгерушісі Жалғасбай Жанділдін ағаға алғысы шексіз. Үңгіртас ауылының интернаты туралы небір қызықты оқиғаларды сағыныш­пен есіне алып, әңгімелеп отырғанын көрген­де еріксіз қайран қаласың. «Білімге деген құштар­лығымды оятып, алдыма үлкен мақсаттар қоюыма бірден-бір себепші болған, өміріме о баста дұрыс ­бағыт-бағдар берген жанашыр ағайымды қа­лай ұмыт­пақпын?! Ұмыта алмаймын! Ұмытуым мүмкін емес!» деп тебіренгенін көргенде қосыла қуанып, шын риза боласың.
Әсілі, Жалғасбай ағайының ықпалы болар, Мейрамбек бастауыш сыныптарда-ақ кітап оқуды ерекше жақсы көріп кетті. Қасындағы құрдастары сабақтан соң ойын ойнауға асықса, бұл тезірек кітап бетін ашуға, сабаққа дайындалуға асықты. Тіпті жайшылықтың өзінде, қайда жүрсе де қолынан кітабы түспеді. Көбіне бөлмедегі балалар шамды өшіріп, ұйықтауға жатқан кезде ол орнына тұратын да, интернаттағы кезекшінің қасына барып: «Апай, сіздің бөлмеңізде отырып, кітап оқиыншы?» – деп қиыла өтініп тұрғаны.
– Маған тап осылай ой түюді өмірдің өзі үйретті! – дейді Мейрамбек Таймер­денұлы өзінің қиындықта өткен балалық шағын есіне алып. – Бір отбасында өскен үш ұлды анамыз жалғыз тәрбиеледі. Біз 1962 жылдан бастап Жамбыл ауданының Үңгіртас кеңшарына қарасты Ақдала бөлімшесінде тұрдық. Сондағы ауылдас­тардың ішінде тұрмыс жағдайы нашарлау біз болатынбыз. Әсіресе, ең өкініштісі, әкемізден ерте айы­рылдық… Ол кезде небәрі екі жаста бола­тынмын. Басымызда тіпті баспанамыз жоқ, үш бірдей кішкентаймен жесір қалған анамызға қаншалықты ауыр болғанын аңғару қиын болмаса керек-ті… Шешеміз күнкөріс үшін барынша тырбанып бақты. Жетім қозыдай ауыздарын ашқан үш баласы нансыз қалып кетпеу үшін кеңшардың кез келген қара жұмысына жегілді… Бірде ана­мыз көктемгі қырқыннан кейін ауылдың малын керолинге шомылдыруға айдайтын болды. Мұндай шешім қабыл­даған ауылдың атқамінерлері болатын. Олардың бұл шешімін іштей құп көрмеген шешеміз: «Ойбай-ау, біздің бар-жоғы бес-ақ қойымыз бар! Ал ауылдағылардың көпшілігінде қырық-елуден қойы бар емес пе?! Сонда неге қойларды шомылдыруға біз баруымыз керек?! Бұл барып тұрған әділетсіздік қой!» – деп көзінің жасын сығып-сығып алған-ды… Дәл сол жолы алғаш рет «әділетсіздік» де­генге мән бердім. Тап сол жолы шындық бұрмаланған жерде міндетті түрде әділетсіздік орын алатынын түсіндім… Мына өмірде әділетсіздікке душар бола тұра, бірақ соған қарсы тұра алмайтын дәрменсіз жан­дардың болатынына сол күні тұңғыш рет көзім жетті… Өйткені анамыз әлгі сөзінен кейін артын­ша көз жасын сүртіп тастап, мені қа­сы­на ертіп, ауылдан 20 шақырым жердегі қой то­ғытатын орынға аттанған болатынбыз.
Сол күні үйге жете мұрттай ұштым. Ыс­ты­ғым көтеріліп, жиі-жиі есімнен тана бер­дім… Байғұс анам шыр-шыр етіп, өзі бі­летін бар ем-домын жасап әлек. Ақыры бе­тім бері қарағандай болды. Басымды кө­теріп отыратын дәрежеге жеттім. Қыл­тиып отырғанымды көріп, қасыма же­тіп келген анамды құшақтай алып: «Апа, мен кейін өскенде сот боламын! Әділет­сіз­дік­ке еш жол бермеймін!» – дедім тістене кіжініп.
