Ұжымдық қауіпсіздік ұтымды бола түспек

88
0
Бөлісу:

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін елдер басшыларының саммиті өтті. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған мемлекет көшбасшылары ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясын өткізді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне қазір Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Армения, Беларусь кіреді. Тиісінше, жиынға Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Соорон­бай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Тәжікстан прези­денті Эмомали Рахмон, Армения Премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян және осы ұйымның бас хатшысы міндетін атқарушы В.Семериков қатысты.
Шағын құрамдағы басқосуды ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мүшелеріне сессияға арнайы келіп қатысқаны үшін ризашылық білдірді және күн тәртібіне қандай мәселелер шығарылып отырғанын айтты. Оған сәйкес, Кеңес мүшелері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пробле­маларын, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің осы ұйым аясындағы және халықаралық аренадағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Сонымен бірге мемлекет басшылары ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамта­масыз етудің көкейкесті мәселелерін талқыға салды.
Бұдан өзге, Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер және ұйым аясында өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жөнінде пікір алмасты. Жиында ҰҚШҰ хатшылығының есебі тыңдалған. Сондай-ақ сессияда қырғыз тарапы өздерінің ҰҚШҰ-ға төрағалығының басым бағыттарын жария етті. Өйткені ұйым төрағасы мәртебесі енді Қазақстаннан Қырғызстанға көшті.
Осыдан кейін өткен кең құрамдағы пле­нарлық отырысқа ҰҚШҰ мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері, Қорғаныс министр­лері, Қауіпсіздік Кеңес хатшылары ша­қырылды.
Отырыс барысында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-дағы Қазақстанның төрағалығы кезінде қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
–Қазақстан ҰҚШҰ-ны беделді және тиімді құрылым ретінде қарастырады. Мүше мемле­кеттердің белсенді әрі жан-жақты қолдауы ар­қасында Қазақстанның төрағалықтағы басым­дықтары биыл табысты жүзеге асырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жоспарлы негізде әс­кери салада ҰҚШҰ біріккен штабын реформалау және ҰҚШҰ-ның Дағдарысқа үн қату орта­лығының толыққанды жұмыс жасауы­на даяр­лық аяқталғанын хабарлады.
–ҰҚШҰ-ның әскери-техникалық ынтымақ­тас­тық бойынша мемлекетаралық комиссиясы отырысында сондай-ақ қару-жарақты және әс­кери техниканы стандарттау жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы төрағалық кезеңінде Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық­тың бірегей кодексін қабылдау туралы Қа­зақстанның бастамасы жүзеге асырылғанына назар аудартты. Бұл кодексті дүниежүзіндегі 70-тен астам ел мақұлдады. Мемлекет басшысы сондай-ақ кибер-қатерлерге қарсы іс-қимыл және есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытындағы бірлескен жұмыстардың нәтиже­лері туралы ақпарат бере кетті.
Соңында Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның әріптесі және ұйымдағы байқаушы мәртебелерін құқықтық бекіту бойынша шешім қабылданғанын мәлім етті.
Саммит қорытындысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік ақпарат құралдарына арнап, брифинг берді.
«ҰҚШҰ-дағы төрағалық келесі сессияаралық кезеңде Қырғыз Республикасына көшеді. Ол жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтеріне және ұйымымыздың ары қарай жан-жақты дамуына елеулі үлес қосарына сенімдіміз.
Біз бұл істе Қырғызстанға көмектесетін боламыз», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы мемлекеттеріміздің қауіпсіздігіне қатысты өзара ықпалдастықтың барлық дерлік мәселелері қаралғанын, ҰҚШҰ-ны дамытудың негізгі бағыттары, халықаралық және өңірлік саясаттың көкейтесті пробле­малары бойынша конструктивті пікір алмасу жүргенін атап өтті.
Жалпы алғанда, ҰҚШҰ-ның астаналық құрылтайында жиырма шақты мәселе талқы­ланды. Олардың қорытындысында мүше мем­лекеттер басшылары «халықаралық террористік ұйымдар құрамында қарулы қақтығыстарға қатысушыларға қатысты үйлестірілген шаралар туралы» бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ұйымдастырушылық мәселелер аясында Ресей вице-премьері Юрий Борисов ҰҚШҰ-ның әскери-экономикалық ынтымақтастық бойынша мемлекетаралық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Ұйымның әскери қызметін ары қарай жетілдіру мәселелері пысықталған. Бұдан бөлек, ұйымның әскери әлеуетіне төнер қауіп-қатерлер мен сын-тегеу­рін­дерге қарсы тұрудың ары қарайғы тәсілдері түзілген.
Саммит соңында қорытынды құжат – ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Дек­ларациясы қабылданды. Онда мүше мемлекет­тердің сыртқы саясатқа қатысты позицияларын өзара үйлестіруді жалғастыруға, сондай-ақ ұйымның бейбітшілікті нығайтуға және елдерді жан-жақты дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталған мақсаттарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге деген нық шешімі бекітілген.
Саммитте ҰҚШҰ байқаушылары мен әріптестерінің мәртебесі туралы, ұйымның Дағдарысқа үн қату орталығын ашу және бірқатар басқа да маңызды практикалық мәселелер бойынша шешім қабылданды.
ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, Қорғаныс министрлерінің жиыны және ұйым аясындағы басқа да сан алуан деңгейлердегі саммиттер, іс-шаралар мен кездесулер енді 2019 жылы өтеді. Оларды ҰҚШҰ-ның жаңа төрағасы Қырғызстан ұйымдастыратын болады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*