Балаларды Ресейде емес, Семейде қалдыру керек

631
0
Бөлісу:

Мектеп бітіре салысымен Ресейдің жоғарғы оқу орындарына құжат тапсыратын қазақстандық түлектер легін тоқтату керек. Міне, осы және тағы басқа мәселелерді қарастырған Семейдегі Экономикалық лицейде қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенконың төрағалығымен ата-аналар комитеті және тәрбие, білім мәселелеріне орай қоғамдық тыңдау өтті. Бұл төрт жылда бір рет өтуі тиіс жиын екен. Кеңесте көптеген проблемалар талқыланды. Отбасы орталығы, Салауатты өмір салты орталығы, мектеп инспекторлары келгендерге проблемалық сұрақтарына байланысты жауаптарын берді.

– Мектеп асханасындағы балаларға берілетін астың дұрыс болуын қадағайлайтын арнайы мониторинг топ құрдық, – деп хабарлады Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко. – Ата-аналарды осы мониторинг құрамына кіруге шақырамыз. Бүгін сіздер, мына шараға қатысушы қала мектептерінің асхана қызметкерлеріне «Тамақты неге дұрыс дайындамайсың? Сапасы неге төмен?» деп бетпе-бет келіп айтуыларыңызға болады.

– Менің балаларым мектепте оқиды, бүгінгі шараға рахмет.  Дегенмен бір айта кетер мәселе, Семейдегі мектеп бітірген түлектер жыл сайын топ-тобымен Ресейге кетіп жатыр. Сол жақтың оқу орнына түседі. Біз жастардан айрылып қалуымыз мүмкін. Жастардың біздің Қазақстандағы жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік жоқ, себебі ҰБТ баллдары төмен. Олар жыл бойы мектеп ішілік ҰБТ емтихандарын 90-нан аса жоғары баллдарға тапсырып шығады. Ал жоғарғы оқу орнына барған кезде не себептен екені белгісіз баллдары төмендеп қалады. Осы шәкірттеріміздің өз елімізде қалуына бір көмек жасасаңыздар, – деді ата-ана Лилия Викторовна

– Иә, бұндай проблема бар, – деді жиынға төрағалық етуші Наталия Фесенко. – Мектеп бітіргендер Ресейдің көрші Барнаул қаласына түсуді әдетке айналдырған. Онда білім беру деңгейі МГУ-мен бірдей емес. Қазақстандық оқушылардың Қазақстан жерінде білім алуы үшін олардың бір жыл бойы мектепте тапсырған емтихандары да есепке алынуы тиіс. Бұны біз қолдаймыз. Болашақта бір оңтайлы шешімі жасалады.

Сол сияқты ауылдық жер Пригород орта мектебінен келген Мейрамгүл деген ата-ананың айтуынша, балаларға арналған тегін үйірме, спорттық секциялар бар екен. Бірақ, оларда сабақ беретін тұрақты адам жоқ. Тұрмысы төмен отбасыларының балалары үшін аса қажетті тегін үйірме, секциялар үзбей жұмыс істеп тұрғаны керек. Бұл балалардың, жасөспірімдердің арақ-темекіден, басқа да лас әрекетттерден, бос жүрістерден аулақ болып, уақыттарын маңызды өткізуі үшін аса қажет.

– Біз үш тілділік бағытына көштік. Мемлекеттік бағдарлама, оны түсінеміз, бірақ, Кеңес үкіметі тұсында ағылшын емес, неміс тілін оқыған ата-аналарға үйде әсіресе, бастауыш сыныптарда оқитын балаларына үй тапсырмасын оқытып, үйрету қиын. Неге мектепте де ата-аналарды ағылшынша үйрету курстарын ашпасқа? – деді Жанна Әбикенова.

– Қазір Семей қаласы бойынша ересектерді тегін оқытатын курстар көптеп ашылып жатыр. Біз ата-аналарды мектеп қабырғасында «кешкі мектеп» сияқты ұйымдастырып, оқыта алмаймыз. Ағылшын тілін меңгеру-меңгермеу әр ата-ананың жеке басының шаруасы, – деді Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко. – Сондықтан да замана көшінен қалмай балаларыңыз үшін ағылшын үйренуге тырысыңыздар. Бұның керегі бар. Себебі, біздің еліміз Қазақстан латын графикасына көшіп жатыр, осыны да ұмытпаңыздар.

Раушан Нұғманбекова,

Семей

Бөлісу:

Пікір жазу


*