Иә, бала Мейрамбек сол сөзінде тұрды. Ол мектеп бітірген жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін таңдады. Алайда өкінішке қарай, университетке қабылдануға бір балы жетпегендіктен, конкурстан өте алмай қалды. Бірақ Мейрамбек бұл сәтсіздікке еш мойыған жоқ. Өйткені түбінде осы оқу орнына қабылданатынына сенімді болды. Сол үшін де көп уайымдап жатпастан ауылына оралып, отбасына көмектесу үшін Қастек мемлекеттік асылтұқымды мал шаруашылығы зауытының 5-бөлімшесіне қара жұмысқа орналасты. Келер жылы сол жерден әскери борышын атқару үшін армияға алынып, Ауған шекарасындағы Кушка бекетінен бір-ақ шықты. Әскери міндетін атқару барысында талай-талай қиындықты бастан өткеріп, едәуір ысылып, екі жылдан соң еліне старшина шенінде қайта оралды. Кеңшарға жұмысқа тұрып анасына, отбасына көп қолғабыс жасады. Кейін Талдықорған қаласындағы заң техникумын үздік бітіріп, артынан бес рет бағын сынап жүріп, ақыры армандай көрінген Қазақ мемлекеттік университетінің заң факуль­тетіне қабылданды.
Жоғары оқу орнын бітіріп, заңгер ма­ман­дығын алып шыққан соң, Алматы облысы Қаскелең аудандық халық сотында қата­рынан он жыл сот орындаушысы қызметін атқарды. Кейде басын қатерге тігуге тура келетін. Қаншама рет сот ше­шімін орын­дағысы келмейтіндер тара­пынан жасалған қоқан-лоққыларға, кейде тіпті алдынан ит қосып, мылтық кезеніп шыға­тын­дарға тап болды. Кезінде жас маман М.Таймерденовтің осынау жұмысын өзге­лерге үлгі ретінде ұсынып, адал еңбегіне риза­шылықтарын білдірген Алматы об­лыс­тық әділет басқармасы басты­ғының, Қазақ КСР Әділет минис­трінің бұй­рықтары мен алғысхаттары ұмытылмас сол күндердің бірден-бір айғағы болып қала бермек.
Осылайша өзінің адалдығымен, еңбек­қорлығымен, іскерлігімен көзге түскен Мейрамбек Таймерденов білікті маман ретінде 90-жылдардың басында Қазақ КСР Көлік прокуратурасының кеңсесін басқаруға шақырылады. Бұл жерде оның бұған дейін сот орын­даушылық саласында жинақтаған мол тәжірибелері жаңа жұмыс­ты бірден еңсеріп кетуіне көп сеп­тігі тиді. Соның арқасында қысқа мер­зімнің ішінде Көлік прокуратура­сын­дағы кеңсе қызметін үлгілі деңгейге жеткізді. Қайда жүрсе де қиындықтан қаймық­пайтын қайсар да алғыр жігіттің осынау қарым-қабілеті жоғары бағаланып, Бас прокуратураға қызметке тағайындалады.
Кезінде талай жас маманға Прокура­турада жұмыс істеу үшін бірінші кезекте тап осы қасиеттердің қажет екенін түсінуге көмектескен Болат Сембин болатын. Бүкіл еңбек жолының отыз жылға жуығын осы прокурорлық қызметке арнаған, соның ішінде он жылдан астамын Бас проку­ра­турада, көбіне Бас прокурордың орын­басары міндетін атқарған Болат Ажақайұлы олар үшін үлгілі басшы, үлгілі ұстаз еді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысы сот саласы үшін нағыз «тар жол, тайғақ кешудің» өзі болды: жер-жер­лердегі судьялардың басым бөлігі қыз­меттерін тастап, жеке шаруашылық­тарға ауысса, кейбіреулері өздерінің тарихи отандарына көшіп жатты. Міне, тап осы тұста Мейрамбек Таймерденов Президент Жарлығымен Алматы облысы Жамбыл аудандық сотының судьясы болып таға­йындалады.
