Бедел көтерудің жолы – баспана

94
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында бірқатар халықаралық құжаттар ратификацияланып, Елбасының қол қоюына жолданды. Жоғарғы палата Қазақстан мен Ресей арасындағы «Түймазы – Омбы – Новосібір-2» және «Омбы–Павлодар» магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімді бекітетін заң жобасын қабылдады.

Құжаттың мақсаты – қазақстандық тарап­тың («ҚазТрансОйл» АҚ) 141 мың 728 тонна мөлшеріндегі және ресейлік тарап­тың («Транснефть» ЖАҚ-ының енші­лес қоғамы «Транснефть – Урал» АҚ) 62 мың 48 тонна мөлшеріндегі техноло­гия­лық мұнайға меншік иесі құқықтарын растау. Келісім осы мұнайдың аталған ұйымдарға іс жүзінде тиесілігін заңды түрде бекітеді, ал құжатта көрсетілген кесте мұнайды меншік иелеріне тапсыру үшін қажетті азаматтық-құқықтық және ұйымдық рәсім­дерді жеңілдетуге және барынша азайтуға мүмкіндік береді. Екі жақ еншісін­дегі осы мұнай көлемдері кеңес кезінде екі елдің аумағында қалып қойған, енді осы құжат оны иелеріне қайтарады.
Палата «Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып саналатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрі­лер­ді, жарыл­ғыш заттар мен жарғыш құрылғы­лар­ды беру тәртібі туралы» хаттаманы да ратификациялады.
Бұл құжат құзыретті органдардың өзара іс-қимыл жасауын, қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерге жататын заттарды қылмыстық процесте пайдалану үшін оларды беру туралы сұрау салуларды ресімдеу және орындау тәртібін, сондай-ақ сұрау салуды орындаудан бас тарту негіз­де­рін айқындайды.
Сонымен қатар ол заттай дәлелдемелерді Хаттамаға қатысушылардың мемлекеттік шекаралары арқылы алып өту туралы ере­же­ні, олардың сақталуын және қайта­рып берілуін қамтамасыз ету тәртібін бекітеді. Құжат есірткілердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алуда­ғы, оларды ашу мен тергеп-тексерудегі ын­ты­мақтастықты жандандыра түсуге ықпал етпек.
Отырыста Қазақстан Үкіметі мен халық­­аралық Қызыл Крест комитеті ара­сын­дағы Қазақстанда халықаралық Қызыл Крест комитеті өкілдігін ашу және оның мәр­тебесі, артықшылықтары және им­му­ни­­теттері туралы келісім де ратифика­ция­ланды.
Қазір ХҚКК-нің әлемнің 90-нан астам елінде өз өкілдіктері бар, ұйым олармен екіжақты келісімдер деңгейінде қарым-қатынас жасайды. Құжаттың қабылдануы ХҚКК тұрақты кеңсесінің ашылуы үшін қажетті жағдайлар жасауға, оның ішінде құқық субъектілігін мойындауға, өкілдік қыз­меткерлеріне артықшылықтар мен имму­нитеттер беруге, салықтардан боса­туға, үй-жайларына баса көктей енудің болмауын қамтамасыз етуге және Қызыл Крест мандатына сәйкес, Қазақстанда оның қызметін жүзеге асыруға жәрдем­де­се­тін болады. ХҚКК өкілдігін ашу Мемле­кет басшысының көпжақты дипломатия хабын құру туралы бастамасын іске асыруға септеседі.
Отырыс барысында бірқатар сенатор өз депутаттық сауалдарын жария етті. Атап айтқанда, Д.Назарбаева есірткі әсері бар «Трамадол» дәрісін дәрігердің рұқсатынсыз сатуға тыйым салу туралы, Б.Әйтімова мен Д.Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлерге тұрғын үйді жеңілдікпен бөлу қажеттігі және АЭА-ларда отандық кітап шығару, кино өндірісі мен баспахана қызметтерінің жұмысы жайында, Ә.Нұралиев Жамбыл облы­сының Жуалы ауданындағы ауыл­дар­ды газдандыруға қатысты, Е.Мұқаев БҚО-дағы Жалпақтал су қоймасының құры­лы­сын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру бойынша, М.Жолдасбаев ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамта­ма­сыз ету жобаларын қаржыландыру жөнін­де мәселелер көтерді.
Бірғаным Әйтімова мен Дариға Назарбаева Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа жолдаған сауалдарында педагогтарды «қоғам­ның «қозғалтқышы», «қоғамдық прогрес­тің катализаторы» деп бағалады.
– Дәрігер адамды туған кезде қарсы алады, әрдайым ауырған уақытында жанын­да және оны өмір жолының соңында шы­ғарып салады. Педагогтар мен дәрігер­лер­дің қоғамдағы маңызды миссияcына қарамастан, бүгінде олардың көбінің өмір сүру сапасы мен тұрғын үй жағдайы төмен деңгейде қалып отыр немесе өз баспаналары мүлдем жоқ. Мұндай жағдайды түбегейлі өзгертуіміз қажет, – деді сенаторлар.
Елімізде мұғалімдердің жалпы саны 285 996 адамды, оның ішінде қалада – 114 627 адамды, ал ауылдық жерлерде 171 369 адамды құрайды. Денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы алғанда 247 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 72 134-і – дәрігерлер, ал 175 246-сы – орта медицина қызметкерлері. Соның ішінде тікелей денсаулық сақтау жүйесінде – 56 570 дәрігер, 152 591 орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
«Мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жол­дарының бірі ретінде әскери қызмет­ші­лерге арналған тұрғын үй бағдарламасына ұқсас «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» іске асырып жатқан меха­низм­ді қолдану қажет деп есептейміз. Құр­мет­ті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден мұға­лім­дер мен дәрігерлердің баспана мәселелерін шешу бойынша жаңа алго­ри­тмді қарастыратын заң жобасын әзір­леу жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз», – деді Б.Әйтімова мен Д.Назарбаева.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*