ЕЛБАСЫ ТАРИФКЕ ТОҚТАУ САЛДЫ

118
0
Бөлісу:

Қазақстандықтарды алаңдататын проблемалардың бастысы – коммуналдық қызметтердің қымбаттауы екені анықталды. Сондықтан ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысына электр және жылу энергиясының қазіргі тарифтерінің түзілуіне, сондай-ақ энергетикалық қызмет көрсету нарығындағы бағаның белгіленуіне бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты мәселелер шығарылды.

Отырысты ашқан Елбасы іс-шараға қа­тысу­шыларды электр энергиясы және жылу тариф­те­рінің түзілуіне Бас прокуратура жүргізген тексерістің нәтижелері туралы хабардар етті.
– Биылғы Жолдауды жарияламас бұрын, біз ең өзекті проблемаларды анықтау мақ­сатында халық арасында сауалнама жүргіздік. Бұл әлеу­меттік зерттеу «коммуналдық қызмет­тер бағасы­ның қымбат болуы» бірінші орында тұрғанын көрсетті. Сол себепті, Бас проку­ратураға осы саланы тексеру жөнінде тапсырма берілді. Тек­серіс қорытындылары бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысына шығаруға негіз болды, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық пен таби­ғи монополия қызметтерінің тариф­терін ретке келтіру жөнінде арнайы тапсырма бергенін еске сал­ды. Президент «Инвестициялар орнына тариф» бағдар-лама­сының іске асырылу барысына тоқ­талып, оның орындалу сапа­сын тек­серу нәтиже­сінде анықталған құқық бұзу­шылықтарды атап өтті.
– Кезінде біз белгілі бір мақсатпен «Ин­вестициялар орнына тариф» бағдарлама­сын қабылдадық. Ол 2009 жылдан бергі 7 жыл ішінде монополистерге өз өндірістерін жаң­ғырту үшін миллиардтаған ақша табуға мүмкіндік берді. Олардың барлық өндірістік қуаттылықтарын жақсарту үшін біз тарифті екі есе көтеруге бардық. Алайда ірі энергетикалық компаниялар осы қаражаттар есебінен қуат­тылықтарын жаңартудың орнына тұтынушы­лар есебінен заңсыз байып келген. Бұл компаниялар қызмет көрсету құнына өз қыз­мет­керлерінің сый­ақылары мен бонустарын қосып отырған, сон­дай-ақ өндірістік шы­ғындарды негізсіз арттырып көрсеткен, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы энергия беруші компаниялардың осы әрекеттері кесірінен тұрғындарға келген шығын көлемі 14 миллиард теңгеге жеткенін, ал энергиямен қамтамасыз етуші компаниялардың заңсыз табысы 15 миллиард теңге болғанын мәлім етті. Бұдан бөлек, тексеріс нәтижесінде тарифтерді тө­мендету үшін жергілікті әкімдіктер бөлген субсидиялардың тиімсіз пайдаланылғаны да әшкереленді.
– Мұндай ахуал екі түрлі себептің сал­дарынан қалыптасуы мүмкін немесе бұл – Президент Жолдауына саналы түрде қарсы тұрушылық, болмаса бұл – жауапсыздық пен өз рөлін түсінбеу кесірінен болатын салақтық. Мен екі себепті де қылмыс деп санаймын. Қапшағай қаласынан бір ғана мысал келтірейін. Әлгі бағ­дарламаның іске асырылуы кезінде тариф екі есе өскен. Ал қуаттылық­тардың тозуы 53 пайыз­дан 77 пайызға дейін ұлғайған. Барлық жөн­сіздіктер Ұлттық экономика, Энергетика ми­нистр­ліктері мен жергілікті атқарушы ор­гандар тарапынан бақы­лау жасалмағандықтан және олардың әрекет­сіздігінен туындап отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы еліміз бойынша осы салада бағаға қатысты ымыраластыққа және сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушы­лықтарға жол берген уәкілетті мемлекеттік органдарды тексеруді тапсырды.
Осыдан кейін күн тәртібіне сәйкес, бас прокурор Қ.Қожамжаровтың есебі тыңдалды. Отырыс барысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары да баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев осы баяндамаларды назарға ала отырып, бірқатар нақты тап­сырмалар берді. Атап айтқанда, Елбасы Ұлттық экономика министрлігінің Монопо­лияға қарсы комитеті жұмысының нашарлы­ғын нұсқай келе, Үкімет басшысына комитет қызметін тәртіпке келтіруді және барлық өңірлік монополияға қарсы ведомстволар жұмысының тиімділігіне тиісті баға беруді жүктеді.
Н.Назарбаев Энергетика министрлігі тұрғындар үшін электр энергиясының бағасын төмендетуге бағытталған шаралар қабылдауы қажет екенін айтты. Сондай-ақ Елбасы Үкімет пен Бас про­куратурадан тарифтердің негізсіз қымбаттауына жол берген тұлғаларға қатысты барлық құқықтық актілердің орындалуын талап етті. Бұл ретте Бас прокуратураға жауапты лауазымды шенеунік­тердің қылмысы дәлелденсе, істі қылмыстық жазаға дейін жеткізу жүктелді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*