Сырттай қарағанда прокуратура мен сот жұмыстары бір-біріне ұқсас, былайша айтқанда, екі жақ та заң талаптарының әділ орындалуын қадағалайтындай көрінгенмен, екеуінің едәуір айырмашы­лығы да бар. Сондықтан прокурорлық шенді судьяның мантиясына ауыстырған Мейрамбек Таймерденұлы үшін жаңа саланың «өз адамына» айнала кету бірден оңай болған жоқ. Алайда оның жағдайын сәл де болса жеңілдететін бір артықшылығы бар-тын. Ұзақ жыл сот орындаушысы болып жұмыс істеген және он жылдан астам халық қосшы биі болып сайланған оған сот жүйесі тек сырттай ғана емес, іштей де етене жақын еді. Сондықтан ол үшін сот саласының «өз адамына» айналу пәлендей қиындық тудырған жоқ. Көп ұзамай-ақ оның есімі тек аудандық сотта ғана емес, облыстық сотта да үлкен құрметпен атала бастады. Сөйтіп, өзін қарымды еңбегімен, іскерлігімен таныта білген ол кейін қызмет бабында Алматы облыстық сотына жоғарлатылды. Осы­лайша жақсы атымен есімінің ел аузына ілінуінде сол уақыт­тағы біздің басшы­ларымыз әрі тәлімгер­леріміз болған Марат Нұрбеков, Серік Байбатыров, Ерғали Қанаданов, Тағир Сейсембаев, Бектас Бекназаров сияқты ақылман ағаларының жанашырлықтарын Мейрам­бек мырза ешқашан ұмытпақ емес. Олар Мейрамбек үшін әрдайым ең құрметті, ең сыйлы адамдар болып қала бермек.
2000 жылдардың басында М.Таймер­денов Әділет министрінің бұйрығымен Алматы облыстық Әділет басқармасының бастығы болып тағайындалады. Кейін бір жылдан соң Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитетінің төрағалығына бекі­ті­леді. Осы жерде ол сол уақыттарда өз еңбек­терімен республикамызға жақсы танымал болған, аталған саланы басқарған министр­лер Бауыржан Мұхамеджанов, Игорь Рогов, Георгий Ким, Оңласын Жұма­­беков, Зағипа Балиевамен қызметтес болды.
Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті әдетте жұмыс барысында Жо­ғар­ғы сотпен тығыз қарым-қатынаста болады. Бірде осындай қызметтік кездесу бары­сында Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Әб­ді­разақұлы мен Мейрамбек Таймер­де­нов­тің арасында мынадай әңгіме қозғалады:
– Өзіңнің туған үйіңдей болып кеткен сот саласына қашан оралмақ ойың бар? –
дейді Қайрат мырза.
– Сіз қажет деп тапсаңыз, қазір-ақ кері оралуға әзірмін! – дейді Мейрамбек еш бөгелместен.
Сөйтіп, азырақ уақыт Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқа­рып, ақыры 2007 жылдың наурыз айында Президент Жарлығымен Алматы облыс­тық сотының төрағалығына тағайында­лады. Осылайша «Әділетсіздікке жол бермеймін!» деген бала арман түптің түбін­де жүзеге асады. Бұл тағайындау оның ақиқат-әділдікті білек сыбана қорғауға деген ынта-жігерін бұрынғыдан да қайрай түскен еді.


