ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖАРАП ТҰР

106
0
Бөлісу:

Облыс әкімдерінің Астанадағы брифингтер шеруін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жалғастырды. Соңғы уақытта баспасөз мәслихатын өткізуге өңір басшылары тыңғылықты дайындықпен келетіні өз алдына, қойған сұрақтың жауабын жаңылмай беретін болды. Қай мәселеден де хабардарлығы қуантпай қоймайды.

Сонымен, облыс әкімі әңгімесін дәл бү­гін­­гі күні Мемлекет басшысының Жолда­уын­да жүктелген міндеттердің қалай жүзеге асып жатқанын тігісін жатқызып тұрып жеткізумен бастады.
Келер жылдан бастап, облыстағы бюджет­тен жалақы алатын 23424 қызметкер үшін төмен­гі жалақы өседі. Бұл шешімді бизнес өкіл­дері де қолдап, 9 мың қызметкердің еңбек­­ақысын көтергелі отыр екен. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуына орай, биыл шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы­ның көлемін 7,5-8,0 млрд теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр.
Асқар Исабекұлы өңірдегі жобалардың ішін­де экспортқа бағытталған «Қазфос­фат­тың» аммофос өндірісінің көлемін көбейту жоба­сына тоқталды. Осы жылдың 9 айында 24,4 млрд теңгеге 125,1 мың тонна өнім өндір­ген зауыт, 8 айда экспорт көлемін 1,2 мың тоннаға жеткізген.
«Шикізаттық емес секторда жобаларды іске асыру үшін «Инвесторларға қызмет көр­се­ту орталығының» жұмысы қайта қара­лып, ағылшын, қытай, түрік, корей тілдерін білетін жастар жұмысқа алынды. Бүгінде бұл салаға салынған инвестиция 100 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға арт­ты. Инвестициялардың ай сайын өсуінің оң үрдісі жекеменшік капиталының 30 пайыз­ға өсуімен байланысты. Қазіргі таңда об­лыс­та шетелдік инвесторлардың қатысуы­мен құны 1 млрд АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылып жатыр», – деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, облыс экономикасының қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 9 айда 105,4 пайызды құрады. Өнеркәсіп сала­сын­дағы өсім – 5,1 пайыз, ауыл шаруа­шы­лы­ғында – 4,2 пайыз, құрылыста – 6,6 пайыз, жүк тасымалында – 7,8 пайыз, байланыста 7,2 пайызды құрады. Негізгі капиталға салын­ған инвестиция 3,4 пайызға өскен. Инф­ляция деңгейі 3 пайызды құрады, бұл был­тыр­ға қарағанда 1,2 пайызға төмен. Облыс­тық бюджет кірісі 102,6 пайызға, яғни 188 млрд теңгеге орындалды.
Асқар Исабекұлы өңірде ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істейтінін, сапалы, терең өңдеумен айна­лысатын кәсіпорындар санын арттыруға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жет­кіз­ді. Оның айтуынша, үлгілі шаруа қожалық­тар базасы жасақталыпты. Онда келесі жыл­дан бастап арнайы оқыту, танысты­ру жүр­гізіледі. Осы орайда заманауи тұрғыдағы облыс­тық агроколледж құру қолға алынған, тіпті бұл бастамаға биыл 200 млн теңге бөлініпті.
Біз үшін елең еткізген жаңалық аз болған жоқ. Соның бірі – Тараз қаласында қажетті инфрақұрылым тартылған жаңа екі мөлтек ауда­нының құрылысы басталған. Бұл аудан­дар­да «7–20–25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көпқабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары жүріп жатыр. Биыл 10 көппәтерлі үй, келер жылы 25 үй пайда­ла­ну­ға берілмек. Тараз қаласында 686 пәтер бағдарлама аясында ұсыну үшін дайын тұр. «Облыста бір пәтерге ең жоғарғы заем сомасы орта есеппен 12 млн теңге болса, бір айға төлем­ақысы – 85 мың теңге, ал ең төменгі 5 млн теңге несиеге айлық төлемақы 35 мың тең­гені құрайды. «Тұрғынүйқұрылыс­жинақ­бан­кі» филиалында 44 648 салымшыдан 10 млрд теңге жиналды. Ипотекалық несиенің алғашқы жарнасының 30 пайыздан 20 пайызға төмендеуіне байланысты, пәтер алуға мүмкіндігі бар азаматтар саны 3 есеге артты», – деді Асқар Исабекұлы.
