ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ ӘКІМІ (Видео)

289
0
Бөлісу:

Сайын Мұратбековпен көзі тірісінде екі рет жолықтым. Бірінде – Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде, екіншісінде – «Түркістан» газетінің редакциясында. Қазақ әдебиетінің классигімен қаламдас достары, әріптестері, қаламгер ағалары туралы сыр шерткенбіз. Сайын аға «бес тапал» жөнінде сүйсіне әңгімелеген еді. Одан кейін Қалихан Ысқақпен екі рет Қатонқарағайға жол түсті. Бірінде – Оралхан Бөкейдің 60 жылдығына барып қайттық, екіншісінде – өзінің 70 жылдығын туған жерінде атап өтті. Қалихан ағаның үйінде болып, Дәмеш апаның қолынан дәм таттық. Қаламгердің қара «мәшіңкесін» тырсылдатып, жазу жазып жатқанын талай көргенбіз. Сол жазу мәшіңкесінен қазақ әдебиетінің қоржынына қаншама көркем дүниелер қосылып еді. Қалихан ағамен әңгіме айту бір ғанибет. Алаш арыстарынан бастап, 60-70 жылдардағы әдебиетке ерекше тоқталатын еді. «Бес тапалдың» екеуінің де Әкім көкесіне құрметі бөлек-ті. «Келмес күндер елесі» осындай әдемі әсерден туған болар. «Қазақ әдебиетінің Әкіміне» айналған жазушы Әкім Тарази бүгінде сексеннің бесеуіне келді. Өткен күндерді, қимас сәттерді, бірге жүрген шақтарды сағынатыны рас. Әкім ағамен бірге біз де өткен ғасырдың 60-70 жылдарына қайта оралғандай болдық.

Рамазанды жылатып алғанымыз бар

«Сайын Мемлекеттік сыйлықты кеш алды» дейтіндер де бар. Шын мәнінде, Сайынға Мемсыйлық дер кезінде беріл­ді. Сол комиссияның құрамында өзім де болдым. Сондықтан көзі кеткеннен кейін сыртынан әңгіме айтудың тіптен қаже­ті жоқ. Сайын, Қалихан, Рамазан бәріміз ешкімнің сыртынан ғайбат айту дегенді білген жоқпыз. Не айтсақ та, бір-бірімізге ашық айтатын едік. Айтқанда да, қатты айтатынбыз. Бір-бірімізден міні­­мізді, кемшілігімізді жасырған жоқ­пыз. Сол үшін де біздің достығымыз ай­рық­ша болды. Бізді сыртымыздан «бес та­пал» дейтін. Өйтіп айтқандарына еш рен­жіген жоқпыз. «Бес тапал» дегеніміз – Сайын, Қалихан, Рамазан, Қабдеш және мен. Кейбіреулер біздің қатарымыз­ға Жұмекен мен Мұқағалиды да қосады. Жұмекен де, Мұқағали да ерекше құрмет тұтқан ағаларымыз болды. Жақсы сый­лас­тық. «Бес тапал» дегенде, күндіз-түні бірге жүрген достар едік. Бізді біріктірген шығармашылық деңгейіміз деп ойлай­мын. Қай-қайсымыз да әңгіме не повесть жазсақ, бірінші болып бір-бірімізге оқытуға тырысатынбыз. Барлығының шығармасын оқып, ұнатсам, ұнағанын айтамын, ұнатпасам, неге ұнамай қалға­нын тіке айтатын едім. Бір-бірімізді өті­рік мақтау болған жоқ. Рамазанды бір рет сынап-сынап, жылатып алғанымыз бар. Бізге ренжіп, Солтүстік мұзды мұхиттың жағасына кетіп қалды. Сол жақ­тан қай­тып келгеннен кейін Павло­дарда жүріп, «Солтүстік шұғыла­сын» жазды. Ол шы­ғар­маның ең алғашқы оқырманы да – мен. Қатты ұнаттым. Оны өзіне де айт­тым. Рамазанға «Алматыға қайт» де­дім. Солай ол елге, әдеби ортаға қайта орал­ды. Ал Қалиханмен көрші тұрдық. Көрші тұрған кезде де достығымыз, сыйлас­ты­ғымыз арта түспесе, кеміген жоқ. Бұл да Алланың берген бір шара­паты шығар.