Сырттай қарағанда, бәлкім, Мейрам­бек Таймерденұлының өмір жолы көп әріп­тестеріне ұқсас та болар. Жұмыс бабымен сатылай өсу, жоғары лауазымды қызметтер атқару, ғылыми жұмыстармен айналысу, жоғары ғылыми атақтарға қол жеткізу… Алайда Мейрамбек Таймер­де­нов­тің бо­йынан тек өзіне ғана тән өзгеше қасиет­терді байқау қиын емес. Әсілі, оны өзгелерден оқшауландырып тұратын да осы жеке-дара өзгешелеу қасиеттері болса керек. Әдетте мұндай адамдар туралы қазақ­тар «дара тұлға» деп жатады. Ал «дара» деген сөз парсы тілінде «өзгелерден басқа­ша», «өзгелерден ерекше» деген мағына береді екен. Міне, бүгінде «қара қылды қақ жара» сот билігін жүргізіп, ел-жұрт­тың алғыс-ықыласына бөленіп жүрген Мейрамбек Таймерденұлы жергілік­­ті халық үшін, біз үшін нағыз дара би! «Ме­диа­циялық билер соты» атты тұжы­рым­даманы өмірге әкелген жаңашыл автор­лардың бірі заң ғылымдарының докто­ры, профессор Мейрамбек Таймер­денұлы екенін де зор мақтанышпен атап өткіміз келеді. Сондай-ақ оның сот саласындағы өзекті пробле­маларға арналған «Судебные действия в главном судебном разбирательстве: уголовно-процессуальные и кримина­лис­тические аспекты», «Судеб­ное следствие – цен­траль­ная часть главного судебного разби­рательства», «Экспертиза в главном судебном разбирательстве: процес­суальные и тактические аспекты» деген ғылыми еңбектері теориялық білімді практикалық тәжірибелермен шебер ұштастыра білген аса құнды дүниелер қатарына жатқызылмақ. Сонымен қатар оның өзге де жүзден астам ғылыми мақалалары дер кезінде жазылған ойлы дүниелер ретінде өз уақытында көп­шіліктің әділ бағасын алған болатын.
Жоғарыда айтылғандарға тағы бір қосатын Мейрамбектің қасиеті ол – дос­тықты бағалау. Себебі, ұзақ жыл құқық қорғау жүйесінде қызметте үзеңгілес жүріп, бүгінгі танда әріптестердің ішінен аға және дос болып кеткен азаматтар аз емес, олардың ішінде біз білетін Мұхтар Жөргенбаев, Игорь Рогов, Георгий Ким, Ерлік Кененбаев, Ерлан Тұрғынбаев, Мұсабек Әлімбеков және тағы басқалары.
Ата-бабаларымыз: «Ер жігіттің аты жақсы болса, бір бақыт, Алған жары жақсы болса, мың бақыт» деген ғой. Отағасы Мейрамбек өзінің сүйген жары Күләш Ермекқали қызыммен бас қосқандарына, міне 35 жылдан асып барады екен. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттері сүйгіз­ген алтын асықтай немерелері бар. Жұмыстан қолы босамай мұрнымен шан­шылып жатса да ұл-қыздарымен шүйір­келесіп әңгімелесуге, немерелерімен ба­лаша ойнауға уақыт табады. І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетіндегі магистранттары мен докторанттарына да ғылыми жетекші ретінде көп көңіл бөледі.
Әрбір адамның кіші Отаны болады.
Ол – оның туып-өскен жері, алғаш рет жер басып, алғаш рет мектепке барған ауылы.
Осындай ешқашан ұмытыл­мас жер – кіші Отан Мекең үшін Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылы мен Жамбыл ауданына қарасты Ақдала ауылы. Өйткені ол Шамалған ауылында дүниеге келіп, Ақдала ауылында өскен болатын. Ауыл – тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Сол алтын орданың қадірі мен қасиетін аспандатқан, асқақтатқан Мейрамбек Таймерденұлы өзінің атымтай жерлестері Болат Әбішұлы, Қайрат Сатыбалдыұлы, Петр Прокофьевич және тағы басқала­рымен бірге көптеген қайы­рым­дылық көрсетті, тарихи тұлғала­ры­мыздың жатқан жерлерін тауып, басына белгі орнатып, есімдері ел жадында жүрсін деп, олардың атын мектептерге, көшелерге, ауыл-аудандарға беруге үлес қосты.
Жақсы адам атақ-даңқты іздемейді, қайта, атақ-даңқ жақсы адамды іздеп табады. Халық пен мемлекетіміз үшін сіңірген зор еңбегі жоғары бағаланып, тәжі­рибелі маман, іскер басшы, білгір ғалым, өз елінің патриоты Мейрамбек Тай­­мерденұлы әр жылдары мемлекеті­міздің жоғары марапаттары – «Парасат» орденімен, «Құрметті судья» атағымен және көптеген медальмен марапат­талған. Әрмен қарай да өсе бер, өркендей бер, жақсы дос, асыл азамат! Әділдіктің ақ жолында әрдайым мерейің үстем болғай!

Сарқытбек МОЛДАБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*