«ИРАК АСПАНЫ АСТЫНДАҒЫ» МҰҢ

110
0
Бөлісу:

1992-1997 жылдары бітімгершіл күштеріміз Тәжікстанда болып, 43 сарбазымыз оққа ұшқан. Одан кейін Қазақстан қарулы күштері Ирак жеріндегі соғыстың салмағын жеңілдетуге атсалысты. 2003 жылы жат өлкеге аттанған әскерлеріміз 6 миллионнан астам минаны тазалап, қан майданға айналған аймақтың берекесін қайта кіргізуге елеулі үлес қосқан. Бірақ соғыстың аты соғыс. Сол жолы бітімгершілік батальонының капитаны Қайрат Құдабаев қапияда қаза тапқан. Тосын жайға күллі қазақ күңіренген. Батыр ұлдың бейбітшілік миссиясын атқарып жүріп ажал тырнағына іліккенін ойлап аһ ұрған. Ендігі міндет – оның рухын еске алу, дұға бағыштау, өскелең ұрпаққа батырдың батырлығын дәріптеу екенін анық түсінген. Мемлекеттік орталық музейде өткен «Ирак аспаны астында» атты көшпелі көрме де осынау оқиға себебімен ұйымдастырылды.

Шара ұйымдастырушылары – Польша Республикасының бас консулдығы мен Қайрат Құдабаевтың отбасы. Көрмеге Қорғаныс министрлігінің өкілдері, «ҚазБат» бітімгерлер жасағы да арнайы қатысты. Осы кеште Ирак елінде өткен операцияға қатысты тың фотосуреттер де көпшілікке тұңғыш рет көрсетілді. Бұл ретте өткен күндерден сыр шертетін ескі суреттерді жинаумен айналыс­қан марқұм капитанның отбасының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Көрмені аралап, сыр бүккен суреттермен терең танысқан жандар Ирактағы 6 жылдық арпалыс әлеміне бойлап, сарбаздардың етігімен су кешкен сәттерін көз және көңіл сарабына салады.
Иракта біздің жауынгерлер негізінен мина тазалаумен айналысқан. Жарты әлем запыранын төккен Ирак жерінен мина іздеу – жаныңды шүберекке түйіп тірлік қылған­мен пара-пар болар, сірә. Капитан Қайрат Құдабаев сондай сәттердің бірінде оқыс жағдайға ұшырап, қаза табады. Ол өзге жұрт еркін өмір сүрсін деп, жер бетіне бейбіт­шілік орнаса деген тілекті паш етіп жүріп көз жұмды. Әлбетте, батырдың жарқын бейнесі, ерлігі ел есінде сақталуы тиіс. Жыл сайын жаңғырып, жария болып отырса тағы артық емес.
Көрмеге келгендердің арасында Қайрат­тың достары, шетелдік әріптестері де бар. Қайраттың әруағын құрмет тұтқан польша­лық жауынгерлер Алматыға әдейілеп аяқ басыпты. 2004-2005 жылдары Иракта Поль­ша жасағын басқарған Ярослав Гут, бітім­гер­лік миссия ардагері Гжегож Брыш, майор Томаш Бишчактар да көрменің құрметті қонақтары қатарында.
– Соғыс қашанда қауіпке толы. Оқ пен от­тың арасында қалған сәттер де болды. Талай аты­стан да аман қалдық. Бір жолы күндіз қы­сылтаяң оқиғаға тап болдық. Екінші рет түн­гі колоннада жүрген кезде біздің ба­за­ны минометті миналармен атқылаған еді, – деп еске алады 28079 әскери бөлімі коман­ди­рінің орынбасары Асқар Смағұлов.

Бөлісу:

Пікір жазу


*