Әдебиеттің есігін «Етікшімен» қақтым

Сайынды әдебиетке алып келген – Әбу Сәрсенбаев. Мені таныған – Ғабит Мүсі­репов. Онда Ғабең «Ара» журналы­ның редакторы болып қызмет атқарады. Ауыл­да жүргем. Бір күні «Етікші» деген әңгі­ме жаздым да, соны «Ара» журна­лы­ның редакциясына поштамен салып жібердім. «Етікшінің» жазылуы да қызық. Біз етікші шалмен көрші тұрдық. Үйден шығып, мектепке бара жатқан жолда етікшінің үйіне бір қарап өтемін. Бір күні әлгі етікші мені көріп: «Әй, Әкім, бері кел» деп шақырып алды. Бар­дым. Сәлем бердім. Етікші әңгіме­ле­сіп отырып, маған бір сырын айтты. «Үнемі 38 размер етік тігемін. Неге деп ойлай­сың?» деп, бетіме бір қарап алды да: «Се­бебі, бізді капиталистер қоршап ал­ған. Егер мен 39-40 размерлі етік тіксем, Кеңес Одағында адамдардың аяғы өсіп кеткен, күндіз-түні жұмыс істейді деп ойлайды. Ал егер 38-ден төмен болса, Кеңес Одағында адамдар жалқау, жұмыс істемейді, сосын аяқтары өспейді деп айтады» – дейді. 15 шақты етікті сөреге тізіп қойыпты. Үйге келгесін бәрін әкеме айтып беріп едім, «Қарағым, ол үйге неменеге барып жүрсің? Ол бір есі кіре­сілі-шығасылы адам ғой» деп қабағын шытты. Кейін ойласам, науқас адам тұрмақ, сау адамның да кеңестік санасы­ның озып кеткені шамалы екен ғой. Әлгі етік­ші шалдың айтқанына іштей бір күліп алдым да, сосын осы тақырыпты фель­етонға айналдырып, «Ара» жур­на­лы­­на салып жібердім. Көп ұзамай «пио­нер вожатый» ретінде балаларды Алма­ты­ға бастап апаруым керек болды. Бар­­дық. Бір күні жолда келе жатсам, сол жақтағы үйге көзім түскені. Сыртында әдемі жазу тұр: «Ара»-«Шмель». Ет өнер­кәсібі министрлігінің ғимараты екен. Министр – Костин. «Өзі ет өнер­кәсі­бі екен, министрі Костин болғаны қызық екен» деп, бір күліп алдық. «Ара» сол минис­трліктің 3-қабатында орналасып­ты. Ішке кірдім. Есікті тартып көріп едім, ашылмады. Теуіп көріп едім, ар жағынан: «Әй, бұл қайсың?» деген дауыс естілді. Келіс­ті келген ер азамат есікті ашты. Әбен Сатыбалдиев екен. «Шырағым, ашы­латын есік болады, ашылмайтын есік болады» деп, күліп алды да, «Қайдан кел­дің?» деп сұрады. «Шу ауданынан­мын» деп едім, «Сен әлгі Үртайдың бала­сысың ба?» деп сұрады. Әкемді тани­ды екен. Содан ол кісі мені жетектеп, Ғабең­нің алдына алып келді. Ол кісі өте маңғаз адам екен. Біз кіргенде жазу жазып жатты. Басын көтерген де жоқ. Біраз үнсіз күтіп отырдық. Сәлден соң ғана басын көтерді де: «Еее, сен, немене фельетонист боламын деп келдің бе?» деп сұрады. «Етікшіңді» оқып шықтым. Жақсы екен. Жұмысқа қабылдаңдар» деп, қасымдағы кісіге тапсырма берді. Содан әкеме қоңырау шалдым. «Әке, мені Ғабит Мүсірепов жұмысқа алайын деп жатыр» деп сұрап едім, әкем: «Қой, балам. Елге қайт» деп ұрсып сөйледі де, тұтқаны тастай салды. Екі күннен кейін Алматыға іздеп келді. Біреулер маған «әкең іздеп жүр» деп айтты. Әкем: «Қара­ғым, ауылға қайтамыз. Жайдан-жай Ғабит Мүсірепов жұмысқа алып, неғыл­сын. Хулигандардың қатарына қосылып кеткенсің ғой», – деп уайымын жеткізді. Сосын әкемді ертіп барып, Ғабеңмен таныстырдым. Ғабең оған қатты ұнады. Әбекең екеуі бір-бірін бұрыннан білетін адамдар болған соң, тіптен әм­пей-жәмпей болып кетті. Сөйтіп, Ғабең­­нің қарамағында екі жыл жұмыс істе­дім. Әкем ауырып қалғасын елге кеттім. Елге кеткеннен кейін де «Араға» жиі жазып тұрдым. Жазған шығар­ма­ла­рым да дер кезінде жарияланып тұрды.

