ТЕАТР ҰЖЫМЫ НАРАЗЫ

185
0
Бөлісу:

Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының басшылығы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ұжымда орын алып отырған қаржылық қиындық туралы айтты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған жиыннан түйгеніміз – театр қызметкерлері директорынан бастап мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Соның кесірінен біраз қызметкер кетіп те қалған. «Оларды күшпен ұстап отыра алмаймыз» дейді басшылық. 

– Мемлекеттік органдардың жалақы­мыз­ды көтеруін, сол арқылы мәдениет қыз­мет­керлерін қолдауын сұраймыз, – деп бас­тады өз сөзін театрдың директоры және көр­кемдік жетекшісі Асқар Бөрібаев.
Ұжым жалақыны Үкіметтің 2015 жылы шы­ғарған қаулысы негізінде алып келе жатыр. Сол жылы академиялық театр мәр­те­бесіне орай қосымша үстеме ақы төленген. Бұл айырмашылық бюджеттен бөлінген. Бірін­ші кезекте театр ұжымы сол айырма­шы­лық қаражатты қайтадан төлеуді сұрайды. Қазір бұл театр республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып саналады. Екінші кезекте, осы мәртебені – коммер­ция­лық емес акционерлік қоғамға ауыстыруды қа­лай­ды. Бұл ретте директор «Астана Опе­раны» мысалға келтірді.
– Олар бірінші күннен бастап сондай заң­дық негізде жұмыс істеп келе жатыр. Олар­дың жалақысының нақты қанша екенін білмеймін. Бірақ біздегіден екі есе көп шығар деп шамалаймын. Біз де сондай жалақы алғы­­мыз келеді. Оған себеп жоқ емес. Биыл біз­дің театрға 85 жыл толды. Репертуарымыз өте бай. Шығармашылық ізденісті үнемі жетіл­­діріп, тың жаңалықтарға ұмтылып, іске асы­­рып отырамыз. Қаншама шетелдік гас­троль­дерге табысты барып келдік. Көрер­ме­німіз де көп. Әр спектакль сайын залдың 70 пайызы толады. Бұл – үлкен табыс, – дейді Асқар Исмайылұлы.
Директордың айтуынша, театр басшылы­ғы шайлыққа жетпейтін айлық туралы Мәде­ниет және спорт министрлігіне арнайы хат жолдап, хабардар еткен. Бірақ бұл мәселенің шешімі толыққанды аталған ведомствоға тіре­ліп тұрған жоқ дейді.
– Алдымен бұл мәселе Үкіметтен қолдау табуы тиіс. Бір министрлік шеше салмайды. Қар­жы министрлігі, Экономика министрлігі және Әділет министрлігі мақұлдауы керек. Кейін Парламенттің де талқысына түседі. Мәсе­­ленің байыбына баруға кем дегенде бір жыл­­дай уақыт кетеді. Келесі жылы Үкімет бұл шаруа­ны шешіп, театр қызметкерлерінің жа­ла­қысын жоғарылатады деп үміттенеміз, – дейді ол.
Қазіргі таңда театр қызметкерлеріне
1 мил­лиард теңге бөлінеді екен. Жалақы, салық, коммуналдық төлем, спектаклді қою мен гастрольдерге бару шығыны да осы қара­жат ішінен есептеледі. Еңбек төлемінің жыл­дық қоры – 683 миллион теңгеге тең. Дирек­тор «ешкімнен жасыратын құпиямыз жоқ» дей отыра қызметкерлердің нақты қан­ша алатынын да тізбелеп берді. Оның сөзінше, балет артисті – 76 000-141 000, кор­де­­балет артисті – 59 000-128 000, хор артис­ті – 63 000-137 000, гримерлік цех қыз­мет­кері – 46 000-107 000, костюм цехының жұмысшысы – 71 000-117 000 теңге аралығында, миманс артис­ті 50 мың теңгеге жуық жалақы алады.
Жалақының төмендігінен 13 артист қыз­мет­тен кеткен. Есесіне олардың орнын 14 жас маман басты. Жалақы төмен. Сондықтан артис­терді ұстап тұру оңай емес деген ұжым басшысы өзінің де айына қанша ақша ала­ты­нын айтты.
– Мен ай сайын 177 мың теңге аламын. Шыны керек, бұл қаражат маған жетпейді. Бірақ қосымша режиссерлік, продюсерлік, басқа да шығармашылық жұмыстар істеймін. Солардан аздап табыс түседі. Сөйтіп, қосып-шатып отбасымды асыраймын, – дейді.
85 жылдық тарихы бар, шынайы шығар­ма­­шылықты ту еткен ұжым қиындықтарға қара­мастан көрермендерін қуанта бермек. Биыл ұжым «Севильдік шаштараз» премье­ра­сын, «Дон Кихот» балетін көпшілік наза­ры­на ұсын­ды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*