Қазақ баласы көруі қажет бағдарлама

213
0
Бөлісу:

«Қазақстан» РТРК»  АҚ  «balapan» телеарнасы күзгі  телемаусымда этнотанымдық бағыттағы үш бағдарламаны  эфирге  шығарды. Ұлттық салт-дәстүр мен  төл өнерімізді кішкентай көрермендерге насихаттауды көздеген  «Altyn qazyq», «Қос алқа» және  «Үйрен де жирен!» жобалары белгілі этнограф-ғалымдардың атсалысуымен түсірілді.

«Altyn qazyq» реалити-шоуына  еліміздің әр аймағынан келген балалар қатысты. Олар Астанадан 80 шақырым қашықтықтағы Көбетай ауылында  бас қосты. Арнайы тігілген киіз үйде балаларды тәлімгерлер – ата мен әже қарсы алып,  бірнеше күн бойы түрлі жарыстар ұйымдастырды. Ұлдар асық атып, қамшы өріп, атқа мініп бәсекеге түссе, қыздар құрт жасап, кесте тігуден сайысты. Балалар ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, жайлау өмірімен  танысып қайтты.

«Үйрен де жирен!» жобасы,  аты айтып тұрғандай, балаларға халқымыздың қолөнерін үйретіп, еңбекке баулиды.  Бағдарлама барысында жас жүргізушілер ағаш шебері, етікші, зергер, ұсталардың шеберханасына барып, ұлттық бұйымдар жасауды меңгереді.

Қазақ би  өнері туралы «Қос алқа» жобасында да   халқымыздың  терең тарихы мен бай мәдениеті көрініс тапқан. Бағдарлама би сабағына ұқсайды.  Әр санында  бидің шығу тарихы, оның  өзіне ғана тән қимылдары, әр қимылдың өз тілі және соған сай келетін көйлегіне дейін қамтылады.  Сондай-ақ, хореограф жас ерекешелігіне қарай қыздардың  би түрлерін жеке-жеке үйретеді. Бұл жобада этнограф мамандар  ғана емес, білікті балетмейстерлер де тәжірибесімен бөліседі.

Анар Қоныс

Бөлісу:

Пікір жазу


*