Сайын мен Қалиханды өзім таптым

Ғабеңнің арқасында фельетонист болып жүріп, қысқа-қысқа әңгіме жаза бастадым. Жақсы ағаның қамқорлығы ерекше болды. Мұхтар Әуезовтің лекция­сы­на қатыса алмадым. Сыртынан қызы­ғып, құмартып жүретінмін. Ол кісі Мәс­кеу­де көп жүрді ғой… Ең үлкен өкінішім де осы болды: яғни, Мұқаңа көзі тірісінде жақын­дай алмағаным. Қол созса жетер­лік, жақын жерде тұрып, Әуезовке баты­лым жетіп, батып бара алмағаныма өкі­немін. Сәлем бере алмадым. Ол кісі­нің «Абайын» оқыдым. Айрықша қызы­ғып оқыдым. Ол кісімен бір Мәскеу­де жүр­дік. Бір күні тіпті «Москва» қонақүйінде ұшы­расып та қалдық. Онда «Крокодиль­ге» жазып жүретін кезім. Іссапармен келіп жүремін. Бір күні қонақүйге кіре бергенімде, іштен Мұхтар Әуезов шығып келеді екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі жаймен сыртқа шығып кетті. Ең қызығы, кешкісін сыртқа шығайын десем, ол кісі ішке кіріп келеді екен. Өзім біртүрлі сезі­ніп, ырым қылып, есіктегі қолы ти­ген жерді ұстадым. Толқып кеттім. Дәл қасын­да тұрып, батыл сәлем бере алмаға­ны­ма өкіндім. Бұл менің өмір бойғы арма­ным болып қалды. Әуезов қайтыс болғанда да, ВГИК-тің екі жылдық ки­но­­­сценарийлер курсында оқып жүр­гем. Жазушылар одағында кезекшілік атқа­руға келген Ғабең де Мәскеуде болатын. Мінезім қатты болғандықтан, әкем өлгенде де жылай алмағанмын. Кейін анам қайтыс болғанда да, жылай алма­дым. Неге екенін білмеймін. Ал Мұхтар Әуезов қайтқанда, өз-өзімнен жыладым. Қасымда ешкім жоқ. Жал­ғыз­бын. Мүм­кін, сол әсер еткен болар. Әлде жалғыз­дық­тың күйігі ме? Әлде әдебиет­тің киесі ме екен мені жылатқан? Сірә, екеуінің де себебі болар…
Ал «Литературная газетаға» фелье­то­нист болып жүргенімде, мақала жазып тұрдым. Бірақ орыс тілінен гөрі қазақ тілін­де жазғаным дұрыс деген шешімге кел­дім де, қазақша кітаптарды көп оқи бас­тадым. Әуелі Қалиханмен дос бол­дым. Кейін Сайын қосылды. Екеуінің де шығармаларын елде жүргенде көп оқи­тын­мын. Кейін Алматыға келгенде, еке­уін де өзім тауып алдым. Рамазанды да өзіміз таптық.
