ТАРИХШЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖОЛЫ

125
0
Бөлісу:

Ерен еңбегімен тарихтың тағлымды тақырыптарына жан бітірген белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетхан 1997 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері ретінде зерделі жұмыстар атқарып, жас ғалымдарға жан-жақты бағыт-бағдар беріп келеді.

Ә.Дәулетхан 1943 жылдың 15 қыр­күйегінде ҚХР ШҰАР Іле Қазақ автоном облысына қарайтын Күнес ауданының Түрген ауылында дүниеге келген. Балалық шақтың қызықты да қиын сәттерін аудан орталығындағы Бестөбеде өткізіп, 1952-1962 жылдар аралығында 10 жылдық мектепті тәмамдаған соң, 1961 жылы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінің тарих-география факультетіне оқуға түседі. Бірақ жаны әдебиетке жақын жас жеткіншек қытай тілі-әдебиеті факультетіне ауысады. Ойы зерек, білімге құштар азамат жоғарғы оқу орнын 1966 жылы үздік бітіріп шығады. Студент кезінде «Шұғыла» әдеби жур­налына «Каникулда» атты тырнақалды еңбегін жариялауы қала­мының ұштала түсуіне жол ашады.
Әлімғазы Дәулетханның әдебиет әлеміне деген қызығушылығы шығар­машылық ізденістерінен айқын көрініс тапқан. 1978 жылы «Жалын» баспа­сынан «Сырымды айтам» атты повестер жинағы жарық көрді.
1989-1992 жылдар аралығында Қазақ теле-радио комитетіне қарасты «Алатау» телеарнасында тележурналист болып қызмет атқарады. Шығар­машылық жол әрдайым біліктілік пен төзімділікті талап ететіні анық. Осын­дай жол торабында 1992 жылы Түркияда үш айлық тіл үйрену курсында оқып, аз уақытта түрік тілін меңгеріп, мол тәжірибе жинақтап келуі, аудар­машылық қабілетінің қалыптасуына жол ашады.
Ізденіс іздерімен 1994-1997 жыл­дары халықаралық «Қазақстан–Zaman» газетінде аудармашы әрі жур­налист қызметтерін қатар ала жүріп, қаламы әбден ұшталып, жан-жақты тәжірибелік қабілетінің қарымы арта түскен уақытта, ғалымның табанды еңбек жолы ғылымның қайнаған ортасына жетелей жөнеледі. Сөйтіп, тарихтың зерттелмеген терең қатпарлы тұстарына үлкен дайындықпен келді.
1997 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы» бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келеді.
Танымал ғалымның жазған еңбек­терінен әдебиет пен тарихты терең біле­тіндігін байқаймыз. Оның маз­мұнды әрі мағыналы көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары мен моно­гра­фиялары, оқулықтары бүгінде сұра­нысқа ие. «Түргеш қағанаты», екі том­дық «Ұлы Хұн империясының тарихы», «Хұн тарихының жылнамасы», «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуір әдебиеті», «Тарту», «Ли Бәй қазақ емес», «Зар заманның шерлі шежіресі», «Өмірімнің арқауы – ел мен ерлер тарихы» және т.б. ғылыми еңбектері Тәуелсіз еліміздің тарихының қалыптасуына өз үлесін қосуда.
Әлімғазы Дәулетханның Қазақстан тарихындағы ежелгі және орта ға­сырдағы өзекті тақырыптарға арналған қажырлы ізденістері мен салмақты талдаулары тарихымызға мол үлес қосып келеді.
Ә.Дәулетханның шығармашы­лы­ғының ерекше тұстарын көптеген тарихшы, әдебиетшілердің мақа­ла­ларынан көруге болады. ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәлік-Айдар Асылбек «Әлімғазы әдебиет пен тарихты, этнография мен тілді, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап зерттеуді ұштастыра білген түріктанушы ғалым ретінде танылды» деп оған лайықты баға бере білген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қой­гелдиевтің «Әлімғазы Дәулетхан – күрделі өмір жолынан өткен, екі импе­риядағы қоғамдық өмірмен жақсы таныс, сондай-ақ оларды зерттеп, салыстыра жүріп таныған азамат. Ал оның ғылымға келуі кездейсоқ нәрсе емес, ғылым ол үшін қоғамның бүгінгі күрделі мәселелерінің түп-тамырын түсінуге көмектесетін құрал» деп оның ғылым жолындағы нағыз шеберлігін айқындап берген.
Биыл танымал тарихшының Қа­зақстан тарихына сүбелі үлес қосатын «Зар заманның шерлі шежіресі», «Ли Бәй қазақ емес», «Өмірімнің арқауы –
ел мен ерлер тарихы» атты құнды үш жаңа кітабы жарық көргендігін ерекше атап айтқым келеді.
«Зар заманның шерлі шежіресі» еңбегі – көпшілік оқырмандарға арналған тарихи ізденістерге толы оқулық. Жинақтың бірінші бөлімінде Қытайдағы Шынжаң қазақтарының XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген ақын әрі ағартушы, күйші-композитор, озық ойлы Шылбы Көбекұлының халық арасында ауызекі тілде кеңінен тараған шығармаларын зерттеген. Автор сол уақыттың реформаторы атанған сазгер ақынның нағыз тарихи шындықтарын, бүгінгі ұрпаққа айшықтап жеткізген.
Кітаптың екінші бөлімінде Шылбы ақынның ұлы, Шыңжаңдағы Күнес ауданының ағартушылық жолына елеулі үлесін қосқан ұстаз, Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған айтыскер ақын, сазгер, этнограф Дәулетхан Шылбы­ұлының шығармалар жинағы жайлы қарастырған. Шылбы Көбекұлының арғы аталарының аз да болса сауатты болғанын, ақындық қабілетінің сол аталарынан берілгендігін келтірген өлең жолдарынан көреміз.
«Өмірімнің арқауы – ел мен ерлер тарихы» кітабында белгілі журналист, саясаткер, жазушы ретіндегі ғылыми-зерттеу мақалалары мен өмірбаяндық эсселері, сұхбаттары жинақталған. Көпшілік оқырмандарға арналған бұл еңбегінде қазақ мәдениетінің тарихын зерттеудегі өзіндік жеке пікірі мен терең ойларын, ғылыми көзқарастарын жинақтап түсіндіре білген.
Ә.Дәулетханның осындай бағалы еңбектерімен ортамызда алар орны ерекше. Еңбектеріндегі қазақтың мақал-мәтелдерін мірдің оғындай дәл әсірелеп жаза алуыныңың өзі – үлкен шеберлік. Ғалымның қазақ тарихын жазудағы өзіндік методологиялық әдіс-тәсілдері бар. Осы тарапта белгілі ақын, жазушы әрі философ Ш.Құдайбердіұлы «Адамдық борышың – халқыңа қызмет қыл, ақ жолдан айныма, ар сақта – соны біл» деген асыл ойларының ойымызға оралары анық. Халқына қызмет етуді өзіндік борышы санайтын саңлақ тұлғамыздың зерделі жолы, біз үшін әрқашан дара болып қала бермек.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*