Электронды формат жемқорлыққа соққы береді

161
0
Бөлісу:

Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Сыбайлас жемқорлық қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Сонымен қатар, парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздікті қалыптастыру аталған жұмыста басты мақсаттардың бірі болып табылады.

Осы жұмыс аясында, қазіргі таңда елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасалды.

Бұрын басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылған болса, қазіргі таңда оның алдын алу жұмысына көбірек көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көпшілігі электрондық нысанға өтуде және басқа барлық мемлекеттік қызмет түрлерін электронды нысанға өткізу жоспарлануда.

Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауына, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс делінген.

Жалпы, жемқорлыққа сілтейтін барлық әкімшілік процедураларды алып тастау жемқорлықпен күресудің ең тиімді тәсілі. Осыған орай, біз электронды-цифрлы жүйелердің бар мүмкіндіктерін пайдалану деңгейіне жетсек жемқорлықпен күрес мәселесіне жұмсалатын ресурстарды басқа салалардың дамуына немесе жетілдіруіне жол ашар едік.

Осымен бірге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі және сыртқы талдау жұмыстары да жемқорлыққа қарсы күресуге қолайлы шарттардың пайда болуына және күресті күшейтуге ықпал етеді.

Жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік органдар мен қоғамның стратегиялық мақсаттарына жетудегі аса маңызды және басты жұмысы болуы тиіс.

 

Наурыз Ташенов,

Алматы қаласы

Әділет Департаментінің

Ұйымдастыру-талдау жұмысы

бөлімінің басшысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*