Бір қызығы, бұлар бір-бірін жақсы көргенімен, мен жоқта бір-бірін іздемей­тін еді. Қалихан бір күні маған: «Көке, жүр, Алтайға кеттік» деді. Сайынды бірге ала кеттік. Алтайды армансыз араладық. Қал­и­­ханның Алтайына сүйіндік, сүйсін­дік.
Арада бес-алты ай өткенде Сайын бізге: «Жүріңдер, менің туған жерімді ара­лайсыңдар» деп, Талдықорғанға шақырды. Содан кейін өзім туып-өскен өлкеге алып бардым. Әр сапарымыздан бір-бір шығарма туатын еді. Сайынның мені кейіпкер етіп, «Басында Үшқара­ның» деп жазатын сапары сол кез.
Ақан Нұрмановпен де етене жақын араластық. «Құланның ажалы» –аяқтал­май қалған шығарма. Қалиханға аяқтау керек деп, ұсыныс тастаған да өзім. Ақан орысшаға да, қазақшаға өте жүйрік болды. Шығармаларын да орыс тілін­де жазғаны – сондықтан. Ол Талды­қор­ған облысының Ақсу ауданында туғанымен, өскен жері – Торғай облысының Аман­гел­ді ауданы. Оны қазақша сөйлеткен – Қалихан. Ақан 34 жасында өмірден өтті. Бірінші бөлімі қазақша, екінші бөлі­мі орысша жазылған. Оны аяқтап шық­қан соң, Қалиханның: «Қолымда «Құлан­ның ажалы» қалды. Екінші бөлі­мін қазақшалап, үшінші бөлімін қысқа қайыруыма тура келді. Ақанның ойын таба алдым ба, таба алмадым ба, білмеймін… Амал жоқ, Ақанның өзі болса, басқалай аяқтар ма еді?», – деп жүргені сондықтан.
Ол жылдары тың игеру басталғаны белгілі. Солтүстік облыстардың көбінде қа­зақтар аз. Корреспондент болып жүр­ген­де ауыл-ауылды жиі аралаймыз. Сонда байқағаным, Павлодар облы­сы­ның 80 пайызы орыстілді болатын. Кей­бір совхоздарда қазақтар мүлдем жоқ. Оның себебі, тың игереміз деген желеу­мен Сібірден келімсектерді көп алып келді. Сол жылдардағы келеңсіздіктерді әдебиетте көрсетуге тырыстық. Ақанның да тақырыбы – Кейкі батыр. Ол жабық тақырыптардың бірі болатын. Оның сол жабық тақырыпқа баруының өзі – ерлік. Кеңестік цензура біздің де шығармаларды талай «қидалады». «Тасжарғаным» көп сыналды. Тіпті пьесамды сынағанына қарамай, сахнаға шығарған режиссерлер болды. Риза болдым. Біздің буынның ең үлкен қасіреті – осы. Кеңестік цензура­ның «қайшысына» ілініп, талай жақсы дүниелер қиылып кетті.

