«ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

168
0
Бөлісу:
Қазақстан

Бейбітшілік және келісім сарайында шетелдік қандастарымыздың қатысуымен өткен«Қасиетті қазақ елі»  халықаралық өнер фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Монғолия сынды он шақты елден елуге тарта өнерпаз бақ сынаған фестивальде «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің таныстырылымы өтті.   

«Бар қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан. Біздің бүгінгі санымыз – 16 миллион. Оның 12 миллионы – елімізде, қалған 4 миллионы шетелде тұрады. Жалпы қазақтар 44 мемлекетте бар, негізгі шоғыры Қытай, Өзбекстан және Ресейде ораналасқан. Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз шетелдегі отандастарымызға қолдау көрсетіп қана қоймай, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі шара – соның дәлелі», – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков фестивальдің ашылу салтанатында.

Жиын аясында «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің таныстырылымы болды.  Онда ХХ ғасырдың 30-50 жылдары тағдыр тауқыметімен Түркияға көшіп барған Алтай қазақтарының тағдыры баяндалады.  Деректі фильмдегі оқиғаны бастан-аяқ баяндаушы – Түркия қазағы Мансұр ақсақал бүгінде жетпістен асқан. Алтай көшін оның әкесі бастап барғанда, Мансұр ақсақал 7 жаста болған екен. Өзінің айтуынша, Алтай қазақтары 9 айдың ішінде 3 мыңнан астам шақырымды жаяу бағындырып, Гималай тауын басып өтіп, Түркияға жеткен.

«Фильмді  кеше ғана бітірдік. Шетелде тұратын қазақтардың тағдыры әртүрлі. Ал, мына қазақтардың бастан кешкені – бөлек әңгіме. Тарихи туынды архив материалдарымен құнды. Осы мақсатта біз Қытай, Ұлыбритания архивтерімен бірлесіп жұмыс істедік. Отандастарымызды қолдауға бағытталған жұмыстар мұнымен бітпейді», – деген З. Тұрысбеков  «Алыстағы ағайын» фильмінің АҚШ-та тұратын қазақтардың тағдырына арналған бөлімі  дайындалып жатқанын жеткізді.

«Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі ұлттық қолданбалы өнер, терме және мүшәйра секілді үш аталым бойынша ұйымдастырылды.   Қазылар Гран-приден бөлек әр аталым бойынша 3 жүлделі орын мен ынталандыру сыйлығын тағайындады.

Сонымен, халықаралық өнер фестивалінің Гран-при жүлдесін Қытайдан келген  Жұматай Коксубай олжалады.  «Терме» аталымында 1 орын Нұржігіт Есxат (Қытай), 2 орын Жанғар Мәмбетназаров (Өзбекстан), 3 орын Арман Қалелбекұлы (Қазақстан, Астана) табыс етілді. Ал «Жыр мүшәйрасы» аталымында 1 орын Шынарбек Жомартұлы (Қазақстан, Түркістан облысы), 2 орын Нарқұлан Райxанұлы (Монғолия), 3 орын Алаш Тұрсынәліұлы (Қытай)  берілді. «Қолөнер» аталымында 1 орын Хабыл Қайып (Монғолия); 2 орын Нарғыз Тіней (Түркия); 3 орын Артықбай Смағұлов (Ресей) иеленді.

Жеңімпаздарға бас жүлде үшін 400 мың теңге, 1 орын иегерлеріне 250 мың теңге,  2 орынға 150  мың теңге және 3 орын жеңімпаздарына 100 мың теңгеден табысталды, одан бөлек, 11 қатысушыға ынталандыру сыйақысы тағайындалып, 50 мың теңгеден берілді.

Аталған фестиваль Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өтті. Айта кетсек,  биыл Президенттің шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша берілген тапсырмасы негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан «Отандастар» қоры құрылған-ды. Бұдан бөлек, шетел қазақтарына арналған бағдарлама жасалған.

Айдана БЕГІМ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*