АҚЫЛЫ ДОНОР ТАРТУҒА ЖОЛ АШЫЛАДЫ

84
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар жаңа заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, қалаулылар денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда құптады.

Мәжіліс төрағасы «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы парламенттік сес­сияның ашылуында депутаттық кор­пусқа жүктеген тапсырмасын орын­дауға тікелей бағытталғанын атап өтті.
– Біздің алдымызға кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізуді заңнамалық бекіту міндеті қойылған болатын. Бұл заң жобасының маңыздылығы да сонда: елдегі бүкіл халықты негізгі медициналық қызметтер­мен қамтуды қамтамасыз ететін кепіл­дендірілген медициналық көмектің шын мәнінде жаңа моделі әзірленіп, өмір­ге жолдама алуда, – деді Нұрлан Нығматулин.
Ол құжатта қазақстандықтар үшін медициналық қызметтердің қолжетім­ді­лі­гін арттыру, сондай-ақ халықтың ақылы медициналық қызметтерге кетіретін шығындарын азайту қарастырылып отырғанына тоқталды. Мәжіліс төрағасы­ның айтуынша, медқызметтер нарығының ашықтығы қамтамасыз етіледі, медұйым­дар арасында адал бәсекелестік үшін негіздер түзіледі, бұлардың барлығы ұсыны­латын медициналық қызметтердің сапасын көтеруге септеседі.
Сонымен бірге, Мәжіліс төрағасы көзделетін нормаларды іске қосу мерзім­де­ріне де жұмыс тобы мүшелерінің және заң жобасын әзірлеушілердің назарын аудартты. Н.Нығматулиннің байламын­ша, медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі тек еліміздегі барлық еңбек­ке қабілетті азаматтар міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру жүйе­сі­мен қамтылғаннан кейін ғана күшіне енуге тиіс.
– Бұған қоса, қабылданып жатқан жаңашылдықтарды азаматтарға кеңінен түсіндіруге бағдарланған іс-шаралар кешені қазірден бастап әзірленуі қажет. Қазақстанның тіпті ең шалғай жерлерін­дегі адамдардың өздері медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделінің артықшылықтары туралы білуге тиіс, – деді палата спикері.
Тұтастай алғанда, заң жобасы медици­налық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруге, қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуға, медици­налық білім мен ғылымды өркендетуге бағытталған. Бұдан бөлек, заңнамалық түзетулердің мақсаттарының бірі – донорлық және трансплантациялау институтын, клини­ка­лық зерттеулер нарығын дамыту, био­эти­калық сараптама сапасын арттыру, медициналық көмектің сапасы мен тиім­ді­лігін қамтамасыз ету. Нақтырақ айтсақ, жаңа заң қабылданғаннан кейін қазақ­стан­дықтарға ақылы негізде де донор­ларды тартуға рұқсат етілмек. Әйт­песе, қазіргі заңнама бойынша тек мемлекет өз тарапынан қан тапсырған адамдарға 2 АЕК (4810 теңге), плазма тапсырғандарға 4-7 АЕК көлемінде төлемақы төлейді. Ал жеке адамдарға ақша төлеу арқылы өз бетінше донор тартуына жол берілмейтін.
Мұның сыртында, заң жобасында сырқаттарға берілетін дәрі-дәрмек бағасының бір бөлігін мемлекеттің өтеуі (қосымша төлеу) тетігі енгізілмек.
Мәжіліс төрағасы аталған норма­лар­дың қажеттілігіне келісе отырып, соны­мен қатар заңдық актілерде баршаға түсінік­ті әрі нақты ережелер бекітілуі керектігін нықтады. Ол ережелер төлем төлеудің айқын тәртібін реттеуге тиіс. Сонда сыбайлас жемқорлық қылмыстар тәуекелдеріне жол берілмейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкіл­дері мен Мәжілістегі жұмыс тобы мүше­леріне қайырылған Нұрлан Зайрол­ла­ұлы екінші оқылымға дейін дәрі-дәр­мек үшін қосымша ақы төлеу бойын­ша, сондай-ақ ақылы негізде қан донор­ларын тарту бойынша нормаларды жүзеге асыру ережелеріне қатысты нақты ұсынымдар түзу қажеттілігін атап өтті.
–Осы бекітілген ережелер туралы ақпарат халыққа қолжетімді болуға тиіс. Яғни, медициналық мекемелерде ең көр­некті жерлерде, сондай-ақ интернет ресурс­­тарда орналастырылуы керек, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасында бұдан өзге, медици­на­лық кадрларды даярлау сапасын артты­руды көздейтін баптар бар. Бұл үшін білім беру, зерттеулер және клиникалық прак­тика өзара кіріктіріліп, интегра­ция­ланады.
«Интеграцияланған академиялық медицина орталықтарын және Nazarbayev University үлгісінде университеттік кли­никалар құру арқылы ғылымның, прак­тиканың және білім берудің «үш­тұғыр­лылығы» үшін жағдай жасалмақ», – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, жаңа модель бойынша «тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі» (ТМККК) аясында медициналық көмек барлық азаматтарға, оралмандарға, елімізде тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) жүйесіне қосылған азаматтар ТМККК-дан әлдеқайда көп тегін медициналық қызметтердің игілігін көре алатын көрінеді. Осылайша, мем­ле­кет халықты МӘМС жүйесіне қатысуға ынта­ландыруда.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*