Мәскеуде білім алуыма Ғабең себепкер болды

Ғабең «Социалистік Қазақстанға» ауы­­сып кетті. Елден келгесін, сәлем бере­йін деп, Ғабеңе кіріп шықтым. Ол кісі мені көрді де: «Сен маған дұрыс кел­дің. Мәскеуге оқуға екі бала сұрап отыр. Біреуі орыс болсын деді. Екінші орынға өзің бар», – деді. Онда орысшаға жүйрікпін. Сонымен, киноға келуіме де Ғабең себепкер болды. Киногерлер одағы­ның екі жылдық курсына жіберген де сол кісі. 1960 жылы барып, 1962 жылы бітіріп қайттым. Қалихан менен кейін барды. Бізді кино саласына әкелген – Камал Смаилов. Үш фильмім бар. «Арман-атаманды» көретіндер әлі көп. Кино­ға келген кезде Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, бәрінің көзі тірі. Сұлтан Қожықовтың да жұл­дызды шағы. Барлығымыз қатар жүр­дік. Қызу, қайнаған ортада жүрдік. Қазақ киносының дәуірлеген, өркен­де­ген тұсында «Қазақфильмде» жұмыс істе­генімді мақтан тұтамын.


Кинематографистер одағын да бас­қар­­дым. Шәкен Айманов кеткеннен кейін үш жарым ай бос тұрды. Сол орын­ға мені Қонаев алып барды. Кино­дан қашып кеткен жоқпын. Киноның сюжеті бөлек, әдебиеттің сюжеті бөлек. Сол үшін өз еркіммен ол ортадан кеттім. Маған жазу керек болды. Көркем дүниеге ойыңды қысылмай айтуға болады. Ал киносценарийдің жөні бөлек. Сол себеп­ті де, әдебиетке оралуым керек деп шеш­тім. Әрі екі-үш томдық шығар­ма­лар­ды көп сынай бермейді. Үлкен шығармалар­ды қазір оқымайтын болды ғой. Шығар­ма­ларымның бәрін қайта оқып, өз-өзіме сын көзімен қарап отыратын қасиетім бар. Сайынды да, Қалиханды да, Қаб­деш­­ті де қайта оқимын. Сайынның әңгі­ме­лерін оқып отырып, ғажап күйге түсе­­мін. Оның таңдамалы­сын қолға алып: «Құдайым-ау, мына ғажаптың бәрін Сайын жазған ба?» деп таңқала­ты­ным бар. Балалық-жастық дәуірімізді, дәуір ғана емес, дәуренімізді ала кеткен ауылдың тіршілігі қандай керемет еді! Ауылдағы қарапайым адамдардың тағдырын көркем тілмен сөйлете білген Сайынның қаламының да құдіреті бар-ау… Адамды сүйе білу, кейіпкерін сүйе білу, түсіне білу нағыз жазушыға ғана тән қасиет деп ұғамын.
Сосын Қалиханды қолға аламын. Оған да ризашылығым басым. Ақыр соңын­да өз шығармаларымды оқимын. Оны да оқып отырып, астын сызып қояты­ным бар. Кез келген шығармама «дұшпанның» көзімен қараймын. Бұл шығарманы оқығанда өзгелер қалай қарайды деген ой тұрады. Сол себепті де, сын көзбен баға беруге тырысамын.
Біздің буын әдебиетке дайындықпен келді. Соның арқасы болар, олар әде­биет­ке жақсы шығармалар қосты. Әде­биеттің өркендегені де сондықтан. Алла­ға тәубе, өмірімде тек жақсы адам­дар жо­лықты. Қаламгер ағаларым да ерекше іні тұтты. Достыққа адал болдық. Ешқа­шан біреуге жағымпазда­нып та көргем жоқ. Осы мінезімді ұнат­қан болуы керек. Сын айтсам, сынымды көтерді. Ұнатсам, ұнатқанымды айттым. Жақсы сын жазу­шы­ға көмектеседі. Егер біз бір-бірімізді құр мақтай берсек, Сайын да, Қалихан да, Рамазан да жақсы жаза алмас еді. Бір-бірімізді өлтіре сынау арқылы өзіміз­ді түзедік. Жақсы жазуға тырыстық. Бұл біздің шығармашылығымызға көп әсерін тигізді. Қазір қазақ әдебиетінде Әкім Таразидің ерекше қолтаңбасы қалса, біріншіден, Алланың арқасы, екіншіден, Ғабит Мүсіреповке алғыс айтамын. Үшін­шіден, қанаттас, қаламдас доста­рым­­­ның арқасы. Қазір жазушыларға ақыл айтпаймын. Соңғы жылдары Жазу­шы­лар одағының жиынына да көп бармайтын болдым.

