БІЗДІ БЕС ТІЛДЕ БІЛЕТІН БОЛАДЫ

94
0
Бөлісу:

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деген еді Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Құдайға шүкір, Қазақстанда көретін кесенелер мен киелі жерлер жеткілікті. Барымызды бар деп көрсету жағынан кемшілік кимешегін киіп жүргенбіз. Елдегі ескерткіштер мен тарихи орындарды осы заманғы талаптарға сай таныстыру деген игерілмей жатқан іс еді. AVSoftware ком­паниясы «Цифрлы Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарла­малары аясында «Тарихи жол» атты мобильді қосымша жасап шығарғанын естіп, төбеміз көкке тигендей қуанған жайымыз бар. Оффлайн режимде де жұмыс істейтін мобильді қосымшада Қазақстанның киелі аймақтары туралы мәліметтер қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік тілдерінде жинақталыпты. Мобильді қосымша «Рухани жаңғыру» және Digital Kazakhstan дейтін мемлекеттік бағдарламалар аясында жаса­лыпты. Жаңа технологиялардың көмегімен тарихи маңызы бар аймақтардағы әрбір нысан цифрлық жүйе бойынша айқындал­ған. Осындай озық құрылғы арқылы Қазақ елінің тартымдылығы арта түсетін болады.
«Мобильді қосымша жасаудағы мақса­тымыз – халқымыздың тарихи-мәдени жерлерін жаңғырту, AR және VR сияқты заманауи технологияларды пайдалану арқылы тарих пен жаңа технологияны біріктіру, қосымша арқылы келушілердің белгілі бір аймақты тануға деген қызығу­шылығын арттыру. AR технологиясын қолдана отырып адамдарға аудио гид дайын­дадық. Біздің еліміздегі басты мәселелердің бірі – шетелдік туристерді елге тарту. Шетелден келген қонақтарды тарихи орын­дармен таныстыратын, көп тіл білетін, жол бастап жүре алатын мамандар тапшы екені айтпасақ та белгілі. Бар болған күннің өзінде қалтаға салмақ салады. Осы ретте «Тарихи жол» қосымшасы бір емес, бірнеше қызметті қатар атқара алады» дейді AVSoftware компаниясының даму бойынша дирек­торы Арман Маратұлы. «Тарихи жолдың» ерекшелігі – тарихи маңызы бар жерлерде орнатылған QR-кодты сканерлеу арқылы телефоныңызға жанды гид жасау мүмкіндігі туады. Картадағы киелі аймақ­тардың көрі­нісін 360 градустағы видео және фотопа­нораманың көмегімен тамашалауға да болады екен.
«Тарихи жол» қосымшасының тағы бір артықшылығы – еліміздегі кез келген тарихи нысан туралы әбден тексерілген, електен өткен ақпарат ұсынылады. Бізде нақты деректерден гөрі аңыз әңгімелер, түрлі әфсана көп. Сырттан келуші туристер үшін ондай әңгімелер қызық емес әрі сенімді ақпарат деп есептелмейді.
Мобильді қосымшаға геолокация қызметі енгізіліпті. Демек, оны туристік нұсқаулық ретінде пайдалануға да болады. Нұсқаулықта тек туристік нысандар ғана емес, мейманханалар мен мейрамханалар­дың тізімі, соларға қатысты ақпарат та орналастырылған. Бұл қосымша жол бас­таушы гидтің жұмысын жеңілдетеді. Қа­зақстанның жағрапиялық жағынан шалғай аймақтарында қасиетті орындар көп. Түк­пірдегі тәу етер тәуір жерлерге туристер барғанымен, мән-жайды түсіндірер гид мамандар табыла қоймайды. Интернет желісі қосылмаған өңірлерде оффлайн режимді қосып, пайдалану мүмкіндігі гид пен мәтін түріндегі ақпаратты алмастыра алады екен.
Қазақтың ойлы азаматтары олқы тұсымыздың орнын толтыруға ұмтылыпты. Бұл – бәріміз үшін сүйіншілейтін жаңалық! Елімізге келген туристер бізді бес тілде білетін болады!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*