Ауыл әйелдері астанаға жиналды

219
0
Бөлісу:

Астанада «Қазақстанның ауылдық аумақтарын тұрақты дамытудағы әйелдердің үлесі» атты ауыл әйелдерінің бірінші форумы басталды. Шараны  Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен  «EXPO&Women» халықаралық ұйымы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі ұйымдастырды. 

Мемлекет басшысының «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жол­дауында агроөнеркәсіп секторы­ның төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы рөлін күшейтуге ерекше назар аударылған. Форум ауылшаруа­шы­лығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы ауыл әйелдерінің рөлін белгілеу, өңірлерден жиналған спикерлердің жетістік оқиғалары арқылы кәсіпкерлікке ынта­лан­дыру, жасыл технология қол­данысын арттыру мақсатын көздейді.
Пленарлық сессияны ашқан Мем­ле­кеттік хатшы, Президенттің жанын­дағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Ауыл – алтын бесік» деп елдімекендер мен ауылдық өңірлерді дамытуға үнемі басымдық беретінін еске салды. Бүгінде ел халқының 42 пайызы ауыл тұрғын­дары болса, оның 4 миллионы әйелдер екені жөнінде дерек келтірген Гүлшара Наушақызы әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысып, экономикаға үлес қосуы­ның маңыздылығын атады.
«Нұр Отан» партиясы атынан сөйлеген партия Хатшысы Қаныбек Бекболатұлы әйелдердің шешім қабылдау процесіне араласу үлесі мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі артып келе жатқанын алға тартып, партия құ­ра­мында басшылық қызмет атқа­ра­тын әйелдердің көрсеткішімен бөлісті.
Форумға модератор болған Мәжіліс депутаты Майра Айсина ауылшаруашы­лы­ғында балама энергия көздері мен жасыл технологияларды қолдану арқы­­лы шығындарды қысқарту, қорша­ған ортаны қорғау мәселесінің Қазақстан ратификациялаған Париж келісімінің негізгі шарты екенін айтып, өңірлердегі жарқын мысалдар­мен таныстырды.
Елордаға Қазақстанның басқа аймақтарынан жиналған, бизнес, әлеу­меттік сала мен мемлекеттік салада жүр­­ген әйелдер өз жетістіктерінің тари­хы­мен бөлісіп, «Coca-Cola белес­тері» республикалық әлеуметтік бизнес-жобалар конкурсының 10 жеңімпазы 4000 АҚШ доллары көлеміндегі гранттармен марапатталды.
Форум қорытындысы бойынша Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» және «Қазақстандық­тар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауларын қолдау ретінде үндеу қабылданады. Құжатта ауыл әйелдерінің бастамаларын қолдау­ға ерекше көңіл бөлініп, ауылдық өңірлердегі өмір сүру сапасын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экожүйелерді сақтау үшін жасыл тех­нологияларды енгізу бойынша ұсы­ныс­тар аталады.

Кәусар АХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*