Өткен 10 айда «7–20–25» бағдарламасы­ның шарттарымен екінші деңгейлі банктерге жал­пы сомасы 284,5 млн теңгеге 34 өтініш қолдау тапқан.
Кезекті көңіл бөлер жаңалық – Жамбыл облысындағы «Қаралма» тау-шаңғы базасы 2019 жылдың қаңтар айында ашылады. Ку­рорт­­тық тау-шаңғы базасы Жуалы ауданы­ның Қаралма шатқалында орналасқан. Қаралма шатқалы Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының ортасында және халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен 10 ша­қырым жерде тұр. Бұл туристердің жол-жөнекей соғып, емін-еркін демалып кетуіне мүмкіндік береді.
«Заман талабына сай тау-шаңғы базасы құры­лысының әзірге 60 пайызы аяқталды. Жа­­қында ғана құрылыс барысын тексердік. Әри­не, қазіргі ауа райы құрылысқа қолайсыз, деген­мен барлық орнату жұмыстары келер жыл­­дың басында аяқталады», – деді А.Мыр­зах­­­метов. Оның сөзінше, дене тәрбиесі мен бұ­қаралық спортты дамыту үшін алдағы үш жыл­да 30 спорт кешені тұрғызылады. Оның ішін­де жеңіл атлетика және гимнастикалық ма­неж­дер, мұз сарайы және тау-шаңғы базасы бар.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­жо­лы­­ның 500-ге жуық шақырымы облыстың 6 ау­да­­­нының үстінен өтеді. Тәулігіне бұл жол­дан 8 мыңнан аса көлік өтеді екен. Сондықтан жол бойындағы сервистік қызмет сапасын арттыру үшін талдау жүргізіліп, қосымша жұ­мыс көлемі анықталған. Ендігі жерде кәсіп­­керлерді тарта отырып, жұмысты істеу ғана қалып тұр.
«Облысқа қарасты 377 елдімекеннің 181-і немесе 48 пайызы газдандырылған.
Осы елді­мекендердің ішінде тұрғындардың 11 пайы­зы газ торабына қосылмаған, себебі, көше­ден үйге кіргізу құны қымбат – 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін «Жамбыл жылу» коммуналдық мекемесіне арнайы лицен­зия әперіліп, жұмыс құнын 83 мың теңге­ге дейін төмендеттік. Ендігі жерде жыл соңына дейін 53 мың түтін газдандырылады. Газдандырылмаған 173 елдімекен мәселесін шешу үшін 2019 жылдан бастап, үш жылда бөліп қаржыландыру үшін құжаттар дайын­да­лып, Энергетика министрлігіне тиісті бюджеттік өтінім берілді», – деді ол.
Облыс басшысы қала тұрғындарын орта­лық­тандырылған сумен қамту көрсет­кішін биыл 88 пайызға жеткізу көзделгенін айтады. Қара­тау қаласында көпқабатты тұрғын үйлер мен 56 әлеуметтік нысанға су кестемен бері­ле­ді. Жыл аяғына дейін суды тәулігімен беру жоспарда бар. Тараз қаласында «Тараз су» мемлекеттік кәсіп­орнында автоматтан­ды­рылған жүйе іске қосылды. Ал 373 ауылдық елдімекеннің 189-ы орталықтандырылған, 184-і орталық­тан­дырылмаған ауызсумен қамтыл­ған. Тасымалданатын 3 ауыл Мойын­құм ауда­нында орналасқан (Ақсүйек, Ақба­қай, Бурыл байтал). Орталықтан­ды­рыл­ған су құбыры жоқ 184 ауылдың 50-інде барлығы 7 мың адам тұрады. Тұрғындар аз болған­дықтан жаңа су құбырын салу экономикалық жағы­нан тиімсіз болып тұр. Бұл мәселе су тара­ту пункттері арқылы шешіледі. Қалған 134 ауылды 2019-2022 жылдары ауызсумен қамту жоспарда тұр.
«Бұл жерде де, газ сияқты, ауызсу құбыры бола тұра, 50 мың халық сол құбырға қосыл­май отыр. Себебі – тариф қымбат. Ендігі жер­де, бұл мәселені республикалық бюджет есебінен субсидиялау мүмкіндігін ескеріп, құжат­тар әзірлеп жатырмыз. Бұдан бөлек, тариф­ті көтермеу мақсатында, жалпы жұмыс­тың тиімділігін арттыру үшін облыста «бірыңғай оператор» құрылды», – дейді Асқар Мырзахметов.
Жолдауда көтерілген экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты мәселеге назар аударған ол облыс үшін бірден-бір күрделі мәселе болып отырған Тараз қаласының сарқын суларынан құтылатын кез алыс емес екенін меңзеді. Оның айтуынша, сарқын судан тазартатын кешеннің техникалық-экономикалық негіздемесіне биыл 35 млн теңге бөлініпті.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*