Ғажайып жеңіс: «Астана» соңғы минуттарда «Яблонецтен» жеңісті тартып алды (видео)

460
0
Бөлісу:

Еуропа лигасы топтық турнирі аясында «Астана» өз алаңында чехиялық «Яблонецті» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Матч басталған сәттен астаналық ойыншылардың қарқыны өте жоғары болды. Ойынның 18 минутында Педро Энрике есеп ашып, елордалық команданы алға шығарды. Бұдан кейін де Бабаян шәкірттері бірнеше рет тұщымды шабуылдар ұйымдастырған. Бірақ шешуші соққы бағытталған жоқ.

Қарсылас команда бірінші тайм соңына дейін қалайда есепті теңестіруге барларын салған. Ақыры ол дегендеріне жетті. 40 минутта Дэвид Лишка мергендік танытып, Эрич қақпасынан саңылау тапқан.

Кездесу аяқталуға екі минут қалғанға дейін осы есеп өзгерген жоқ. Тек 88 минутта күллі қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген сәт орын алды. Марин Томасовтан пас алған қорғаушы Евгений Постников айып алаңының ішінде сәтті қимыл жасап, гол соғып кетті. Елордалықтар осы есепті ойын соңына дейін сақтай алды.

Сөйтіп, «Астана» сенімді жеңіске жетіп, К тобындағы көш тізгінін сусытқан жоқ.

Дәл осы уақыттарда Киевте жергілікті «Динамо» мен франциялық «Ренн» арасындағы кездесу басталып жатыр. Онлайн турнир кестесі бойынша «Астана» 8 ұпаймен көш бастауда. Одан кейін 5 ұпаймен «Динамо» келе жатыр. «Реннде» 3, «Яблонецте» 2 ұпай бар.

«Астана» келесі ойында 29 қараша күні өз алаңында «Динамомен» кездеседі. Содан соң 13 желтоқсанда «Реннге» қонаққа барады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*