Жақсы шығарма қиындықта туады

Менің достарым әдебиеттің тарихын­да классик болып қалды. Олар – қазақ әдебиетінің төртінші буыны. Сайынды, Қалиханды, Рамазанды классик емес деуші табыла ма? Жұмекен мен Қадыр­дың классиктігіне кім таласады? Біздің буын – өте үлкен. Соның бір он бесі қазақ әдебиетінің классигі атанды. Мұқа­ғали­дың жасы үлкенірек, әдебиетке бұрын келсе де, біздің буынға кірді. Біз әде­биетке әдебиеттен келген жоқпыз. Біз елдің тұрмысын, қиындығын көріп кел­дік. Ал әдебиетке әдебиеттен кел­гендер іске жарамай қалды.
Бір кездері одаққа 50-60 адамды бірден қабылдады. Олардың бәрі журна­лис­тикадан келді. Журналистика­ның тілі бөлек бәрібір. Осы үшін Қалдарбек Найманбаевқа ренжіген кезім де болды. Кейін тағы біраз адамды қабылдады. Ол кездері «айлықты көбейту үшін адам санын артыратын». Қазір мүлдем көбейіп кетіп­ті. Қырғыз бен өзбек бізден асып кетті. Қай халық болса да, ең мықты де­ген­де, бес-алты жазушы болады. Ары асып кетсе, 20 адам болуы мүмкін. Журналистің жанры бөлек, жазушының жанры бөлек. Журналистерді де ерекше қадірлеймін. Күні-түні шапқылап жүре­ді. Жұмыстары оңай емес. Соңғы жыл­дары көп оқымайтын болдым. Про­заи­к­­тер тіптен жоқтың қасы. Жақсы шы­­ғарма көзіме түспеді. Ақындардың арасында бірен-саран мықты ақындар бар. Бірақ олардың бір кемшілігі – көпші­лігі бір тақырыпты шиырлап жүр. «Айым да сен, күнім де сен» дегеннен аса алмай­ды. Өлең жақсы, бірақ тақырыбы – жаңалық емес. Жақсы, қиын әдебиет халық, ел қиналған кезде туады. Бетін ары қылсын, қазақ әдебиеті дамуы үшін сөйту керек, бүйту керек деп айта алмай­мын. «Жақсы ақын болу үшін бақыт­сыз балалық керек» деген Қадырдың сөзі дұрыс. Дәл осы сөзді Хемэнгуэй де айтқан деседі.
«Тасжарғанды» бір жылда жаздым. Күніне екі беттен асырмаймын. Тапсырыспен шығарма жазғам жоқ. Өтініш айтып, тапсырма берсе, өздерің жазып алыңдар дейтінмін. Араласатын біздің буыннан ешкім қалмады. Қабдеш келіп тұрады Алматыдан. Достарымды сағынғанда шығармаларына үңілемін. Достарымның ешқайсысынан артық болған жоқпын, артық санамаймын да. Әр уақытта менің алдымда Сайын, Қалихан, Рамазан тұратыны анық. Мені жұбататын сол нәрсе. Жақсы шығарма – жанға жұбаныш. Көп оқимын. Көп түзеймін. Жалпы, жазу­шының басқадан еш айырмасы жоқ. Ол да көптің бірі. Бірақ жазушыны көптің бірі деп айта аласыз ба? Себебі, олар өз тазалығы үшін күресіп жүрген адам. Ең үлкен сот – өзі. Оны көбі мойындай бермейді.

P.S.
«Өзіммен өзім күндіз демей, түн демей, арпалысып жүріп өттім. Мен ешуақытта өзімді өзім жақсы көрген емеспін, ешуақытта өзімді өзім болдым, толдым деген емеспін. Мен күндіз жұртпен әңгімелесіп жүргенде, түнде ұйықтап жатқанда, тек әдебиет деген сайқал-сұлуды бағындырумен, сонымен күресумен, соның бір жымиған, беріле жымиған сәтін аңдып, соның соңынан аңдып жүрген адаммын» деп ағынан жарылған екен Әкім аға. Расында да солай. Ол әдебиетті өзінше бағындырды. Әдебиеттің Әкіміне айналды. Қаламгердің жары, жазушы-драматург Роза Мұқанова өзінің «Менің Таразиым» атты мақаласында: «Әкім Тарази жеңіл оқылатын суреткерге жатпайды. Тілі жатық, жеңіл оқылғанымен, ой астары, жер қыртысы сияқты түрлі-түсті қабаттың сырын аңғартады. Меніңше, өмірбаяны таяз, көргені мен түйгені аз адамнан суреткерлік шықпайды. Суреткер сүзгіден өткендей тазарып барып, сол тазару жолында талай бәле-жаладан, қауіп-қатерден, қиянаттардан сүрініп өтіп, сүрленген тұста, азапты жеңіп, не жеңілген тұста ғана суреткерлікке қол жеткізер» деп жазады. Жазушының адами болмысын, қадір-қасиетін көрсетіп отыр. Жазушы туралы жазушыдан асырып, ешкім жаза алмас, сірә! Не десек те, әдебиетіміздің Әкімі, қазақтың Әкімі аман болсын дейміз!

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*