ШӘКЕН ӘЛЕМІ ШАҚЫРАДЫ

133
0
Бөлісу:

Елімізде киноға деген ықылас жоғары. Ұмтылыс бар. Жыл сайын түсірілетін картиналардың саны артты. Мейлі, комедия көп бола берсін. Әйтеуір, қозғалыс бар. Кім не түсірсе де ол жерде режиссер жұмыс істейді, актер шеберлігін шыңдайды, камера қозғалады, түсірілім алаңында таспагерлер тыным таппайды. Мұның бәрі түптің түбінде сапамен тоғыса жатар. Әрине, мұндай еңбектің бағалануы үшін кинофестивальдер қажет-ақ. Жастар шығармашылығына дем беретін «Бастаудың» ізін ала Алматыда XIV Шәкен Айманов атындағы халықаралық кинофестиваль басталмақ. Алдымен ұйымдастырушылар шараның егжей-тегжейін кеңінен баян еткен. 

Бұған дейін «Шәкен жұлдыздары» деп аталып келген әйгілі фестиваль биыл атауын өзгерткен. Аты ауысқанымен заты сол қалпы. Он төрт жыл ішінде мол тәжірибе жиып, өзіндік қалыбына түскен шара – еліміздің мәдени-рухани өміріне біржола кірігіп, тыныс тапқан жобалар санатында.
Айманов атындағы фестивальге жыл сайын әлемнің әр түкпірінен кино саласы­ның сен тұр, мен атайын мамандары жина­ла­ды. Жиналады да Алматыны дүбірге бө­лей­ді. Дүбірге бөлейді де кино әлеміне сер­­­піліс сыйлайды. Бір орынға кептетілген сең­­ді қозғайды. Әрине, мұндай қуатты өзге­ріс әсіресе қазақ киносына да керек-ақ. Сон­­­­дықтан жобаның біз үшін орыны ерек­ше.
Фестиваль осыған дейін жастар шығар­ма­шылығын танытуға, дәріптеуге баса назар аудар­ған. Енді ол тар ауқымнан шығып, кең мас­ш­табқа құлаш сермеудің де реті келген сыңайлы. Ұйымдастырушылар осы ұста­ным­­ды негіз қылғандай. Фестиваль аясында отандық және шетелдік таңдаулы туын­ды­лар көрсетіледі. Сонымен қатар түрлі шығармашылық кездесу, конференция, дөңгелек үстел, шеберлік сағаттары ұйым­дасты­рылмақ. Ал ұйымдастырушылар фильм­дер бәйгеге түсетін конкурстық бағ­дарламаны үш бөлімге бөліп қарастырмақ. Үш бөлімге Шәкен Айманов картина­ларының атауы беріліп, айдар тағылған.
«Тоғысу» деп аталатын бөлімде көрер­мен­дер күллі әлемге танымал толық метрлі кино­ларды тамашалай алады. Ал «Атаме­кен» бөлімі – түркі халықтарының фильм­де­рін бәйгеге қосатын байқау. «Біз осында тұрамыз» – аты айтып тұрғандай қазақ­стан­дық туындылар сайысқа түсіп, олардың ара­сынан жүзден жүйрік шыққандарға «Құлагер» ұлттық сыйлығы берілмек.
– Мұндай кинофестивальдер халыққа аса қажет. Кино өнері – бірінші кезекте халық­тың еншісі. Бұл шараны жоғарғы дең­гей­де ұйымдастырып, атқарып шыға­ты­ны­мызға сенемін. Бұл фестиваль – қазақ кино­сының тарихына көз жүгіртіп, тамы­рына қан жүгіртетін айтулы жоба, – деп атап өтті фестиваль президенті Асанәлі Әшімов.
Ал кинофестиваль бас директоры, Қазақ­стан Кинематография одағының төра­ғасы Ермек Тұрсыновтың айтуынша, кино­герлердің қазіргі бар мақсаты – сапалы көрер­менді қайтару болуы тиіс.
– Саналы һәм сапалы көрерменді қайта оралтқымыз келеді. Кино – көрерменімен ғана кино. Біз оған қолындағы попкорнын ұмытып кететіндей дүние көрсетуіміз керек. Көрерменнің талғамына үстірт қарамай, біз онымен сапалы кино тілінде сөйлесуіміз абзал болмақ. Мен шынайы өнер деп айту­ға, бағалауға тұрарлық нағыз киноны мең­зеп тұрмын, – деді танымал режиссер.
Фестиваль конкурспен ғана шектел­мей­ді. Конкурстан тыс бағдарламаның да ау­қымы кең. Дүниежүзіне танымал кино­кар­тиналар мен халықаралық ки­но­­­фес­­ти­вал­дерде оза шапқан атақты туын­дылар да қазақстандық көрерменмен қауышады.
Жоба ұйымдастырушылары биыл фести­вальдің толымды жаңғыруды бастан кешіргенін, ребрендинг жасалғанын, атауы мен концепциясы қатар өзгергенін айтты. Осы жылы фестиваль қоржынына әлемнің 90 елінен 300-ге жуық өтінім келіп түссе, солар­дың 45-ке жуығы көрермендер мен қазы­лар алқасының сарабына салынбақшы. Қабыл­дау комиссиясының төрағасы, отан­дық киносыншы Олег Борецкийдің сөзін­ше, халықаралық бағдарламадағы бәйгеге қатысу үшін 53 картина сынға түс­кен. Қатаң сұрыптаудан соның 11-і ғана негізгі бағдар­ла­маға өтіп, көрермен мен қазылар наза­ры­на ілігу құрметіне ие болыпты. Енді қазақ­стан­дықтар коммер­ция­лық емес, шынайы өнердің қамын күйттеген Түркия, Иран, Перу, Оңтүстік Африка, Куба, Еуропа режис­­серлерінің фильмдерін тамашалай алады. Фестиваль 17-21 қараша аралығында өтеді деп жоспарлануда.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*