БАС ЖҮЛДЕ – «ЗАУР ТУРАЛЫ ХАТТАРДА»

126
0
Бөлісу:

Үш күн бойы жас режиссерлердің көңілін өрекпітіп, толқыныс пен ерекше сенімділік сыйлаған VII «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептер Халықаралық кинофестивалі де аяқталды. Шараға Еуропа мен Азияның дарынды жастары, ТМД елдерінің де жас режиссерлері белсене қатысқан болатын.

Бұған дейін жазған мақаламызда іріктеу комиссиясының қаншама картинаның ішінен таңдаулы 47 фильмді негізгі сайысқа өткізгенін хабарлаған едік. Белгілі режиссер, сценарист Иракли Квирикадзе төрағалық еткен қазылар алқасы ұзақ талқылау жасап, бәйгеден оза шапқан жастарға жүлдені мейлінші әділ үлестіруге тырысқан.
Бұл жолы байқаудың Гран-при жүлдесі ресейлік режиссер Адам Дунаевтың «Заур туралы хаттар» киносына берілді. Ал қазақ­стан­дық Данияр Әзімов қазылар алқасы­ның арнайы жүлдесімен марапат­талды. Ол фес­ти­валге «Әлем адамы» атты туындысын ұсын­ған болатын.
«Ер адам рөлін үздік сомдағаны үшін» жүлдесі – Ахмед Варлиге берілді. Түркия. «Кеше­гі қалдық».
«Әйел адам рөлін үздік сомдағаны үшін» – Эльмира Рахимжонова. Өзбекстан. «Ана».
«Үздік операторлық жұмыс» – Вахтанг Кхубитя. Ресей. «Айқай».
«Үздік сценарий» – Ийе Ким. Оңтүстік Корея. «Бірге барамыз».
Қазылар алқасының арнайы аталымы – Синье Кольэ. Германия. «Ашық аспандағы симфония».
Отандық кинематографияға қосқан үлесі және Қазақстанның жас кинематографис­те­рін өсіргені үшін жүлдесі танымал режиссер Дәрежан Өмірбаевқа берілді.
Ораз Әбішев атынан берілетін жүлде «Ата­кәсіп» деректі фильмінің режиссері Берік Жахановқа табысталды.
Сондай-ақ фестиваль аясында студенттік қазылар алқасы да жұмыс істеп, оған былтыр­ғы фестиваль жеңімпазы испаниялық Яго Веласко төрағалық жасаған еді. Олардың шеші­мімен қазақстандық жас режиссер Әлі­шер Жәдігеровтың «Отау» фильмі үздік деп танылды. Ал ерекше аталым – «Ақ қалампыр» картинасының авторы сингапурлік Тэнг Ван Синге бұйырды.
Биыл фестиваль аясында шығармашылық тұрғыдан пайдасы орасан бірқатар конфе­рен­ция, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Таны­мал қонақтар шеберлік сағаттарын өткі­зіп, тәжірибелерін ізденімпаз шәкірт­тер­мен бөлісті. Мәселен, негізгі қазылар алқа­сы­­ның мүшесі Эльвира Болгова Т.Жүргенов атын­дағы ҚазҰӨА студенттерімен кездессе, отан­дық режиссер Әділхан Ержанов «Тұран» уни­верситетінің тәлімгерлерімен ой бөлісіп, әңгі­мелесті. Кино әлеміне ынтық жастармен кез­дескен мықты шеберлер қатарында – «Мос­фильмнің» дыбыс режиссері Марина Ниг­матуллина, Карпенко-Карий атындағы украиндық университеттің ұстазы Евгений Фи­липпов, FESTAGENT платформасының координаторы Ольга Баженовалар да бар. Шара аясында «Кинематограф, медиасфера және әлеуметтік рухани жаңғырудағы ақпа­рат­тық қатерлер» тақырыбымен халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік конференция өтке­нін де айта кету керек.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*